Министрдің уәдесі бірінші орындала ма, ұстаздың уәдесі бірінші орындала ма?
2016 ж. 24 наурыз
2882
0
Иә... Менің оқырмандарыма бүгінгі ең қызық тақырып осы болар. Себебі, дүбірі жер жарған Тараздағы «Блок құрылтай – 2016» аясында шыт жаңа орнына отырған, су жаңа министр Ерлан Сағадиевпен менің кездесуім туралы алдын ала ақпарат тарап, әлеуметтік желіден әлемге жар салынып, ол туралы арнайы сурет салынып та үлгерді. Осыншалық қызығушылық туудағы себеп не?
Оның себебі, Қазақстандық реформашыл министрлердің жаңа реформалары туралы қорқыныш һәм қызығушылықтың тайталасы еді. Ал, онда көп созбалық, жаңа министр не дейді?
Қазақ тілді блогерлердің ортасына алғаш түсіп отырған министр мырза бүгінгі сұрақтың бәрі осы бағытта, яғни қазақ тілінің болашағы мәселесіне байланысты қойылады деп ойласа керек. Өзі сұрақ тумайтындай етіп, қазақ тіліне байланысты барлық мәселені қамтып кеткісі келгені ақиқат. Ерлан Кенжеғалиұлы алғашқы сөзін: «Үлкен төрт мәселені айтып кетейін, сіздер маған сұрақ қоймаңыздар, тек ұсыныс тастаңыздар, алдымен мен сөйлеп бітейін, сосын сіздер айтарсыздар», - деген ұсынысы дейміз бе, тілегі дейміз бе (қалауыңыз білсін), тіке сөзімен бастады. Сіздер тыңдаңыздар, келесі сөзді тек министр аузынан берейін...
Министр бүй деді:
- Құрметті блогерлер, сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Жаңа төрт жылдық бағдарламаны іске асыруға бағытталған мазмұнды сіздерге түсіндіріп өтейін.
Біріншіден. Біз бірінші бағытты қазақ тілі мемлекеттік тілді тез меңгертудің әдістемесін жасаймыз. Бұрын француз мектептерінде ағылшын тілі оқытылмайтын еді. Қазір оны оқыту заң түрінде барлық француз мектептеріне енгізілді. Бізге де тиімді жол осы деп есептейміз. Қазақ жастарына, әсіресе, ауыл балаларына өз ана тілімен қатар ағылшын тілін үйретсек, сонда ғана олар өздеріне қажетті білімді әлем кеңістігінде дер кезінде және еркін таба алады. Оларға ең тиімді жоғары оқу орындарына жол ашылады. Ал, қазақ тілі туралы айтар болсақ, бізде ана тілімізді жан-жақты, жедел, тиімді үйрететін әдістеме жоқ. Кейбір елдерде (мысалы, ағылшындарда, финдерде) өз халқының тілін өздеріне және басқа ұлттарға 4-6 ай ішінде үйрететін тиімді әдістемелер бар. Осындай әдістемелердің жоқтығынан біздер мектепте қазақ тілін айлап, жылдап оқытсақ та, тиісті нәтиже шығара алмай келеміз. Сондықтан қазақ тілін жедел меңгерудің әдістемесін жасауымыз керек. Осы мақсатқа ғылым бағдарламасының маңызды бөлімі ретінде тиісті қаржы бөлу көзделіп отыр. Бұл – өте маңызды мәселе.
Екіншіден. Мектептерде қазақ тілін оқытудың маңызын оған бөлінген сағаттармен ғана өлшеп қоймай, берілетін білімнің сапасы арқылы бағалауға жол ашады. Сондықтан қазақ тілі пәнінің тәжірибелі ұстаздарын шет елдерге «Болашақ» бағдарламасымен жіберіп, ондағы тілді үйретудің тиімді әдістемелерімен таныстыру көзделіп отыр. Осының арқасында тек қазақтарға ғана емес, еліміздегі басқа ұлт өкілдеріне де тиімді әдістеме арқылы қазақ тілін кеңінен оқыту жүйесі ұсынылады.
Үшіншіден, Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылданғанына енді ғана он күн толып отыр. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – Президент ұсынған “Мәңгілік ел” идеясын орындауға бастайтын, оған негіз қалайтын платформа жасау. Өйткені, “Мәңгілік ел” білімі заман талабына сай, әлемдегі ғылым мен техниканың, жалпы әлем өркениетінің жаңалығын еркін біліп, еркін игере, қолдана алатын Қазақстанның мәңгілік қоғамын құруға арналған. Сонымен қатар, қоғамда сапалы білім алудың мүмкіндігі баршаға бірдей болуы көрсетілген. Ал қазір біздегі білім жүйесінде мұндай тепе-теңдік жоқ.
Төртіншіден. Тағы бір үлкен мәселе, бір замандарда әлем халқы шамамен 10 мыңнан аса тілде сөйлесе, бүгінде әлем бойынша, 6,5 мың тілде ғана сөйлейді. Үлкен халықтардың емес, саны аз немесе орташа халықтардың тілі біртіндеп қолданыстан шығып жатыр. Ал мәңгілік ел болуды мұрат еткен біз өз тілімізді қалай сақтай аламыз, оның жолдары қандай, басқа мемлекеттерде осы тұрғыдан озық үлгі бар ма? Осындай сұрақтарға ғылыми негізде алынған жауаптарды немесе зерттеулерді көрмедім. Сондықтан, қазақ тілінің жанашыр ғалымдарынан арнайы топ құрып, қаражат бөліп, осы ғылыми ізденістерді жүзеге асыру көзделіп отыр.
Сонымен бірге, біз қазақ тілінде нашар сөйлейтін, тіпті сөйлей алмайтын адамдарды мазақтамауымыз, оларға күлмеуіміз керек. Оларға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуіміз керек. Қазақ тілін білмейтін мамандардың да бар екенін, ол тілді білмесе де, мықты маман болуы әбден мүмкін екенін еске саламын», – деген сөзімен аяқтады.
Жалпы 19 минут сөйлеген министрдің сөзінің негізгі бағытын түп нұсқасын өзгертпей, қысқартып беріп тұрғанымды ескертемін.
Қожанасырлау халықпыз ғой, сол Қожанасыр тірлікпен министрдің таза қазақ тілінде мүдірмей баяндама жасағаны көңілге қонды, әрине. Ұсыныс айту кезеңі басталғанда, біраз адам орнынан тұрып, микрофон жаққа жақындады. Алғашқы ұсынысты танымал блогер Нұрлан Жанай тастады:
- Құрметті министр мырза! Қазақ тілі экономика мен техника тіліне айналмай, өмір сүрмейді, сол үшін ІТ саласындағы оқулықтар, экономика саласындағы оқулықтар қазақшаға аударылса, - деген ойын білдірген еді. Бірақ министр «бұл салалар толық ағылшын тіліне көшуі керек» деген ескерту сыңайлы жауабымен қысқа қайырды. Сол ретпен маңызды - маңызсыз, үлкенді - кішілі біраз сұрақтар қойылды.
Сөз тізгіні көп күттірмей маған да тиді, алдын ала әлеуметтік желідегі ақпараттың буымен жұрт үлкен дүние күтті. Ал, менде ұсыныс та, сұрақ та көп еді, бірақ уақыт қысқа, министр асығып тұр, сонымен министрдің бастапқы ойынан бастағым келді. Яғни, біздегі қазақ тілінің оқыту жүйесі неге әлсіз?
Ал енді осы жазбаның авторы бүй деді:
- Құрметті Ерлан Кенжеғалиұлы, менде ұсыныс та, сұрақ та көп еді, бірақ өтінішіңіз бойынша, сұрақ емес, ұсыныс айтайын. Бірінші ұсынысым: Бастауыш сыныптардағы орыс тілін университетте «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жетіліп шыққан арнайы маман береді. Бұрын 3 - сыныптан қосылатын ағылшын тілі қазір 1 - ші сыныптан бастап қосылып, оны да университетте «Ағылшын тілі» мамандығы бойынша тәлім алғандар береді. Ал, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәрбиеленген адам береді. Ойланыңыз, өз тіліміздің құны өзге тілдің дәрежесінен төмен болғаны ма? Бұл қазақ тілінің рөлін автоматты түрде үшінші сатыға түсіреді. Қазақ мектептерінде оқып жүрсе де, әлі орыс тілінде сөйлейтін, қазақша сауатынан ағылшынша сауаты жетік қазіргі ұрпақ - бұның дәлелі, сол үшін біз қазақ тілінің сапасын, мектептегі беделін екі тілмен теңестіріп, бірінші сыныптан бастап, қазақ тілі мен әдебиетін университетте арнайы қазақ тілі мен әдебиеті пәнін бітірген маман берсін. Бұл қазақ тілінің тұғырына қонуына септігін тигізеді», - деп тоқтағанымда, министр шулаған шапалақтан әсерленді ме, әлде ұсынысым ұнады ма, көмекшілерінен қағаз, қалам алдырып, одан әрі әр ұсынысымды жазып тұрды.
- Екінші ұсынысым, білім сапасын арттырамыз десек, ең маңызды мәселе - ұстаздардың саны мен сапасы. Ұстаздардың сапасын арттыру үшін, ең алдымен, ұстаздық мамандықтың беделін көтеру керек. ҰБТ - да ұстаздық мамандығын таңдағандарға артық тест тапсырту сұранысы жоқ мамандықтың беделін арттырмайды. Ұстаз беделі көтерілмесе, сапасы көтерілмейді. Ал сапасы көтерілмесе, білім саласының ешқандай реформасы жүзеге аспайды. Ұстаз сапасын арттыру үшін не істемек керек? Ол үшін бірінші: педагогикалық мамандықтарға түсетіндердің шәкіртақысын басқа мамандық студенттеріне қарағанда, жоғары ету керек, сонымен бірге оларға қосымша тиімділіктер жасау керек, сол кезде бұл мамандыққа үздік оқыған оқушыларды тарта аламыз. Екінші, қазір бала құқығын қорғайтын заң ұстаздардың құқын таптап болды. Сол үшін ұстаз қауымына да құқығын қорғайтын арнайы заң керек. Әйтпесе, бүгінгі күні ұстаз оқушыға тәуелді тұлғаға айналды. Сол үшін ұстаздың міндеті мен жауапкершілігі, құқығы толық анықталған заң қабылдау керек. Үшінші: барлығы электронды жүйеге көшкен мына заманда ұстаздарды қағазбастылықтан құтқару керек. Қағазбастылық ер адамдардың мектепке келуін тежеп, ұстаздарды алаңсыз білім беруге емес, амалсыз қағаз жазуға мәжбүрлеп тұр. Бұл - білім сапасына кері әсерін тигізер басты түйін», - деп сөзімді бір демалып жалғастырмақ ниетте едім, министр:
- Әр ұсынысыңды жазып алып тұрмын. Ұстаздарды қағаздан босатудың жүйесін жетілдіріп жатырмын. Сіз ұсыныстарыңыздың бәрін жазып, бізге жіберіңіз, біз қарап, танысып, толық жауабын береміз. Бізбен үнемі байланыста болыңыз, - деді. Ары қарай түсінікті болған соң, «қалған ұсынысымды жазбаша түрде жіберемін» деп, мен де сөзімді аяқтадым. Бірақ, маған бір ұнағаны - ұсыныс түскенде, министрдің ерінбей қағазға түртіп тұрғаны және жұрт алдында шешемін деп уәдесін бергені.
Министр сөз соңын: «Мен бұдан кейін жылда блогерлердің құрылтайына келіп тұрамын», - деп аяқтады. Біз де министрдің уәделеріне қуанып, «ұсынысты алдағы күнде жібереміз» деп, уәде беріп тарқастық.
Біздікі тек осы сала оңалса деген арман, осы блок құрылтай барысында «Ақпарат және ұрпақ: бір ойдың бүкіл жүйеге әсері» тақырыбында ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғап қайттық. Ол алдағы күндегі тағы бір мақаланың жүгі...
Аятжан Ахметжан
Республикалық «Қазбілім» орталығы директоры
Abai.kz (Тақырып өзгертілді)