АСПАННАН ШҰҒА ЖАУҒАН КҮН
2010 ж. 24 желтоқсан
2822
0
Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Олардың қатарында Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-гуманитарлық дамуындағы аса үздiк жетістіктерi, мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі үшiн Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Еркеғали Рахмадиевке берiлдi.
«Отан» орденімен академик Салық Зиманов пен жазушы Әзілхан Нұршайықов марапатталды. ІІІ дәрежелі «Барыс» орденіне Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім меңгерушісі К.М.Байпақов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Т.И.Есполов, «Орталық қалалық клиникалық аурухана» МКК директоры Е.Б.Тәжиев ие болды.
«Парасат» орденіне ие болғандардың ішінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ бас директоры С.Қ.Ақшолақов, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Ш.К.Беркімбаева, Қостанай облысының Әулиекөл ауданы «Агрофирма «Диевская» ЖШС бас директоры О.В.Даниленко, «Қазақ әуендері» АҚ «Қазақконцерт» концерттік бірлестігі» филиалының директоры А.Қоразбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры М.Мырзахметұлы, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы Н.Оразалин, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының актрисасы Н.Мышбаева және басқалар бар.
I дәрежелі «Достық» орденімен наградталғандар арасында белгілі ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиев, академик Төрегелді Шарманов бар. ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Қ.Қожамьяров атындағы республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі Ахметжан Қадыров, Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Валерия Крымская марапатталды.
Бұдан басқада көптеген сыйлықтар үлестіріліп, ел мен жеріне еселі еңбек еткендер төккен терінің жемісін көрді. Десе де, «аспаннан шұға жауса да құлға ұлтарақтық бұйырмапты» деушілер де табылды.
Сөйтіп, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мәдениет, өндіріс пен әлеуметтік саланың 72 көрнекті өкіліне беріліп, ал Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына 255 адам ие болды.