Қазақ пен өзбек халқының достығын мақтан тұтамын - Назарбаев
2016 ж. 15 сәуір
2065
0
Ел астанасындағы «Көксарай» резиденциясында «тет-а-тет» форматында Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің келіссөзі басталды. Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 14 сәуірде жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына келді.
Қазақстан мен Өзбекстан өкілдері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
ӨР-дағы ҚР Елшілігінің ақпаратына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық тұрақты қалыпта дамуда. Тараптар арасында орнықты сауда шарттық-құқықтық база бар, ол экономикалық ынтымақтастықтың барлығын дерлік қамтитын 107 мемлекетаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық құжаттарды құрайды.
Қазақстан және Өзбекстан басшылары сауда-экономика, су-энергетика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімов күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Ташкентте өткізу жоспарланып отырған ШЫҰ Саммитіне қатысты жайттарды талқылады. Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы тарихи достық қатынастарға тоқталып өтті. «Біз бұл байланыстарды Тәуелсіздік жылдары сақтап қана қоймай, мемлекеттерімізді жақындастыра түстік. Бұл орайда, көрші ретіндегі біздің риясыз ниетпен кездесу тәжірибеміздің маңызы зор. Мен Сізбен достығымды, қазақ пен өзбек халқының достығын мақтан тұтамын. Мақсат - осы қарым-қатынастарды, өзара сенімді нығайтып, келесі ұрпаққа мирас етіп қалдыру. Барша қазақстандықтар атынан өзбек халқына табыс пен бақ-береке тілеймін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. И.Кәрімов екі мемлекет арасында шынайы достық қарым-қатынас, құрмет пен өзара тілеулестік бар екенін айтты. «Біз өмір сүріп жатқан қазіргідей күрделі кезеңде дәл осы қасиеттер қажет. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары қазіргі жағдайда дұрыс шешімді бірлесіп іздеу жолында пікір алмасу үшін де маңызды. Әлемдік экономикада дағдарыс жалғасуда, дүние жүзінің ешбір мемлекеті қиындықтан кенде емес. Біз дұрыс жолмен жүріп, әрдайым бағытымызды бірлесе байыптап отыруды қалаймыз», - деді Өзбекстан Президенті.
Дерек көзі: ҚазАқпарат