Сингапурдағы жағдайдың Қазақстан мемқызметкерлерінің смартфонына не қатысы бар?
2016 ж. 20 наурыз
2697
0
Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде көп ұзамай смартфон және өзге гаджеттерді пайдалануға тыйым салынуы мүмкін деген сыбыс осы аптада кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарына бірден ілікті.
Бұл туралы Азаттық хабарлайды.
Сингапурдың Channel NewsAsia сайты «баспасөзде жарияланып кеткен әлдебір мемлекеттік құжатқа» сәйкес, 24 наурыздан бастап Қазақстанда полицейлер мен мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнында смартфон пайдалануына тыйым салынуы мүмкін деп жазады.
Болжам бойынша, бұл шара «құпия ақпараттардың WhatsApp қосымшасы арқылы тарауы жиілеп кетуіне» байланысты енгізілмек. Францияның AFP агенттігіне сілтеме жасаған Channel NewsAsia сайты «бізге көп ұзамай смартфондарыңды ғимаратқа кіре берісте қалдырасыңдар деп айтты, бірақ ондай ереже әзірше күшіне енген жоқ» деген қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің бірінің сөзін келтірген.
Ел билігі бұл жарлықтың рас-өтірігіне қатысты әзірше ешқандай комментарий берген жоқ. Бейсенбі күні ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция органдарында смартфонды жұмыста пайдалануға қатысты бейресми тыйым қазірдің өзінде қолданыста барын айтқан.
Бірақ ол өзі басқаратын мекемедегі мұндай тәртіп өткен айда кісі қолынан қаза тапқан студенттің фотосуреті баспасөзде жарияланып кеткеннен кейін шыққан жанжалға байланысты енгізілген болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарған.
AFP агенттігіне сілтеме жасаған сайттың жазуынша, білім министрінің бұрынғы орынбасары Мұрат Әбенов жеке комментарийінде мемлекеттік қызметшілер енді «смартфонын шұлығына тығып алып жүретін болады», ал смартфон қызметшілерге сапарға шығар алдында ауа райы болжамын білуден бастап, сөздерді орысшадан қазақшаға аударуға дейінгі «қарапайым нәрселер» үшін қажет екенін айтқан.
Ол бұл тыйымды жаппай емес, тек құпия ақпаратпен жұмыс істейтін адамдарға қатысты ғана енгізуді ұсынған.