МЕН ОЙЫНДАРДЫҢ ҚҰПИЯСЫН АШПАЙМЫН
2010 ж. 24 желтоқсан
2997
0
Анатөлі Қожекенұлы Құлназаров,
“2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың президенті:
30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтетін 7-қысқы Азия ойындары алдағы жылдың ең басты оқиғасы болмақ. Бұл Қазақстан үшін зор мәртебелі оқиға болатыны айтпаса да түсінікті болар. Еуразияның кең төрінде орын тепкен қазақ жерінде тұңғыш рет әлемдік деңгейдегі спорт додасы өткелі отыр. Бұл шын мәнінде тәуелсіздік алып, басқа әлем мемлекеттерімен терезесі тең болған Қазақстан үшін зор мәртебе. Азияның 45 мемлекетінің басын біріктіріп, туын желбірететін бұл додаға дайындық осыдан бірнеше жыл бұрын ақ басталып кетті. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” демекші, қазір Азия елдері арасында дәстүрге айналған осынау байрақты бәсекені өткізу үшін Қазақ елі оған жан-жақты дайындалып жатыр. Дайын асқа тік қасық демекші, Азиаданы тиісті деңгейде өткізу үшін атқарылып жатқан қыруар жұмыстарға күмән келтірушілердің қатары кемитін емес.
Сол себептен “2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың президенті Анатөлі Қожекенұлы Құлназаровпен кездесіп, еліміздің қысқы ойындарға дайындығы жөнінде әңгімелесіп қайтқан едік.
– Кез келген мемлекет әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізгенде қаржылай пайда табу жақтарын да қарастырып жатады. Ал сіздер бұл қысқы азия ойындарында қандай пайда көздеп отырсыздар? Миллиардтаған шығынның өтеуі қандай болмақ?
– Қандай да бір шара өткізілмесін, оның үстіне мұншама ірі көлемді қаржы құйылып жатқандықтан, соңғы мақсат - пайда табу екені айдан анық, жұмсалған қаражатты қайткенде де қайтару, мейлі бірнеше жылдар өтсін. 7-і қысқы Азия ойындарын өткізу - Қазақстан халқының маңдайына жазылған бақыт. Ең бастысы есте ұстайтын нәрсе мынау. Бұған дейін еліміз мұндай жоғары дәрежелі спорт додасын өткізіп көрмеген. Яғни қажетті тәжірибе жоқтың қасы. Алайда, көш жүре түзеледі демекші, мемлекеттік қазынадан жұмсалған әрбір теңгені, сайып келгенде, болашаққа жасалған инвестиция деп білу керек. Себебі, елімізде бұған дейін салынып көрмеген, оның үстіне ең соңғы әлемнің озық үлгідегі технологиясын қолдана отырып тұрғызылып жатқан ірі-ірі, заңғар спорт ғимараттары өскелең ұрпаққа қалмай ма? Біз Азиаданы өткізіп, қол қусырып отырып қалмаймыз ғой, сонымен қатар келешекте де Халықаралық деңгейдегі Чемпионаттар мен Кубоктарды өткізуге де жарап қаламыз. Өйткені, Азиадаға қарсы салынып жатқан қандай да болмасын ғимараттар халықаралық сертификациялаудан өтіп, барлық спорт Федерацияларының талаптарына сәйкес келеді.
– Алдын ала болжауларға жүгінсек, Азиада кезінде елімізге келетін әрбір шетелдік турист кем дегенде 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақша жұмсайтын көрінеді. Бұл жолақылары мен Азиадаға қатысты шығындарды есептемегеннің өзінде. Сөйтіп санай беріңіз, елімізге кем дегенде 10 мың шетел азаматтары және 5 мыңдай ресми делегация өкілдері келеді деп болжасақ, 20 млн АҚШ долларынан асатындай экономикалық пайда табуымыз керек.
– Жарыстың ашылу, жабылу салтанаттарының сценарийі қандай және режиссері кім? Сырттан келген қонақтар қандай елге келгенін сезіне алатындай ма?
– 7-қысқы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты Астана қаласындағы Жабық футбол стадионында өтеді. «Астана-Арена» стадионы – Еуропадағы жоғары класты бес стадионның бірі, оның жылжымалы шатыры, итальяндық шөп төсемесі бар алаңы және әлемдік деңгейдегі матчтар мен концерттерді өткізуге шақталған басқа да ғимараттардың инфрақұрылымын қамтиды. Астаналық стадион шатыры 20 минутқа ашылып, қайта жабылатын әлемдегі алты стадионның бірі. Бұл тек біздің еліміздегі ғана емес, сондай-ақ Орталық Азиядағы брендтік стадион болып саналады. Біздің стадион Азиаданың ашылу салтанатын жоғары деңгейде өткізіп, мәртебелі меймандарды қабылдауға толық жарайды.
Ойындардың ашылу салтанаты Ресейдің халық әртісі Игорь Крутой басшылық ететін халықаралық режиссерлік-қоюшы топқа сеніп тапсырылды. Оның құрамында ресейліктер де, ағылшындар да, австралиялықтар да бар. Ашылу салтанатының бас режиссері Алексей Сеченов «Муз-ТВ» телеарнасының жүлдесін тапсыру салтанатын қоюымен танымал. Астана қаласы әкімдігінің күш салуының арқасында Игорь Крутойдың қоюшы тобының командасы өздерімен бірге қазақстандық мамандар да жұмыс істейді деп принципті түрде келісім берді. Азиаданың ашылу салтанатына музыканы ең үздік отандық композиторлардың бірі Ринат Гайсин жазып береді, бұқаралық би көріністерін Қазақстан Республикасының құрметті мәдениет қайраткері Станислав Михлин қояды.
7-қысқы Азия ойындарының ресми жабылу салтанаты 2011 жылғы 6 ақпанда Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайында өткізіледі.
Мен Ойындардың ашылу және жабылу салтанатының құпиясын ашпаймын. Бірақ бұл ұлттық нақышта, Қазақстанның тарихынан сыр шертетін технологиялық шоу болмақ. Мәскеуліктер бірнеше рет келіп, ұйымдастырумен және декорацияны орнатумен байланысты сұрақтарды шешіп кетті. Азиадаға арнап алаңды арнайы пластикалық төсемемен жабады, оған сахна мен Олимпиадалық алау орнатылады. Алауды тұтату тікелей ашылу салтанатында жүргізілетін болады. Стадионның жанына мұз айдыны төселіп, мұз қалашығы тұрғызылатын болады.
Қорыта айтқанда, Азиаданы өткізгеннен ұтпасақ, ұтылып, намысты қолдан берейін деп тұрған біз жоқ.
– Әдетте қысқы ойындар өтетін қалаларда түтін, газ сияқты зиянды қалдықтарды азайту жағын қарастырушы еді. Сіздер осы жағына қалай көңіл бөліп отырсыздар? (Астанада не болмаса Алматыда түтіннің азайғанын немесе жалпы экологияның жақсарғанын көрген жоқпыз, осы мақсатта атқарылып жатқан іс шараларды естіген жоқпыз)
– Алдымен әділдік үшін айта кетейін, Алматыда шынымен де, көлік пен өндіріс кәсіпорындарының көп шоғырлануы салдарынан экологиялық мәселелердің орын алатыны рас. Алайда, Астанада ондай мәселе туындап отырған жоқ. Сарыарқаның кең төрінде қоныс тепкен жас қала жан-жақтан табиғи түрде желдетіліп тұрады. Астананы Алматы секілді қоршаған тау да жоқ қой. Халқының саны 1 млн-ға да жетпейтін Астананың ауасы әлем елордаларының арасындағы ең тазаларының бірі десем қателеспегендік болар деймін. Өзіңіз де келісетін боларсыз. Ал Алматыға келетін болсақ, жағдай былай. Өзім эколог маман болмасам да, қисыны келгенде айта кетейін. Азия ойындары ақпан айында, яғни қыстың нағыз кезінде өтетінін естен шығармаңыз. Ал Алматының және оны қоршаған Алатаудың ауасы бұл кезде ерекше. Егерде біз жазғы Азиада ойындарын қабылдап жатсақ, онда әңгіме басқаша болар еді. Аптап тұрған ыстық шын мәнінде де айтарлықтай қолайсыздықтар туғызар еді. Бірақ, қазір әңгіме қысқы Азиада ойындары туралы болғандықтан, бұл мәселе өзекті емес.
– Экотехнологиялармен жабдықтау, экокөлікпен және экотағамдармен қамтамасыз ету жағын айтып берсеңіз? Қыстың өзіндік ерекше көгалдандыру жұмыстары (мысалыға шыршалар отырғызу сияқты) туралы айтып берсеңіз?
– Бүгінгі таңда спорт нысандарының көбісінде құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталып бітуге жақын. «Дайын асқа тік қасық» демекші, атқарылып жатқан қыруар жұмысқа сырттан сын айтушылар аз емес. Алайда сол іске маңдай терін төгіп жұмыс жасап жатқандардың ерен еңбегі еленбей келе жатқаны қынжылтады. Байқап қараңыздаршы, аз ғана уақыттың ішінде Алматы мен Астанада бұған дейін армандап та көрмеген бірнеше алып спорт ғимараттары салынуда. Олардың арасында Астанадағы футбол және коньки тебу стадиондары, велотрек бар. «Қазақстан» спорт кешені болса, күрделі жөндеуден өтуде.
Ал Алматыдағы іргетасы көтеріліп жатқан шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені мен Талғар тауларының қойнында тұрғызылып жатқан шаңғы және биатлон стадиондарының кешені ше? Бұл екеуі еліміздің бұрын-соңды болып көрмеген спортшылар мен жанкүйерлердің басын біріктіретін алпауыт кешендер емес пе. Шаңғышылар мен коньки спортының жанкүйерлерінің сүйікті жеріне айналған «Шымбұлақ» пен «Медеу» мұз айдыны араға көп жылдар салып күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ол да болса үлкен қуаныш. Сіздің сұрағыңызға жауап ретінде айта кетейін. Елбасының сындарлы саясаты, тікелей қатысуы арқасында, спорт нысандарын халықаралық талаптарға толық сай етіп тез арада салып біту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.
Айтып өткен жөн, күрделі спорт нысандарын жобалау жұмысына француз архитекторы Поль Андре мен Халықаралық Олимпиада комитетінің мамандары тартылды. Сонымен қатар Астанадағы коньки тебу стадионының құрылысына Турцияның Sembol, Голландияның Baukens компаниялары бірлесе жұмыс істеуге шақырылды. Шаңғы-биатлон стадионын жобалау ісіне Швейцарияның беделді компанияларының бірі J.de Heer Consulting тартылып отыр. Осы және неміс, француз компаниялары сонымен бірге К-95 және К-125 шаңғы трамплиндерінің халықаралдық кешенін жобалау ісіне де ат салысты. Қысқы Азиада өтетін барлық дерлік нысандарда спорт саймандары мен жабдықтарын шығарушы беделді голландиялық, неміс және финляндиялық компанияларда жасалған осы заманғы құрал-жабдықтар мен технологиялар пайдалануда.
Ал көлік мәселесіне келер болсақ, Азиаданы өткізу барысында спортшыларға, ресми делегацияға, журналистерге, төрешілер мен жаттықтырушыларға қызмет ету мақсатында 4 категорияға бөлінетін 600-ге тарта ең соңғы үлгідегі заманауи автокөліктер тартылатын болады. «Табаған» мен «Шымбұлақ» сынды жетуі қиындық тудыратын нысандарға жүріп өту мүмкіндігі жоғары көліктер тартылып отыр. Халықаралық Олимпиада комитеті мен Азияның Олимпиада Кеңесінің Президенттері үшін арнайы 2 лимузин мен жоғары мәртебелі қонақтарды қарсы алу үшін 205 жеңіл автокөлік бөлінбекші.
– Жол кептелістеріне қарсы қандай шаралар жоспарлап отырсыздар?
– Байқаған боларсыздар, Астанада желтоқсанның 1-2 аралығында өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қарсы қалада алдын-ала автокөліктерді тіркеу жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл шара Азиаданы өткізу кезінде де қолданылатын болады деп ойлаймын. Бұл мәселелерді қазір Ішкі істер министрлігі мықтап қолға алуда. Жақын арада Астана мен Алматы қалалары бойынша спорт жарыстары өтетін әрбір нысан мен Ойындарға қатысушылардың тұратын жерлеріне дейін жол жүру кестелері мен олардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған арнайы Жоба қабылданып, бекітілетін болады. Қайткен күнде де Азиада кезінде ешқандай да төтенше жағдайларды болдырмау үшін қолдан келгеннің барлығы жасалатын болады.
– Мемлекеттік әнұранды барлық спортшылар, жаттықтырушылар және ұйымдастырушылар, еріктілер жатқа біледі деп ойлайсыз ба?
- Ұйымдастырушы комитеттің қызмткерлері, еріктілер, спортшылар мен олардың жаттықтырушылары арасында нақты әнұранды жатқа мынау біледі, ал мынау білмейді деп кесіп айту қиын. Әрине, түсінем, әнұранды жатқа білу әр азаматтың борышы шығар, бірақ оны күштеп жаттатуға тағы да болмайды емес пе.
– Ұйымдастырушылар мен еріктілердің мемлекеттік тілді білуін талап етіп отырсыздар ма және олар қаншалықты деңгейде біледі?
– Қайтадан айта кетейін, Қазақстанда қысқы Азия ойындарын өткізу кезінде біз жұмысқа тартқан өз ісінің білікті мамандары деген азаматтарды жынысына, нәсіліне, ұлтына немесе мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін ескеріп алған жоқпыз. Олай шектеу қоюға құқығымыз да, мүмкіндігіміз де жоқ. Егер де ол өз саласының білікті маманы бола тұрып, мемлекеттік тілді дұрыс меңгермеген орыс ұлтының азаматы болса ше, мысалға, біз оған не деп шектеу қоюымыз керек, адам құқығына нұқсан келмей ме? Ондай талаптарды жұмыс барысында біртіндеп қоюға болатын шығар, бірақ бірден алғышарт ретінде тұрған жоқ. Ал егер де жұмысқа тартылған маман немесе ерікті мемлекеттік тілді жетік меңгерген болса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
– Іс-шаралар, жарыстар қанша тілдерде жүргізіледі? Қазақстанның мемлекеттік тілі орыс тілі екен деп шатастырмас үшін орыс тілін алып тастауға болмай ма? Азиядаға келетін қонақтар онсыз да түсінбейді. Мемлекеттік тілде және ағылшын тілінде жүргізу барлық жағынан тиімді екенін мойындайсыз ба? Тәуелсіз ел емеспіз бе?
– Ойыңызды түсіндім. Әрине, Егеменді ел тұрғысынан алғанда қазақ және ағылшын тілінде ғана жүргізген орынды болар еді. Алайда, Азиаданы отандастарымыз үшін де өткізіп жатқанымызды ұмытпаған абзал болар. Ал Қазақстанда жүзге жуық этностар мекендейтінін және олардың барлығы мемлекеттік тілді қажетті деңгейде меңгермегенін ескерсек, онда бізді бауырлас халықтар түсінбей қалуы мүмкін. Ойламаңыз, мен біреуге жалтақтап отырғаным жоқ, нақты жағдайдың анық-қанығын түсіндіруге тырысып отырмын. Бір мезетте орыс тілін қарым-қатынастан алып тастау мүмкін емес қой. Оған бүкіл халық дайын болуы қажет. Мәселе осыда секілді.
– Бұл жауапты іс-шарада шетелдіктерге Қазақстанды қазақтардың елі ретінде ме әлде әлем ұлттарының, діндерінің тату тұрып жатқан елі ретінде ме танытуды көздеп отырсыздар?
– Шынтуайтына келгенде, Қазақстанды өзіндік қайталанбас ерекшелігі, көне заманнан келе жатқан әбден қалыптасқан мәдениеті, тарихы, тілі бар ел ретінде таныстыруды басты мақсат екені рас. Ал сонымен қатар, Қазақстан көштен қалмай озық технологияларды қолдана дамып келе жатқан, келешекке зор үмітпен қарап отырған мемлекеттердің бірі ретінде таныстыру да басты идея екенін де естен шығармадық. Шетелден келген қонақтар Қазақстан туралы мейлінше мол ақпарат алып кетсе деген арман кеудені кернеп жатыр.
– Бұл шараны несімен есте қалатындай және тарихта қандай ерекшелігімен қалдыруға әрекет жасап жатырсыздар?
– 7-қысқы Азия ойындарын қабылдаушы жақ, яғни қожайын біз болғаннан кейін спорт додасының салтанатты ашылу және жабылу рәсімдерінде міндетті түрде кең байтақ даланы мекендеп жатқан көшпенді қазақ елінің тарихына, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынан сыр шертетін сахналандырылған көріністер көп орын алатынын айта кеткен жөн. Өздеріңізге белгілі, спорт ойындарын қабылдайтын әрбір ел өзінің ұлттық болмысын, ерекшелігін нақышына келтіріп барлық жамағатқа паш еткізіп қалғысы келеді, ол түсінікті де. Мұндай жоғары деңгейдегі спорт шарасын өткізу әрбір елдің бағына жазыла бермеген, қолынан келе бермейді де. Сол себептен де, ондай мүмкіндікке қол жеткізген қандай да бір ел өзін бүкіл әлемге таныстырып, молынан танымал болғысы келіп тырысып-бағатыны тағы да рас. Ол заңды да. Неғұрлым жақсы жағынан жарнамаланған ел өзіне болашақта көптеген туристерді тартпай ма, яғни елдің қазынасына мол қаржы құйылады деген сөз. Сонымен қатар, Азиада ойындарына қарсы бір ғана Астана мен Алматы емес, барлық облыс орталықтары безендірілетін болады. Жер-жерлерде Азиадаға шақыратын ұлттық ою-өрнектермен нақышталған ұрандар желбіреп, билбордтар ілінетін болады. Мұның бәрі еліміздің ұлттық болмыс-сипатын бүкіл әлемге таныту, паш ету.
– Ақпараттық технологиялармен қамтамасыз ету қалай болмақ?
– Біз халықаралық тәжірибе қабылдаған жолды таңдадық, сол себепті кәсіби компания – хост хабар таратушымен шарт жасастық. Хост хабар таратушы – оқиға өткізіліп жатқан орыннан телевизиялық немесе радиосигнал жүргізетін ұйым. 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын теледидар экранынан қалай болады деп елестеткіңіз келсе, Азиаданың символымен Ванкуверде өткен Олимпиаданың көрсетілімін еске түсірсеңіз болғаны. Біз барлық жарыстарды тікелей эфир арқылы тарататын боламыз, тек шаңғыда бағдарлау жарысы ғана ерекшелігіне қарай таспаға түсіріліп беріледі. Байланыс және ақпарат министрлігі ұлттық хабар таратушы ретінде «Хабар» телекомпаниясын тағайындады. Олар «Қазақстан» ұлттық телеарнасымен ынтымақтаса отырып, хабар таратады.
Жарыстың нәтижелерімен жұмыс істеу үшін оларды арнайы жазу және жинау жүйесі дайындалады. Бұған Азия Олимпиадалық Кеңесінің ұсынысы бойынша SICC (Ssangyong Information & Communications Corporation) және SWING TIMING тәжірибелі компаниялары тартылды. Олар хост хабар таратушымен бірлесіп, мәліметтерді тікелей эфир арқылы және комментаторларға беріп отырады. Барлық жарыстардан ең қызықты сәттерді қайталап көрсету үшін баяу көрсететін жоғары жылдамдықты камералар (Slow motion) және баяу көрсететін супер жылдамдықты камералар (Super slow motion) қарастырылды.
Бұдан басқа, қосымша телевизиялық графика да іске қосылатын болады, бұл, мәселен, хоккей матчтарын көрсеткен кезде орынды болады.
– Қонақтарды діни ғибадатханалармен жабдықтау мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Азия құрлығындағы 45 мемлекеттің денін мұсылман ағайындар құрайтынын ескерсек, олардың арасында Исламның қағидаларын ұстанып, тәулігіне 5 рет намазға жығылатындары қаншама. Оның барлығын ұйымдастырушылар ескеріп отыр. Барлық қонақ үйлерде дін жолында жүргендерге ыңғайлы болу үшін намазға жығылатын, сауығып-дем алатын арнайы бөлмелер қарастырылған. Қазақстанда халал индустриясы жақсы дамып келе жатқаны белгілі. Алланың атын айтып сойылған малдың етін жегісі келетін мұсылман бауырлардың саны күн санап бізде де артып келеді. Ал, шариғатпен жүретін Кувейт, Иран, Ирак, Ауғанстан сынды елдерден келген мұсылман бауырларға деген көңіл мен жауапкершіліктің ерекше болуы керектігін сезініп, қолымыздан келгенше тырысамыз деп уәде берем. Егер де ресми деректерге жүгінсек, бір ғана Қазақстанда халал индустрисында 500-ге тарта тауар өндірушілер еңбек етіп жатыр, солардың барлығы керек болған жағдайда осы ойындарға тартылатындығында күмән жоқ. Сөйтіп, экологиялық талаптарға сай келетіндей ас мәзірі, тағы да басқа мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр.
– Қазақстанның имиджін қай қырынан көтеруді жоспарлап жатырсыздар?
– Жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, елімізде бұл тұңғыш рет мұншама шетелдің басын біріктіріп ұйымдастырылып отырған спорт додасы болмақ. Сондықтан, біздің мақсатымыз Қазақстанды алдымен жан-жақты жарнамалап, бүкіл әлемге паш ету, таныстыру. Бір сөзбен айтқанда, имиджге жұмыс стейміз. Еліміз неғұрлым молынан танылуы тиіс, болашаққа жұмыс істейміз. Еліміздің бұл бір ғана спорт емес, сонымен қатар туристік саласын мықтап дамытудың ең басты кепілі деп білемін.
– Қысқы Азия ойындары өтетін нысандарда қашан, қандай тесттік турнирлер өтеді?
– Негізгі ойындар кезінде орын алуы мүмкін олқылықтар мен кемшіліктерді болдырмай, алдын алу мақсатында сынақтық жарыстар өткізу халықаралық тәжірибеде бар. Спорт нысандарының қаншалықты дайындығын, төрешілер ұжымының құрамын, спорт түрлері бойынша қызмет көрсететін мамандар, ойындарды өткізу кезінде тартылатын қызметтердің өзара ықпалдасу деңгейін тексеру және тағы басқа мәселелерді Азиада басталмай тұрып толық шешіп алуымыз керек. Сол себептен де сынақтық ойындар спорт нысандарының құрылысы немесе күрделі жөндеу аяқталып болғаннан кейін бірден өткізілетін болады. Жарыстар Ойындардың бағдарламасы шеңберінде өтеді. Олар Қазақстан Республикасының ашық Чемпионаты немесе кубогы түрінде өтуі мүмкін.
Мысалға қыркүйектің 23-25 аралығында Алматыдағы халықаралық тұғырдан секіру кешенінде алғашқы тестілік жарыстар өтті, ал қарашаның 9-12-сі аралығында Астанадағы республикалық велотректе шорт-тректен алғашқы тестілік жарыстар өткізілетін болады.
– Қысқы Азия ойындарын өткізетін ел әрдайым бір ойын түрімен толықтырып жатады. Сіздер бэнди (допты хоккей) деген ойынды қосыпсыздар. Бұл ойынның түрін елдігімізбен қалай түсіндіре аласыз?
– Қазақстан 7 қысқы Азия ойындарының қожайыны ретінде шаңғымен спорттық бағдарлау мен бенди спорт түрлерін бағдарламаға енгізуді ұсынған болатын. Оның да өз себептері жоқ емес. Қазақстанның бендиден құрамасы әлемнің ең үздік төрттігіне еніп отыр. Бір өкініштісі, Кеңестер дәуірінде мықты дамыған бұл спорт түрі соңғы кездері кенжелеп қалды. Бізде Оралдағы «Ақжайық» командасынан басқа ешкім де қалған жоқ. Азиада кезінде Монғолия, Қытай, Қырғызстан секілді қарсыластарымыздың дайындығы бір саты төмен. Оның үстіне біздің құрама ресейлік 4-5 легионерлермен толықтырылатын болады. Сол себептен де біз Азиадада спорттың бұл түрінен тек қана алтын алуға мүдделіміз.
Бенди ресми түрде олимпиадалық спорт түрі болып танылды, алайда әлі күнге дейін бағдарламаға енгізілмей келеді. Сол себептен де, біз допты хоккейге жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек шығар деген ұйғарыммен Азиаданың бағдарламасына енгізіп отырмыз.
– Уақыт бөліп жауап бергеніңізге көп рахмет.
Фазылбек Әбсаттарұлы