Соңғы бес жылда аяқталған істер бойынша анықталған залалдың сомасы 242 млрд-тан астам теңгені құрады - Бас прокуратура
2016 ж. 14 сәуір
1997
0
Күмәнді мәмілелер мен қаржылық операциялар бойынша қазақстандық банктердің шотынан 136 миллиард теңге алынған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мұндай мәлімет Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы кезінде айтылды.
"Құзыретті орган өткен жылы тек жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгені қолма-қол ақшаға айналдырмақ болған 106 күдікті операцияны тоқтатқан, ал осы кезеңде қылмыстық істердің материалдары бойынша ғана есепшоттардан 136 миллиард теңге алынған", - делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, екінші дәрежелі банктердің ішкі бақылау жүйелерінің қызметі де көңіл көншітпейді. "Соңғы бес жылдың ішінде кәсіпкерлер 15 триллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұл ретте екінші дәрежелі 28 банктің 8-і ғана капиталды көлеңкелі айналымға жіберуге қатысты күдікті келісімдер жөнінде құзыретті органдарға хабар берген", - деді құзырлы орган өкілдері.
Қаржы мониторингі жөніндегі комитетке екінші дәрежелі банктермен жұмысты күшейту және заң талаптарын бұзғандары үшін жауапкершілікті қатаңдату қажеттілігі туралы нұсқау берілді.
"Осыған орай Ұлттық банкке қаржы мониторингін жүргізу ұстанымдарын қайта қарау, клиенттерге тиісті тексеріс жүргізудің тиімді тетіктерін жасау, клиент туралы, соның ішінде қызмет көрсетілетін компанияның активтері бойынша толық мәліметтердің болуын қарастыратын "Өз клиентіңді біл" деп аталатын халықаралық стандарттарды орындау ұсынылды", - делінген хабарламада.
Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың айтуынша, жүргізіліп отырған жұмыстардың тиімділігіне Мемлекеттік кіріс комитетінің уәкілетті қызметтерінің жеткіліксіз үйлестірілуі мен келісімсіз әрекеті және банк мекемелері тарапынан қаржы операцияларына қатысты тиісті бақылаудың болмауы кедергі жасап отыр. "Қылмысты алдын ала ескертудің тетіктері нашар қолданылады, соның салдарынан заңсыз табысты жылыстатудың қылмыстық жолдары орын алған соң ғана анықталады. Соңғы бес жылда аяқталған істер бойынша анықталған залалдың сомасы 242 млрд-тан астам теңгені құрады. Залалды өтеу болса орташа есеппен 7 пайыздан аспайды, ал 2015 жылы небәрі 1,2 пайызды құрады", - деді ол.
Дерек көзі: tengrinews.kz