ЖЕР мен ТІЛ ТЕК ҚАЗАҚҚА ҒАНА КЕРЕК ПЕ?
2016 ж. 24 сәуір
3728
5
Жер саудасы мен қазақ тіліне келгенде әншейінде «қазақстандық патриотизм», «ұлттар мен ұлыстар достығы», «рухани келісім мен діни татулық», «ортақ отанымыз – Қазақстан!» деп ұрандататын қаптаған қоғамдық ұйымдар да, саясаткерлер де басқа әлемде өмір сүріп жатқандай жым-жырт...
Қазақ тілінің ресми орындардан лайықты орын ала алмай келе жатқан ауыр халіне соңғы айларда Үкімет мінберінен айтылған «үш тілді оқыту» деген қауіп тағы жығылғанға жұдырық болды. Физика, химия сынды күрделі пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз деген білім саласының басшылары қанша ақталғанмен бұл бастаманың ана тілімізге зор қатер төндіретінін жасыра алмады.
Қазақтың бір қайғысы тіл болса, жер тағдыры да алаң көңіл халықтың мазасын қашырып отыр. Былтыр жымысқы жолдармен тиісті заңға өздеріне қолайлы өзгерістер енгізіп алған билік, биыл шілдеден бастап ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылатын жерлерді аукцион арқылы саудаға шығармақ. Қаржы қиындығын сылтауратқан үкімет бүгінде «аукцион» деген дүниені сәнге айналдырды. Жыл басынан бері мемлекет меншігіндегі бар мүлік пен активтерді, тіпті, жер астындағы кен орындарына дейін аукцион арқылы сатып жатыр. Ендігі кезек жерге келіпті.
Әзірге жер сату идеясының бастамашысы ретінде ақпарат алаңында Ұлттық экономика министрлігі бой көрсетіп отыр. Бір есептен бұған да шүкір дейміз. Осы министрлік деңгейінде көтерілген бастамаға атқарушы билікке бағынбайтын парламент, конституциялық кеңес, сот органдары ләм-мим деуге жарамай отырғанда, бұл бастаманы Үкімет басшысы көтерсе қайтар едік деген ойға қаласыз.
Ерболат Досаевтың аузынан шыққан «1,7 млн гектар жер сатылады» деген әңгіме бүгінде ақпарат кеңістігін шулатып, саясаттанушылар мен қоғам белсенділерінің, зиялы қауым өкілдерінің сынына ілікті. Алайда, барлығының емес. Екшелген, халық алдында жүзі жарқын, ұстанымы айқын санаулы тұлғалар мен тек қазақ тілді БАҚ қана жер мен тіл тағдыры үшін шыр-пыр болуда. «Эксклюзив», 7news.kz сынды бірді-екілі орыс тілді ақпарат құралдарын қоспағанда, орыс тілінде хабар тарататын сандаған сайт пен санынан жаңылуға болатын саржағал газеттерден жер тағдырын сөз етіп, қазақ тіліне алаңдаушылық білдірген бір сөз таппайсыз. Петр Своик бастаған орыс тілді оппозиция серкелері де бұл мәселеге қатысты жақ ашпай отыр. Ашық қарсылық танытпаса да, бірнеше дүркін жарияланған ашық хаттар мен петицияларға да қол қоюға жарамады. Шырылдап жүргендердің дені – қазақ жігіттері мен қыздары. 31-арна, «Қазақ үні», «Абай», «Ұлт», «Азаттық» бастаған қазақшыл БАҚ қана.
Жер саудасы мен қазақ тіліне келгенде әншейінде «қазақстандық патриотизм», «ұлттар мен ұлыстар достығы», «рухани келісім мен діни татулық», «ортақ отанымыз – Қазақстан!» деп ұрандататын қаптаған қоғамдық ұйымдар да, саясаткерлер де басқа әлемде өмір сүріп жатқандай жым-жырт қалып отыр. Сол ұйымдар ең құрығанда ұрымтал сәтті қалт жібермей саяси ұпай жинауға пайдалана білген қарт коммунист Косарев құрлы болмады. Қазақ қашанғы әдетімен өз тілінде сөйлеп, өзінің мүддесін жақтасқандарды туғанындай бауырына басар еді ғой. Олай болмады. Қоғамның орыс тілді бөлігі өздерінің «Моя хата с краю, ничего не знаю» деген ұстанымдарын аңғартып қойды.
Осындайда Елбасының «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан!» деген сөзін еріксіз «Қазақстан бір ғана ұлтқа керек. Ол – қазақтар!» деген мағынада қабылдауға мәжбүр боласыз.
Жомарт Абдоллаұлы
«Қамшы»