ТҮРКІЛІК САРЫНДЫ ТҮП ТАМЫР ЕТКЕН ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫРЫ
2010 ж. 24 желтоқсан
6324
1
Бүгінгі күндері жер бетіндегі ірі империялардың құлағына түркі бірлігі, мұсылмандар одағы деген атаулар түрпідей тиеді. Әсіресе, бұл сөзді айтқанда өздеріндей немесе өздерінен де зор үшінші империяның болуын қаламайтын ежелгі көршілеріміз қытай мен орыстың «іш кірнесі» ұстайды. Дегенмен де қай дәуірде болмасын түркі ұлдары өздерінің ерлік жігерін, ел мен жерді қорғау сенімін жырға қосып, ұрпақтарына рух сыйлап отырған. Кеудесін ешкімге бастырғысы келмеген баһадүрлердің сол үні жартастарымыз арқылы жаңғырып, батыр-боздақтардың елесі сайын даламызда әлі кезіп жүр.
«Түбі бір түркі халықтары» деген аталы ұғымды ары қарай бұтарласақ, түркі ұлттары бір бәйтеректің бұтағы дегенді білдіреді. Әрине, ол бәйтеректің діңі жуан, тамыры терең, саясы кең, өркені мың, жыры мәңгілік.
Біз кеңестік кезеңде азат жырларымыздың арғы төркінін таптық дәуірлермен шендестіріп, оның тарихын соңғы бірнеше ғасырдан ғана қарастыруға мәжбүр болған едік. Шын мәнінде бұл түркінің ежелден ел екендігін мойындамау немесе мойындатпау идеясынан туған сайқал саясаттың санамызға сіңірген уы болатын. Шындыққа жүгінер болсақ, қазірге дейін қазанымызға түсіп, шөмішімзге ілігіп отырған тас бетіне таңбаланған «Күлтегін» және «Тоныкөктің» азат жырларының бізге ақтарар ерлік шежіресі де аз емес. «Күлтегін» жырында мынадай жолдар бар:
Түркі, оғыз бектері, халқы
тыңдаңдар!
Биіктен тәңірі баспаса,
Төменде жер айналмаса,
Түркі халық ел-жұртыңды кім
қорғайды.
Міне, бұл түркі тұтастығы. Іргесі берік, шаңырағы биік, кеудесі өр оғландардың – «аспан мен жер арасындағы ерлердің» асқақ үні. Осы жырда түркінің басын біріктіріп, қуатты мемлекет орнатқан Бумын қаған мен Істеме қаған рухы барынша жырланады.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істеме қаған
отырған
Отырып түрік халқының
Ел-жұртын қалыптастырған,
Төрт бұрыштың бәрі
дұшпан екен,
Сарбаздарымен аттанып,
Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бәрін бейбіт еткен,
иелік еткен.
Бастыны еңкейткен, тізеліні
бүктірткен.
«Күлтегін жырының» елікке толы тарауы осылай басталып, асқақ үн қатады.
Қай кезең, дәуірде болмасын, ел рухының сетінеген тұсатрында кешегі Бұхарлардың арғы атасы болған бағзы бабаларымыз бірін-бірі ерлік жырымен оятып, азаттық арқауын қолдан бермеуді қызыл тілін қылыш етіп жырға қосты.
«Күлтегін» жырында да Табғаш елінің алдауына көнген Түркі қағанатының бектері өзара араздасып, елдің ішкі бірлігіне көп нұсқан келтіреді. Елде алауыздық туады. Түркі қағанатының іргесі шайқала бастайды. Бұл өте қауіпті кезең еді. Осындай қатерлі сәтте Йоллығтегін ақын өзінің Күлтегін батырға арнаған жыр жолдарында:
Түркі халқы елдігін жойды,
Қағандығынан айрылды;
Табғаш халқына бек ұлдары
құл болды,
Пәк қыздары күң болды, – дегенді айтады.
Алайда өздерін тәңірдің сүйікті құлы санаған «көкжал бөрілер» тәкаппар, ержүректігін тағы бір мәрте дәлелдегісі келіп, қайта атқа қонады. «Өлсек өлейік, бірақ еркіндігімізден айрылмайық» деседі. Құлдыққа бас имей қанды ұрысқа қасқайып шығады. Тағдыры таласқа түскен ерлердің ендігі ісіне арналған мынадай жолдар бар:
Түркі халқы:
«Қырылайық, жойылайық», –
десті,
Ажалға жылжи бастады,
Көкте түркі тәңірісі,
Түркінің қасиетті жері, суы, былай депті:
«Түркі халқы жойылмасын», –
дейді, –
Ел болсын», – дейді.
Бұдан кейін арада елу жыл өтті. Осылайша азат халық өз бостандығын жоқтап елу жыл толарсақтан қан кешті. Ақыры дегеніне жетіп, жеңістік алды.
Сөйтіп бас имейтін түркі рухы «Күтегін жыры» арқылы бізге жетті.
Ал «Тоныкөк» жырының:
Бүкіл түркі халқына
Қарулы жау келтірмедім,
Атты әскер жолатпадым.
...Еліміз қайта ел болды
Халқымыз қайта халық болды, – дегеніндей түркі елінің бас бостандығы мен елдігін нығайту жолындағы Тоныкөктің ақыл-парасаты тілге тиек етіледі.
«Тоныкөк» жырында ең әуелі түркі халқының табғаштарға бағынышты болып қалу тарихы шертілсе, одан кейін – аман қалған түркілердің бас қосып, бірігуі, онан соң – сол біріккен халықты басқаратын қаған сайлаудың қиын болғандығы, қаған сайлаудағы Тоныкөктің зор рөл атқарғаны; Елтерісті қаған етіп жариялағаны; ел ішіндегі тыныштыққа сырттан қатер төне бастағаны; оғыздардан тыңшы келіп, олар түркі елін шаппақ болып жатқаны; соңында – түркі халқының жауларымен күрестің қиындығы және осы қиындықты жеңудегі Тоныкөктің рөлі; оғыздармен болған соғыс туралы, түркілердің түрлі тайпалармен жүргізген қиян-кескі соғыстары жыр етіп баяндалады. Нәтижесінде түркілердің өз елі, жері үшін жүргізген соғыстарын атай келіп, соның бәрінде түркілердің жеңіске жеткенін, сол жеңістер өзінен-өзі келмегені, оған Тоныкөк өзінің ақыл-кеңесімен, ерлік істерімен жетекшілік ете білгені көркем суретпен, мақтанышпен бейнеленеді.
Түркі дүениесінен бой көтерген Тоныкөктің алып ескерткіші осылайша ерлік пен елдіктің құндағына айналып өзінің алтын бесігін әрлі жырмен әлі тербетіп тұр. Сөйтіп айбарлы түркі ұрпағына аңызы мен ақиқаты жыр болып жалғасқан бабалар рухы бізді сан ғасыр бойы ерлік шежіресімен жетелеп, рухыты үнімен қанаттандырып келе жатыр деуге әбден негіз бар.
Түркінің бір бұтағы – қазақтар да ежелгі дәстүріне езуінен енші беріп, қызыл тіл қүдіреті арқылы азат жырларын асыл рухына арқау етіп отырды. Асанқайғыдай абыз бабамыздан көрініс табатын тентек, ноқтасыз жырлар желмяаға мініп жердің бетін кезсе, Бұқар бабамыз бұрқақты жырларымен ерлікті ұран қылды.
Сол, айналайын, Бұхар екең бүгінгі біздер қолтығымызға кіргізуге асық болып отырған шүршіттер (қытайлар) мен «өгей ағамыз» орыстар және оның қатері жайында да ерте бастан-ақ алаңдап еді:
Шүршіт жатыр Арқада,
Барын көлдің басында.
Егін салып қасында,
Ақылы жоқ сал қазақ
Атын сатты кәпірге.
Ылау атын мінген соң,
Күнін, түнін бір етіп,
Бір күн жетер сол кәпір.
Жаушылыққа шығар ол,
Елшілікке барар ол,
Түрі момын болар ол.
Құлан қайда семірсе,
Жанын сонда төгер ол.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт келсе бір,
Қабырғаңды күйретіп,
Жон-жұмыңнан сөгер ол!
Бұл жолдарды Бұхар бабамыз кешегілер үшін емес, дәл бүгінгі біздерге қадағалап, қапысын тауып, «ірге жаудың» қатерін дәп бас ескертіп отыр. Және де қатерді еткерту арқылы басқаларды ерлікке шақырған ежелгі Күлтегін, Тоныкөк дәстүрімен:
Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз,
Бір ауызды болыңыз...,
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін
Қылмаңдар жанжал-ерегес, – деп бірлік-береке, бір ауыздылық, болашақ жайында ұлағатты үн қатты. Сол дана, дала филособы Абылайдай ұлы тұлға құлағанда:
Күпшек санды күреңді
Тәбияға жаратқан,
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан
Айбалтасын алтынменен
булатқан,
Алапасын арттырып,
Арқалап атты қунатқан.
Лабашы деген бір елді
Антыменен улантқан,
Еренші менен Серенді
Тозғындатып шулатқан
Періштесін жұрт үстінен
дулатқан...,
– деп күңіренген екен.
Бұхар бастаған топтың қанды қайнатар, ауыздық бермес асқақ үні Ақтамберді, Үмбетей жыраулармен жалғасын тапты. Ақтамберді:
Жауды шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айқайлап.
Дұшпаннан көрген қорлықтан,
Жалынды жүрек, қан қайнап,
Ел-жұртымды қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап, – деп жырласа, Үмбетей Қабанбай мен Бөгенбайды жырға қосып:
Жалаң қия жерлерден,
Жазбай түсіп түлкі алған,
Білге жуан бүркіттің
Тегеуріндей Бөгенбай...
Ауыр қол жидырып алдырдың,
Қалмаққа ойран салдырдың,
Қабанбай мен Бөгенбай, – деп толғапты.
Түркі ерлігі қазақ болмысында Жиембет, Тәтіқара, Марқасқа, Досқожа, Шернияз, Базар, Мұрат, Нысанбай, Күдері, Ығылман, Нарманбет, Шортанбай, Әбубәкір, Дулат, т.б сияқты ақын-жыраулармен өзінің өлместігін көрсетіп отырды.
Солардың көрнекті өкілдерінен Шортанбай – орыс отаршылдығына қарсы:
Нысапсыз екен бұл кәпір,
Жеріңді алды, малды алды,
...
Арқадан дәурен кеткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң...
...
Осы күнде заманның
Осылайша болып тұр.
Мұсылманды бұл күнде
Орыс кәпір жеңіп тұр, – деп толғаса, Дулат:
Батыстан патша түнегі,
Жеріңе келіп түнеді.
Жоныңнан таспа тіледі,
Дулат оны біледі, – деп қамыға, қан жылаған болатын.
Ал онан кейінгі жерде түркі тегінен бастау алып, Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Марғасқа жыраулардың поэзиясына сусындап, «Қырымның қырық батыры», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» жырларын жаттап өскен Махамбет Өтемісовтың марқасқа жырлары, Сырым Датов, Исатай Тайманұлы рухы кейінгі буынға жалғасты.
Бұл үрдіс өзінің алтын өзегін сақтай отырып, Ыбырай Алтынсарин (1841-1889), Абай Құнанбаев (1845-1904), Шоқан Уәлиханов (1835-1865) заманына келгенде халқының көзін білім-ғылыммен ашып, өзгелермен өнер арқылы теңесу идеясымен өзгеше жол таңдады.
Әсіресе кеңестік кезең ұлтшылдар шоғырын екі үйекке жіктеді. Оның бір тобы орысшыл өктемдікке тіке қарсы шыққан нағыз ерлікті көздесе, екінші тобы сол кеңестік үкімкеттің сойылын соға отырып халқына қызмет істеуді көздеді. Екеуінің де мақсаты халқының қамы болғанмен таңдаған жолы басқа болды.
1916 жылдың алды-артында Жамбыл, Иса Дәукебаев, Біржан Берденов, Омар Шипин, Күдері, Сартай, Сәт Есенбаев сияқты ақындар сол бостандық, азаттық, тәуелсіздік рухын өздері таңдаған жолдан қарастырды. Соның ішінде комунизимнің бақытты ақынына айналған Жамбыл Жабаев жырларындағы «кеңесшілдік рух» империя иелеріне майдай жақты.
Ал олардан басқа Алаш туы астына жиналған бір топ азуын айға білеп, тарих сахнасына өзге қырынан келді. Ескіні жақтаған, жаңаны толық танып білген, жүрегін ұлтына ұя, білімге қойма қылған сол текті топтың айтары да ашық болды. Қазақ халқының бір туар ұлдары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай сынды шоғырлы жұлдыздар легі Алаш аспанына жарқырай көтерілді. Отаршылдыққа, құлдыққа қарсы, тәуелсіз азаттығын аңсаған аңғарлы топтың атойшыл үні естілді.
«Оян, қазақ!» деп алты алашқа жар салған Міржақып Дулатов (1885-1937) соның жарқын мысалдарының бірі. «Оян, қазақ!» деген мақаласында Міржақыптың өзі: «Оқушыларға мағлұм, «Оян, қазақ!» атты өлең кітабымды ескі үкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ!» тарамасын деп үкімет үкім салды» – деген екен. Солайша Дулатов:
Оян, қазақ, көзіңді аш көтер басты,
Қараңғыда өткізбей бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым енді жату жарамасты, – деп халқына адал жүрегін ақ байрақ етті. Елім деп еңіреп, халқым деп қабырғасы сөгілді. Оның замандасы Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920):
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам?
Мұз қатқан елдің жүрегіне
Жылытуға мен кірермін, – деп жырласа, Мағжан Жұмабаев (1893-1938):
Қыран құстың қос қанаты
қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр хандар, асқан жандар ұмытылды, – деп жазды.
Мұндағы «ұмытылған» ұлы тұлғаны ұлықтау сарыны «Батыр Баян» поэмасынан да өз айшығын тапты. Ал, түркілік тек туралы:
Тұранға жер жүзінде
жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат,
жүйрік қиял,
Түріктің ерлеріне ер жеткен бе?…, – деп жырлап, Алашты қазақпен емес күллі түркімен өлшеген кеудесі кең сарайдай Жұмабаевтың шоқтығы тіптен биік көрінді. Отаршылдыққа ашық наразылық танытқан осы тотың бел ортасында елінің азаттық таңы үшін күрескен Алаш арыстарының бірі Жүсіпбек Аймауытов та (1894-1938) болды.
Ал халықты кеңестік кезеңнің білім-ғылымымен азат етсем, өзгемен теңестірсем деп өзегі өрт болған ақынның бірі – Сәкен Сейфуллин (1894-1938) еді. Сөйтіп бағы аз, баяны қысқа кеңестік кезеңнің кедейлерді жарылқаған «кең қолтықтығы» арқылы халқына жарқын жол нұсқауды ойлады. Сәкенге ғана емес, ұлт болашағын партиядан іздеу, социялистік жолды даңғыл санау сынды сан қаламгерге «қызыл өлең» сыйлаған сол бір қулығына құрық бойламайтын сұрқия кезеңдегі ақындарға ілесіп, сан мыңдаған оқырман адасты.
Алғашқы буынның қанды ізін басып есейген ендігі бір топ, кеңестік кезеңге «қолбала» болып отырып-ақ өз үнімен, халқының қайғы-зарын, елінің ертеңін жырлауға «еппен» кірісті. Шоғыры молаң сол топта М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, Қ.Мырзалиев, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, І.Мәмбетов, С.Жиенбаев, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, С.Мәуленов, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Аманжолов, Ж.Молдағалиев сынды дүлділдер бар еді. Олар «Алаш» деп ұрандап, оққа кеудесін керіп, басын «бақытсыздыққа» байламағанымен халқының жүрегінен табылды. Көбі ашық ойға бармасада «бүркеу» өлеңін жамылшы етіп, ой астарлылығы арқылы жоғалтқан азаттықтарын аңсап есейді. Сол бақытты – бүгінгі тәуелсіздікті көргендері де, көрмей көз жұмғандары да көп болды.
Осыдан кейінгі ұлттық рухтың алаулап, жалаулап жанған кезеңі 1986 жылдың алды-арты еді. Ызғары күшті желтоқсан қозғалысы жер жаңғырықтырды. Талай көкірекке көмілген тәуелсідік шоғы үрленіп, азат ойлардың алауы маздай жанды.
Жұмыкен мен Шәмші «Менің Қазақстанымды» көтеріп, қазақ жастарының кеудесіне от жақты. Қайрат Рұсқылбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова т.б. бастаған өңкей өрімдей жас елінің ертеңгі еркіндігі үшін шыбын жанын шытқа түйіп, қыршынынан қиылды. Тәуелсіздік дабылы қағылды.
Отырардың ойран болған жұртынан түркінің «сарқынын тауып ішкен» Алпамыс ақын – Мұхтар Шаханов «Желтоқсанның мұзға жаққа алауын» былайша жыр етті:
Желтоқсанда шындық жырын
шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсам деп
талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі
салқынның,
Айналайын, жас қайратым, жас өркені
халқымның!
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ
қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан
алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар
елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Махамбеттің «Қызғыш құсынша» қазақ аспанында шыр-шыр еткен Есенғали Раушановтың «Қара бауыр қасқалдағының» үні де бір төңкерістен кем болмады.
Алты жастағы баласы атқа қонса, апасы тақымын қысатын қазақы салтпен есейіп, шет жұртта шер көкірек болған талай ақын да ұлт азаттығын аңсап арманда көз жұмды. 1940 жылы Үрімжі түрмесінде Шың Шысай қинауымен өлген ақын Ақыт Үлімжіұлы, сол қамаудың тақсіретінен пәнимен ерте қоштасқан Таңжарық Жолдыұлы, екінші дүниежүзідлік соғыста жау тұтқыны болып, Германияда шерменде болып көз жұмған Мәжит Дара Аяпбек, Мәжит Айтбаев, 1970 жылы қытай комунистері жағынан атылған ақын Қызырбек Оралов сияқты шаһиттер соның аз ғана мысалы.
Ал ел егемендігін қайта қолына алған 1991 жылдан кейінгі туған жырлардың дүбірі қамаудан босаған арғымақтар шабысынан бір кем соқпады. Қазақтың даласын нұр, қаласын жыр кернеп, елдің үні еркін шықты. Күлтегін, Тоныкөк бастаған бабалар рухы бас көтеріп, көгенсіз жырлар көгілдір аспанға жамырады. Ұлттық рух ұранды үнімен асқақтай түсті. Түркілік сарынды түп тамыр еткен тәуелсіздік жыры тұла бойымызды қыздырып қобыздың үніне, домбыраның күйіне қанат бітірді.
Түркі тастарына қашалған бөрі рухы даламызда жосылып, алтын топшы болат қыранымыз қиянға самғады. Ежелден енеміздің сүтімен сүйегімізге сіңген ақ уыз – еркіндік, тәуелсіздік ұғымы аңыздан ақиқатқа айналды. Ендігі жерде тәуелсіздікті аңсау емес, оның тұғырын бекемдеп, туын аспандату Алашшылыдар мұраты болып жалғасты. Десе де, «күллі түркі оғландары бірігіңдер!» дейтін құдіретті әмір орындалмайынша тағы бір бақытты кеңістігіміздің бағындырылмай жатқанын да жасыруға болмас. Оның да айы жақын, күні таяу болар деп арайлап атқан әр таңымызды үмітпен қарсы аламыз.
Түп әдебиетіміздің төркіні болған – тәуелсіздік жыры ұрпақтардан үндестік тауып мәңгіге жырлана берсін! Азат жырлардың аспаны ашық, кеңістігі кең болсын!!!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ