Армения халқы неге ашуланды?
2016 ж. 05 сәуір
3265
3
Армения тұрғындары елдегі Қазақстан мен Беларусь елшілерін қуып жіберу керек деген пікірді ұстанып отыр.
Жергілікті халық әлеуметтік желілерде осындай бастама көтеріп, оны қолдаушылар саны бір күнде күрт өсіп кетті деп жазады ArmenianReport.com порталына сілтеме жасап Skifnews.kz.
Армяндар ҰҚКҰ (Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы) және ЕАЭО аясында серіктес болып жүрген елдер сын сағатында теріс айналды деп ренжіп отыр.
«Әлеуметтік желілердегі қазақстандық сегментті қарап көріңіз – барлығы да Әзірбайжанды қолдап отыр. Тіпті, Әзірбайжанның агрессиясы туралы жазып жатқан қазақстандық БАҚ-тардың өзі ҰҚКҰ аясындағы серіктес елге шабуылдың жасалып жатқанын айтпады. Қазір Ереван Қазақстан мен Беларусь елінің елшілерін елден қуып жіберуі керек. Егер біз өзімізді сыйлай алмасақ біреуді қалай сыйлатпақпыз? Сондай-ақ, Армения СІМ ҰҚКҰ-ға мүше болу мәселесін де қайта қарауы тиіс. Мұндай мемлекеттермен серіктес болғанша мүлдем жалғыз болған жөн. Біз бір нәрсені ұғып алуымыз керек, Арменияның серіктесі тек өз әскеріміз бен халқымыз ғана бола алады. Оған Қазақстан мен Беларусь, тіпті, Ресейдің әрекеті дәлел бола алады», - дейді Тевос Аршакян есімді армян белсендісі өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Оның пікірінше, ҰҚКҰ аясындағы Арменияның серіктестері арқадан пышақ ұрып отыр.
Естеріңізге салайық, 2 сәуір күні Таулы Қарабақта Әзірбайжан мен Армения әскерилерінің арасында қарулы қақтығыс басталып, ол әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Қаза тапқандардың нақты саны белгісіз, қос тарап та қарсыластарын жүздеп өлтіргендерін айтуда.