МҰНАЙ БАҒАСЫ ТЕКЕТІРЕС ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛДЫ
2016 ж. 04 сәуір
2294
0
Әлемдік мұнай бағасының жиі өзгеруі біраз елдің берекесін кетіргендей. Иә, қысқа күнде қырық құбылған нарық қара алтын өндіріп отырған елдерді тығырыққа әбден тірегені рас.
Бұдан екі жылдай бұрын ғана бір баррелі 110 доллар тұрған мұнай құны бүгінде 30-40 доллар айналасында. Бұл, негізінен, осынау қазба байлығымен дәулет құрап отырған елдерді қатты діңкелеткені жасырын емес. Анығында, мемлекет қазынасын мұнай нарығымен толтырып отырғандар сазға отырып қалды. Ал қара алтын бағамын көтеру үшін не істеу керек? Әрине, өндірісті қысқарту қажет. Бірақ бұған кім келіседі? Бір ел қысқартуға бейіл танытқанымен, екінші бір мемлекет оған қарсы.
Себебі, осы саладағы өз үлесін жоғалтқысы жоқ. Баға төмендеп, пайда кемісе де өз орнын сақтап қалуы тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, қара алтын бағасы қазір саясат құралына айналған. АҚШ бастаған, Сауд Арабиясы қостаған топ мұнай бағасын құлдырата отырып, бүгінде Батыспен текетіресіп отырған Ресейді әлсіретуді діттейді. Қазір Ресей осы көмірсутегі шикізатынан түсетін үлкен пайдадан қағылды. Дәл Ресейдің ба-сындағы жағдай тек осы шикізатқа сеніп отырған барлық мемлекеттердің басында бар. Қара алтынның мардымсыз бағасынан қоржындарында жүздеген миллиард долларлық қоры бар Араб елдері де зиян шеге бас-тады. Сондықтан болар, олар саясатты ысырып қойып, мұнай бағасын бір жақты етуге ден қойды. Өткен айда Ресей, Сауд Арабиясы, Катар және -Венесуэла елдері кеңесе келе, алдағы уақытта мұнай өндіруді арттырмай, бір деңгейде ұстап тұруға, қажет болса өндірісті біршама қысқартуға уағдаласты. Бұл бастамаға бірқатар ел амалсыз қосылуға ниет білдірді. Тіпті, кешелері ғана санкция шеңгелінен босаған Иранның өзі ә дегенде бастамаға қосылуға ниет танытқан еді. Бірақ жағдайды таразылай келе, бас тартты. Өйткені, бұл ел қара алтын өндіруді алдымен санкцияға дейін-гі деңгейге жеткізіп алуды жөн деп шешкен сияқты. Яғни, тәулігіне 4 миллион баррель. Осы деңгейге жеткен кезде ғана Иран ОПЕК-тің бастамасына қосылмақ. Осылай Иран ОПЕК-тің бастамасына шекесінен қарағанымен, есептеуге үңілетін болсақ, ақпан айында бірінші рет ОПЕК елдері өндірген мұнай тәулігіне 175 мың баррельге кеміген. Әсіресе, Ирак пен Нигерия азайтқан. Сауд Арабиясы мен Ресей өндіруді бір деңгейде ұстап тұр. Осының әсері болар, халықаралық биржадағы қара алтынның бағасы 30 доллардан 40 долларға дейін көтерілді.
Жалпы, қолда бар нақты деректерге көз жүгіртер болсақ, мұнай бағасы 30 АҚШ долларының төңірегінде болуы көмірсутегін өндіретін көптеген елдерге тиімсіз. Бразилияда бір баррель қара майды жердің бетіне шығару құны $48,8 екен. Ал Канадада бір баррель мұнайды өндіруге 41 доллар жұмсалады. АҚШ, Норвегия, Колумбия сынды елдерде бұл сома 35 пен 36,5 АҚШ долларының төңірегінде. Иран мен Біріккен Араб Әмірлігінде мұнайдың бір баррельін өндіру құны 12,3-12,6 доллар. Ал Иракта – $10,7, Сауд Арабиясында $ 9.9. Нағыз «қара алтын» Кувейтте өндірілетін мұнай екен. Сапасы жағынан емес, өндіруге кететін шығын жағынан...
Парсы шығанағындағы ел үшін бұл қаражат баррельіне небәрі 8,5 АҚШ доллары болып шықты.
Мұнай бағасының арзандауы Сауд Арабиясы секілді әлемдегі ірі мұнайлы алпауыттың экономикасын да тежеп тұр. Мемлекеттік кірістің 90 % мұнай саудасынан түсетін елде қазір бюджет тапшылығы 15 % төңіре-гінде. Мұнай бағасы құлдырап бара жатқан соң, мұнда да қазына шығысы шектеліп, электр, ауызсу секілді өркениет белгілерінің бағасы өскен. Мұнайдан түскен ақшаға өмір сүріп үйренген арабтар үшін бұл тығырықтан шығар жол емес. Бүгінде Сауд Арабиясының 45 миллион тоннаға жуық мұнай қоры бар. Соны сату керек. Оның үстіне, бірталай жыл экономикалық бұғауда отырып, жаңа жылдан жаһандық нарыққа Иран шығып жатыр. Бұл онсыз да алушыдан сатушысы көбейіп кеткен мұнай базарында басы артық бәсекелес. Қала берді, Сауд Арабиясының «Aramco» мемлекеттік мұнай компаниясы ақпан айында солтүстік-батыс Еуропаға мұнайдың баррелін $0,60-қа, Жерорта теңізі жағалауындағы елдерге әр барреліьне 20 цент жеңілдік жасауға уәде берді. Оның бұл әре-кеті осы аумақтарға мұнай сататын өзге бәсекелестерді нарықтан ығыстыруға саяды.
Мұнайдың арзандауының тағы бір себебі – экономикалық даму қарқыны бәсеңдеген Қытайдың ішкі нарыққа бейімделуге бет бұруы. Аспанасты елінің бұл әрекетін нарықтағы ойыншылар оны шикізат сұра-нысын азайтпақ деп топшылап отыр. Соның салдарынан энергоресурс саласындағы сауда да суый түсті.
Ал «қара алтын» арзандағанда Сауд Арабиясы сияқты мұнай алпауытының ахуалы мынау болса, экономикасы сол шикізатқа тәуелді боп тұрған Қазақ елінің халі не болмақ? Бізде бір баррель мұнай өндіруге $27,8 жұмсалады екен. Бағаны тұрақтандыру үшін мұнай экспорттаушы елдер – ОПЕК Қазақстанға көмірсутегін өндіруді қысқарту туралы қолқа салыпты. Бірақ былтырғы басқосуда сол ұйымның өзі ондайдан бас тарт-қан болатын. Онсыз да соңғы үш жылда бізде мұнай өндіру мөлшері қысқарып келеді. 2013 жылы елде 81,8 млн. тонна мұнай өндірілген болса, 2014 жылы 81 млн. тонна өндірілген. Бұл көрсеткіш былтыр тағы 1 млн. тоннаға қысқарған еді. Күніне 1,8 млн. баррель (әлемдік өндірістің 2%) мұнай өндіретін қазақ жерінде қара май жетеді. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы мұнай қоры – 11-12 миллиард тонна. Көптеген ғалымдар Қазақ жерінің қойнауындағы қара алтын қоры туралы сөз болғанда, 76 миллиард тонна деген санды айтады. Ал табиғи газ қорының көлемі 6 трлн. м³.
Рас, қазақ жерінің асты да, үсті де байлыққа толы. Бірақ молшылық екен деп шаша беруге болмасы анық. Демек, мұнай өндіретін елдер оны қыс-қартып жатса, бізде соларға қосылуға тиіспіз. Себебі қара алтынның бәсі төмен боп тұрған мына заманда мұнайды көп өндіруден ұтарымыз шамалы. Керісінше, баға көтерілгенге дейін күткен жөн сияқты.
Марченконың сөзі де қисынсыз емес...
Таяуда Қазақстан Ұлттық банкі экс-төрағасы Григорий Марченко ресейлік журналистерге Қазақстанның экономикасын не күтіп тұрғаны жөнінде сұхбат берген екен. Онда ол: «Мұнай бағасы, рубль, теңге бағамдары өсіп келеді. Біздің Қазақстанда басқыншылық (интервенция) жасауға қор бар, дегенмен үш рет дағдарыс болғаннан кейін бір жарым жыл ішінде Орталық банкке сенім жоғалды... Бұл сенімді қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт керек» депті.
Оның ойынша, мұнайды экспорттаушы елдердің басты қателігі – экономиканы әртараптандыра алмағандығы. «Соның салдарынан бағаның түсуінен қорғанатын қосымша жағдай бізде жасалмады. Нәтижесінде бізде айтарлықтай бағамдық саясат жоқ, бәрі мұнай бағасына тікелей байланысты болып отыр. Бізге тек үміттеніп отыра беруден басқа амал жоқ. Бәрі бір-бірінен мұнай бағасы қашан өсіп, қай уақытта жағдай жақсаратынын сұраумен отырады. Ал мұнайдың бағасы түскенде бәріміз жұмыла сол жақсы жағдайды жасауымыз керектігін түсінгенімізбен, бұл күрделі шаруа», – деп жалғастырды ол.
Марченко әлемдік экономиканы жаңа дағдарыс күтіп тұрғанын да айтыпты. «Әлемде 2008 жылғы дағдарыстан кейінгі жағдай әлі де сақталып тұр. 2008 жылдың дағдарысына әкеліп соқтырған мәселелердің ешқандай шешімі де табылмады. Әдеттегідей, барлық негізгі шаруаны Орталық банктер өз мойынан алуда. Олар тек жартылай мәселені шешіп отыр. Англия банкінің бұрынғы басшысы Мервин Кинг жақында 2008 жылғы дағдарысқа себеп болған жағдайларды зерттеп, шара қолданбасақ, дағдарыс қайталанатынын ашық мәлімдеген болатын. Соңғы бірнеше жылда біз дағдарыстың қайталануынан қашып құтыла алмайтынымызды түсіне бастадық. Бұл тек уақыттың еншісінде. Себебі ешбір құрылымдық мәселе шешімін таппады», – деп сендірді ол.
Марченко жүйелі көзқарастың жоқтығы да назар аударарлық мәселе екендігін алға тартады. «Жүйелі көзқарастың жоқтығы – бұл біздің ортақ мәселе, онымен не істеу керектігі адамдарға келіп тіреледі. Экономистер қашан да индустриалды саясаттың ұзақ мерзімді екеніне әрі өнеркәсіптің жаңа салаларының дамуына септік тигізетініне сеніп келді. Алайда ол қашан да мемлекет үшін шығынмен аяқталды», – деп жалғастырды экс-төраға.
Оның сөзіне сенсек, индустриалды саясаттың тиімсіз болуына бірінші кезекте жемқорлықтың болуы себеп. «Қазір олар индустриалды саясаттың тек жемқорлық болмаған жағдайда ғана тиімді екенін мойындады. Мәселен, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және өзге де елдер үшін бұл тиімді болды. Ал мемлекеттік органдар білікті емес әрі жемқорлық жайлаған жағдайда болса, индустриалды саясат керісінше зиянын тигізеді», – дейді Марченко.
Экс-төраға қазіргі қоғамды бірінші кезекте белгісіздік алаңдаттыратынын сөз етті. «Адамдарды бірінші кезекте белгісіздік үрейлендіреді. Көбі жағдайға байланысты жеңіл жауаптарды іздейді, нәтижесінде өздері не айтып тұрғандарын түсінбейді. Бүгінде оңай жауап пен дайын шешім жоқ. Бұл белгісіздік бәрін қатты шаршатты», – деп түйді Марченко.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті