"Шал мен шындықтың" шындығы
2016 ж. 29 наурыз
4304
1
Алматы қаласындағы «Арна» баспасынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық» атты жаңа кітабы жарыққа шықты.
32 баспа табақтан, 600 беттен тұратын бұл көлемді еңбектің төрт бөлімі бар. «Сөз сәулесі» атты алғашқы бөлімі қаламгердің әр жылдары жазған пәлсапалық ойларынан құралған. Адам ақылының сәулесі көкейінен ойлы сөз болып шығады. Ендеше, өмірден түйгендерін қағазға түсіре білген Қ. Сәрсенбайұлының да толғақты ойға негізделген қанатты сөздеріне назар аударайық. «Бала-шағаның, тобырдың сөзін сөйлеген адам биік болмайды», «Азамат алды-артына қарап сөйлесе керек еді. Өмірге заң көзімен ғана қарауға болмайды ғой. Одан да биік құндылықтар бар емес пе?!», «Айтар сөзі, көрсетер өнегесі жоқтар өсекпен күн көріп жүр», «Біздің қоғамда жақсылардың атын атай бермейтін бір иттік бар», «Өзінің ана тілін білмейтін, білейін деп талпынбайтын адамды сыйлаудың қажеті жоқ. Себебі өз анасын құрметтемеген өзгені де құрметтеп жарытпайды», «Дүниені сұмдық көңілсіздік басқан кезде көңілденіп кететін адамдар болады», «Бата бере алмайтын ақсақалды бақытсыз деуге болатын шығар», «Көргенсізде көз болмайды, санасызда сөз болмайды», «Бір Алланың ризығы, пайғамбарымыздың шапағаты бәрімізге жетпей ме? Жоқ, сол жетпей тұрған тәрізді. Құдайдың бергеніне қанағат деген болмай тұр» деген тамаша ой түйіндері бар.
Соның ішінде қоғамдағы алуан түрлі оқиғаларды сараптай келе, қаламынан шыққан «Дерт пен серт», «Тарих қалай қайталанады?», «Ақиқат айтылған жерде өзіңді адам сезінесің», «Бізді Қадыр құтқарып жүр», «Кеңдікті теңдік деп түсінетіндер бар», «Домбыра ұстай білген бала елді де ұстай біледі», «Теледидар тойхана емес», «Өнердің түбіне өлермендік жетеді» және басқа да осындай ой салатын тақырыптардағы көсемсөздерін оқуға болады. Келесі беттерді парақтасақ, «Оның ары 86 жылы өліп қалған», «Сөз адасып жүр», «Кісіні кедейлік бұзады», «Өнерге салған ақша өлмейді» деген тақырыптармен берілген ой толғамдарын да кездестіреміз.
Кітаптың екінші бөлімі «Оқи отырыңыз» деп аталады. Бұл топтамадағы «Партиялар алдымен Абайды оқысын», «Шал мен шенеунік», «Саяси күреске емес, рухани күреске томасақ керек еді», «Түлен түрткендер мен түнде көлеңке іздейтіндер», Дәстүр сақталмаған жерге жын-шайтан үйір», «Досы жоқ заман», «Тұлға топқа емес, ұлтқа қызмет етеді», «Коррупцияның күретамырын тіліп жіберетін бір өткір алмас керек» атты жазбалары тақырыптары айтып тұрғандай, заманның үнін, қоғамның тынысын, адамдардың бейнесін ашып көрсететін дүниелер екені даусыз. Сондай-ақ «Шіркін, шындық?!». Сіз ақиқатты айтасыз, біз әлі күнге шындықтың кіріспесін жазып жүрген жоқпыз ба?» деп басталатын пайымдары қай оқырманды да ой теңізіне қарай жетелейтіні сөзсіз.
«Тұлғатану» атты үшінші бөлімде Қазақ елінің бүгіні мен келешегі үшін қызмет жасаған, ұлттың рухани байлығын сақтап қалу жолында күрескен қайраткерлер туралы сыр шертіледі.
Автор: «Алаш қайраткерлері қызметкерлерді «бірі ұлтқа жаны ашитындар да, бірі орталық не айтса, соған бас шұлғи беретін жәй шенеуніктер» деп екіге бөліп қараған. Бұл пікір күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан емес. Демек, Тұлға ұлтына жан-тәнімен қызмет етуші.» деген ойларымен бөліседі.
Осы бөлімде Бекет ата туралы жолжазбамен танысуға болады. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Өзбекәлі Жәнібеков, Зейнолла Қабдолов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сәбит Оразбай, Асанәлі Әшімов, Ғазиза Жұбанова, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Оспанхан Әубәкірұлы, Әзірбайжан Мәмбетов және басқа да қазақтың танымал тұлғалары туралы автордың әр кезеңде жазған мақала, очерктерін оқуға болады.
Қаламгер енді бірде «Журналист болу оңай деймісің?..» деп тіл қатады.
«Бүкпесіз әңгіме» атты төртінші тарауға Қали Сәрсенбайұлының өнер және мәдениет қайраткерлерімен жүргізген сұхбаттары топтастырылған.
Айбатыр Сейтақ,
АСТАНА
qazaquni.kz