ӨНДІРУШІЛЕР ҚАШАНҒА ДЕЙІН ДЕЛДАЛДАР ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
2016 ж. 20 наурыз
2385
0
Біздегі нарықтық экономиканы адам түсініп болмайды. Тауар өндірушілердің құқығын қорғаймыз деп даусымыз қарлыққанша айқайлағанмен, нақты нәтижені әлі де көре алмай келеміз. Сол баяғыдай алып-сатарлардың саудасы қызып, асығы алшысынан түсіп тұр. Оны тексеріп, реттейтін құзырлы орындардың ауыздарына құм құйылып, көздерін тарс жұмып алғандай. Оларға отандық өндірушілерді қорғау туралы мемлекеттің саясаты түсіне де кірмейтін сияқты.
Отандық өндірісті қолдап, дамыту бүгінгі күннің басты мәселесі. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы саласын қолдау туралы Елбасымыз да тұрақты айтып келеді. Бірақ, мәселенің маңыздылығы мен Елбасының талабы кейбір осыған жауапты мекемелердің қызметкерлерін қызықтырмайды. Соның салдарынан отандық өндірушілер өз еңбектерінің жемісін жей алмай, қызығын ортадағы делдалдар көруде. Мысалы, шаруалар жылдары бойы өздері өсірген малдың етін келісін 600 теңгеден өткізсе, оны сауда орындарында 1300 теңгеден сатады. Яғни, ортадағы делдалдар ешқандай күш жұмсамай-ақ шарауалардан көп пайда табады деген сөз. Нәтижесінде шаруа ғана емес қатардағы қарапайым тұтынушы да ұтылады. Заңсыз ақша сауда саласындағы іскерлердің қалтасына түсіп жатыр. Заңсыз дейтініміз, олар оған ешқандай еңбек сіңірген жоқ. Сол сияқты өндіріс орнынан бір данасы 17-18 теңгеден сатылған жұмыртқа дүкен сөресіне жеткенше 40 теңгеге жетіп барады. Сонда оның жолда салмағы мен құнарлылығы артып кете ме? Есептей беріңіз, таразының басы қай жаққа басып тұрғанын. Құсты өсіріп, бейнетін көргендер емес, дайын өнімді алып-сатқандар пайдаға кенеліп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осы орын алып отырған жағдайды жергілікті жерлердегі әкімшіліктен бастап министрлерге дейін біледі. Білгенінен не пайда? Ешқандай шара қолдана алмай отыр немесе қолданғысы келмейді.
Рас, ҚР Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков сауда орталықтарын жаулап алған осы тектес көлеңкелі бизнесті жоюды көздеп отырғанын білдірді. Ол үшін алдымен салық саясатына өзгеріс енгізіп, базардағы контрабандалық тауар мен азық-түлікті техникалық тексеруді өз құзыретіне өткізуді сұрап, Үкіметке ұсыныс жасапты. Бағалы бастама! Бірақ, салық саясатын қанша өзгерткенмен содан жеңілдік сезінгендерді көрмеппіз. Саудаға салықты көбейтсек, тауардың да құны қымбаттап шыға келеді. Сондықтан мұндай реттеу ешқандай нәтиже бермесі анық. Одан да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өздері тікелей сататын сауда орындарын ашу қажет және оларды көлеңкелі бизнестің қысымынан қорғау керек. Сонда шынайы бәсекелестік болмақшы. Ал, оған кедергі келтіретіндерге қатаң шара қолданған жөн. Өйтпесек бұл салада ешқандай тәртіп болмайды.
Министрдің айтуынша, отандық фермерлер ішкі нарықта пайда аз болған соң, етті сыртқа сатуды қолға алмақ. Қазірдің өзінде Қытай, Америка, Италияның инвесторлары қызығушылық танытқан. Қытайлық кәсіпкерлер 200 миллион доллар қаржы құйып, Шығыс Қазақстанда мал өсіруге кірісті. Кейін экологиялық жағынан таза, құнарлы етті тонналап экспорттамақ.
Әрине, отандық өнімдердің әлемдік нарыққа шығуы қуантарлық жағдай. Біздің мал өнімдеріне Дүниежүзі сауда ұйымының өзі назар аударып, жоғары баға бергені белгілі. Тек қана сол таза тағам өнімдерімізбен өзіміздің халықты қамтамасыз етіп, артығын сатсақ деген көптің тілегі бар. Шетттен келген сапасыз, пайдасынан зияны көп тағамдардың бүгін бағасы арзан болғанмен, ертең денсаулықты түзеуге кететін шығынды қосқанда оның құны бірнеше есе қымбатқа түсетінін ұмытпасақ екен. Өкінішке орай, өзгелер байқаған құндылықтарымызға өзіміз бейжай қарап жүрміз. Ауыл шаруашылығы оның ішінде мал өсіру өзіміздің ата-бабалардан бізге жеткен кәсіп еді ғой. Соның да қадірін білмегеніміз бе? Осы саланы мықтап қолға алсақ, қазірдің өзінде брендке айналып отырған өнімдерімізді Батысың да, Шығысың да кезекке тұрып талап алып кетер еді...
Гүлмира САДЫҚ
«Қазақ үні» газеті