ДҮБІРЛЕТІП ТАҒЫ БІР НАУҚАН ӨТТІ...
2016 ж. 29 наурыз
2553
3
Қоғам белсендісі Ибрахим Әлсеркемен сұхбат
«Оу, қайдан келесің? – Сайлаудан келем»
– Кешелері кезекті сайлау науқанының «қан майданы» ішінде жүрдің. Алған әсерің қандай?
– Облыстық мәслихат депутаттары облыс әкімінің, қалалық мәслихат депутаттары қала әкімінің, аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімінің «жеке меншік» депутаттары деп есептеймін. Мен оларға осылай деп өз бағамды беріп қойғанмын. Қалталылардың, шенеуніктердің қаржыға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бұл орынға деген құмарлығы сонша, олардың қай-қайсысы болса да «мәңгілік депутат» болуға ынтық. Әйтеуір, ешқайсысы да өз еркімен орнынан кеткісі келмейді. Сонымен қатар балалары туған кезде «аналары қалжа жеген» басқалар да бар емес пе? Олар кімнен кем? Сол себепті, әкімнің алдын-ала «рұқсатын алған» үміткер өтеді, рұқсатын алмаған үміткер – қалады...
– Бұл – жұрттың бәрі айтып жүрген жалпылама сөз ғой. Сенің дәлелің қайсы?
– Дәлелім – мынау. Мен – Шымкенттегі №6 аумақтық округтегі сайлау комиссияның мүшесімін. Біздің округте 18 сайлау учаскесі бар. Сайлау кешкі сағат 20-00-де аяқталады. Учаскелік комиссия мүшелері бюллетеньдерді сағат 24-00-ге дейін санап бітуге, таңертеңгі 8-00-ден қалмай бізге әкеліп өткізуге міндетті. Бізде төрт сағатта бюллетеннің санына жете алмайтындай халық жоқ, 1500-2000 адамнан аспайды. Яғни, 20 мың, 30 мың емес... Екі учаске комиссиясының біреуі бюллетеньдерін таңертең ғана әкелсе, екіншісі мүлдем әкелген жоқ.
– Телефон не үшін, хабарласпайсыңдар ма?
– Хабарласамыз! «Міне, міне» дейді, бірақ, әкелмейді. Олар неге әкелмейді? Олар әкімнің мүддесін қорғайтын үміткер өтпей қалған жағдайда ғана әкелмейді. Таң атқанша «үпит-сүпит» деп, санақ нәтижесін өзгертеді...
Таң атқан соң біз өз округіміздегі сайлау қорытындысын алып, қалалық әкімдікке бармаймыз ба? Барсақ, әлгі «жоғалып кеткен» учаскенің мүшелері... сол жерде отыр. Көздері жәутеңдеп «қамауда» отыр. Басқалар, «бостандықтағылар» баяғыда-ақ үйлеріне қайтып кеткен. «Қамауда» болмаса не үшін отыр, өзің айта қойшы?!.
– Сөйтіп?
– Сөйтіп, қала әкімінің «сайланып қойған» үміткері сол қалалық әкімдікте «сайланды». Әділетсіздікке душар болып, өте алмай қалған үміткердің жанкүйерлері улады-шулады, ақыры, түк бітіре алмай үйлеріне қайтты...
– Ибрахим, Арыстағы №157 сайлау учаскесінде Арыс аудандық Білім бөлімінің бастығы Амантай Байтанаев пен кәсіпкер Әсет Аппазов додаға түскен екен, көпе-көрнеу Байтанаевтың пайдасына бұрмалаушылық болып жатқанын көрген бақылаушылар «бюллетеньдерді осы жерде санап, нәтижесін жариялап кетесіздер» деп, сен айтқандай сайлау аяқталғаннан кейін әділетсіздіктің салтанат құруына жол бермей табандап отырып алыпты. Бұның бәрі интернетте жүр. Биліктің сойылын соғушылардың қолынан бар келгені – соңғы сөзді сот айтатын болыпты. Ауылдағылар солай етіп жатқанда, қаладағылар неге ұйымшылдық таныта алмайды?
– Өйткені, қаладағы билікте күш көп. Әділетсіздіктің бәрі қалалық әкімдіктің ішінде болады. Бұл жерде де үміткерлердің жанкүйерлері барлық дәлел, дәйектерін қолына ұстап, қалалық әкімдікке келді. Бірақ, оларды ішке ешкім кіргізген жоқ. Біздің өзіміз зорға кірдік...
– Жарайды, бұл айтқаныңның бәрі дұрыс, бірақ, математикада теорияны дәлелдеу үшін екі шарттың – қажетті және жеткілікті шарттың орындалуы тиіс секілді, сенде екінші – жеткілікті шарт ақсаңқырап тұрғандықтан, үзілді-кесілді заң бұзушылық орын алды деп әкімдерді айыптауға асықпай тұра тұрайық. Осылай жалғаса берсе дәлелдердің «критикалық массасы» күндердің күнінде өзі-ақ толып шыға келеді... Сайлаудың жыры әлі біраз уақытқа кетеді, біз екеуміз бүгінше сенің Шымкент қаласының әкімі мен облыс әкімі есеп берген кезде оларға қойған сұрақтарыңа келейік.
«Көке, сөйлемей-ақ қойыңызшы, өтініш!..»
– Мен қала әкімінің есеп беру жиналысында оған үш сұрақ қойдым. Біреуі тіл жөнінде, екіншісі «Самал» базарының алдындағы тротуар жайында, үшіншісі – қаладағы жолаушылр тасымалдайтын автокөліктердегі тәртіпсіздік туралы.
Қаладағы дүкен, тойхана секілді қоғамдық орындарда олардың атауларын мемлекеттік тілде емес, ағылшынша жазу белең алып барады. «Тойханаға америкалық, жапондық немесе ағылшындық құдалар келмейді, оларға өзіміздің қазақ құдаларымыз келеді, сол қазақтың той-томалағының арқасында тойхана иелері талтаңдап жүр, ал, мейрамхана атауын ағылшынша жазып қояды, бұл қалай?». Әкім Ғ.Әбдірахимов мінбеге шықты да қысқа қайырды: «Рас, олардың атауы қазақ тілінде жазылуы тиіс, бұл туралы заңда да көрсетілген. Бірақ, оның астына ағылшынша жаза ма, басқаша жаза ма, өзі біледі, бұл оның құқығы»...
«Самал» базарының алдындағы тротуарды оның басшылары ақша түсетін автотұраққа айналдырып жіберген. Бұл мәселені бүгін-ақ, бір тиын шығармай-ақ шешіп тастауға болады. Ол үшін әлгі тротуарлардың алдындағы, су ағатын арық үстіне қойылған, арматурадан жасалған көпірлерді де алып тастаса болды, ешкім машинасын тротуарға шығара алмайды. Осы сұрақты былтыр Дархан Сатыбалдыға қойған едім, ол уәде берген, бірақ шешкен жоқ, кәзір облыс әкімінің орынбасары.
Қаладағы жолаушы тасымалдайтын автобус, «Газельдер» бетімен кеткен. Мына аялдамада бес минут, ана аялдамада он минут тұрып алады. Кондуктордың да, жүргізушінің де қолында – ұялы телефон. Олар алдындағылармен сол арқылы хабарласып, араларындағы қашықтық қанша, біліп отырады. Оны аз десеңіз, әр аялдамада бір-екі бақылаушы тұр, олардың міндеті – қай автобустың сенің алдыңда өткеніне қанша минут болды, соны хабарлап тұру. Міне, осылардың аластамай, жүргізушілердің құлағынан телефонды алмай – тәртіп орнамайды.
– Әкім соңғы екі сұрағыңа не деп жауап берді?
– Ешқандай да жауап берген жоқ! Оның орнына ...кездесу соңында сөз алған облыс әкімі Б.Атамқұлов жауап берді. Ол менің сөзімді жүз пайыз қуаттады. Залдағылар оған қол шапалақтады. «Самал» базарындағы жағдайды мен талайдан бері айтып келемін, бірақ, ешнәрсе өзгерер емес. Өзгермейтін себебі – базар қожайынынан әкімдер асып кете алмайды.
– Сұрақ қою ешқандай қиындық тудырған жоқ қой?
– Мен микрофонның біреуінің дәл түбіне отырып алған болатынмын. Қасымда белгілі қоғам белсендісі Жарқынбек Сейітметов бар. Бір кезде қасыма қаладағы Абай аудандық әкімдіктің бөлім меңгерушісі Бауыржан деген жігіт келді. (Фамилиясын ұмытып қалдым). Құлағыма сыбырлап, «көке, сіз сөйлемей-ақ қойсаңызшы, сөйлесеңіз мен сізге ренжимін» дейді. «Ренжитіндей, сен менің құдам ба едің?!». Бір уақытта, микрофонның кезегінде тұрған кезімде, Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш келді. «Бері келіңізші» деп шақырады. «Керек болса өзің кел бері, мен сөйлейін деп тұрмын ғой!». Келді. «Не туралы сөйлейін деп тұрсыз?» дейді. «Айналайын, мен саған есеп беруге тиіс пе едім?». Сосын оның да, Бауыржанның да көкірегін нұсқап: «Сендердің де, өзімнің де мүддем үшін сөйлейін деп тұрмын мен!».
Орынбасар Нұрлан кетті. Бауыржан қалды қасымда. Мен сұрағымды қойып болғаннан кейін: «Бәрін дұрыс айттыңыз, көке, тек бір жері ғана дұрыс болмады...» деп қояды. Тротуарды меңзеп тұрғаны ғой.
Ал, енді облыс әкімінің есебіне барғанда мен сұрақ беруді жоспарлаған жоқпын. Оның өзінің қабылдауына жазылып, сол жерде қояйын сұрақтарымды деп шешкенмін. «Түркістан» сарайына кіргенім сол еді, қала әкімдігінде істейтін Бегайым атты қарындасымыз бар, сол келді қасыма: «Сөйлемей-ақ қойыңызшы, өтініш сізден!». Қайта-қайта айтады. «Сөйлеймін, сөйлегенде ешкімді оңдырмаймын!». Сырт киімімді өткізіп, залға кірдім. Кірсем, өзі қызыл түсті матамен қапталған орындықтар одан әрмен қызарып кетіпті – барлық орындыққа «Южный Казахстан» газетін жайып тастапты. «Қазақ тілді газеттер қайда? Қайда ішкі саясат?!». Айқай салдым. Бір уақытта барып «Оңтүстік Қазақстанды» тарата бастады. Жаныма Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлсара есімді тағы бір қарындасымыз келіп, ол өз өтінішін айта бастады. Баяғы сол, «сөйлемей-ақ қойыңызшы» дейді-дағы.
Заңгер досым Жаңабек Әбішев келіп, қасыма отырды. Жаңабекке: «Саған бір қызық көрсетейін бе?» – дедім. – «Қандай қызық?» – дейді ол. Орнымнан тұрдым. Асықпай жан-жағыма қарандым. Алдыңғы жақта Абай ауданның әкімі Ахмет Татыбаев мені көрді де ұялы телефонына жармасты. Мен орныма отырдым. Сәлден соң Гүлсара келіп, оң жағымдағы бос жерге, Нұрлан Тілеш келіп сол жағыма, Жаңабектің арғы жағына отырды. Екеуі де «сөйлемей-ақ қойсаңызшы» деп үгіттейді мені. Әкімдік қызметкерлерінің «құрметті күзетінде» отырдым солай...
– Қаланың бұрынғы әкімі, бүгінгі облыс әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалдыға былтыр басқа да сұрақтар қойған ба едің?
– Әрине! Былтыр, 24-ақпан күні қабылдауында болдым. Орынбасарлары, қаладағы аудандардың әкімдері отыр екен. Басқаны былай қойғанда, дүкендерге түсіп жатқан нанның қандай жерде пісіріліп, қандай көлікпен тасылып жатқанын көрсететін суреттерді алдына жайып салып тұрып сұрақ қойған едім. Қалалық санэпидстансия бастығы жауап бере алмай, «жағдайды әбден тексеріп, шара қолданамыз» деп, бірдеңе айтқан болды, одан өзгерген ешнәрсе жоқ. Баяғы жартас әлі сол бір жартас...
– Ендігі жоспарың қандай?
– Жоспар былай. 22-ақпан күні Жарқынбек Сейітметов екеуіз облыс әкімінің қабылдауына жазылғанбыз. Міне, бір айдан асты, әлі хабар жоқ, тым-тырыс. Әкімдік қызметкері «біз үндемесек, ол кісілер де ұмытып кетер» деп жүрген шығар. Жоқ, ұмытып кетпейміз, қайтадан барамыз, есіне саламыз. Облыс әкіміне кіреміз қалайда, қояр сұрағымызды қоямыз...
– Жақсы. Нәтижесін айтарсың. Біз халыққа жеткізерміз...
Өмірзақ АҚЖІГІТ