Бастауыш сынып оқушыларын бірден үш тілде оқыту мүмкін бе?
2016 ж. 22 сәуір
5961
3
Жаңа оқу жылында болатын өзгерістер ата-аналарды әбігерге салды. Бірі "әріпті жаңа танып жатқан бала, ағылшын тілінде қалай оқып кетеді?" десе, енді біреулері "білім жүйесін дұрыстасын" деп хат жазып әлек.
Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова Керек-инфо тілшісіне өзгеріс туралы жан-жақты түсіндіріп берді.
Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, 2016 жылы 1 қыркүйектен бастап бірінші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнымен оқытылады. Жалпы үштілде оқыту бағдарламасы бойынша сегіз мектеп пен мектепке дейінгі мекемелерде сабақ өтіп жатыр. Жаратылыстану, математика пәндерін ағылшын тілінде оқыту бойынша тәжірибеден өту үстінде.
Яғни, барлық класқа бірдей оқытылып жатқан жоқ. Жалпы білім беретін мектептерде сабақты үш тілде оқыту 2017 жылы енгізіледі. Оған дейін дайындық жүргізіледі. Ал, Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейі мен №21 мектеп-гимназия он жылдан бері үш тілде дәріс беріп келеді.
- Бірінші сыныпқа тек орыс тілі мен қазақ тілі пән ретінде енгізіледі. Дүниетану, бейнелеу, математика- қай тілде оқытылып жатыр, сол тілде оқытылатын болады. Бастауыш сынып оқушыларын бірден үш тілде оқып кету мүмкін емес. Орта буынға барған кезде ғана үш тілде оқытыла бастайды. Қазір арнайы бағдарлама үшін үш мыңнан астам мұғалім даярлық курсынан өтіп жатыр. Бұған дейін жаңа стандартқа сай мектептер тәжірибеден өткізілді.Оқулыққа да өзгеріс енгізіледі, - дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.
Білім мамандары бағалау жүйесі де өзгеретінін айтты. Осы уақытқа дейін "5", "4" деген баға қойылып келсе, енді он балдық жүйемен бағаланады. Сол балдар тоқсан аяғында есептеліп, оқушының оқу үлгерімі анықталады.
Гүлжан Құлыбекова кейбір ата-аналар үш тілде оқыту дегенді толық түсінбей жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бірінші сыныпта ағылшын тілі сол баяғысынша аптасына бір рет өткізіледі. Қазақ тілі пәнінің сағаты қысқармайды. Ал, жоғары сыныптарда пәндер біртіндеп қазақ, орыс, ағылшын тіліне көшеді.
- Мысалы, Қазақстан тарихы пәнін қазақ класы да, орыс класы да қазақ тілінде оқиды. Әр азамат өз елінің тарихын қазақша жеткізе алуы керек. Дүниежүзі тарихы тек орыс тілінде оқытылады. Жаратылыстану пәндері біртіндеп ағылшын терминдерімен оқытыла бастайды. Бұл болашақта қолға алынатын жоспар. Мұның бәрі уақыт талабы. Қазір балалар шет тілдерін ақылы оқып жүр. Олар мектеп бітіріп шыққанда, қай жерге барса да, ағылшын тілін біліп, сол тілде қиналмай емтихан тапсыра алатындай дәрежеге жету керек. Әлемдік тәжірибені үйрену үшін тіл білу керек, - дейді Гүлжан Құлыбекова.
Соынмен қатар, қыркүйекке дейін сағат санына байланысты да өзгерістер болуы мүмкін. Білім басқармасы ата-аналарға өзгерістер жайлы алдын-ала ескертеміз деп отыр. Бір белгілісі, жаңа бағдарламаға сәйкес оқулықтар бірінші сыныптар үшін тегін беріледі.
Үш тілде білім беру жүйесіне қатысты 52 жыл ұстаздық қызмет атқарған Нағашыбай Ердәулетовтің өзіндік пікірі бар. Ардагер ұстаз жалпы білім саласындағы өзгерістерге қарсы екендігін айтты.
- Оқу-инемен құдық қазғандай. Оқу да, оқыту да оңай емес. Бастысы-оқушылардың неше күн оқығандығында емес, білімнің сапасында. Ол үшін ең алдымен, оқыту бағдарламасын дұрыстау керек. Осыны биліктегілер ескергенін қалаймын. Оқушылардың жағдайын тек мектепте тәжірибеден өткен ұстаз ғана біледі, - деді Нағашыбай Ердәулетов.
Дереккөз: Нұр.кз