"Ғашықтар" мүсіні "киінді"
2016 ж. 16 наурыз
5351
0
Бұл мүсіннің ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысқан. Дегенмен Астанадағы сәулет өнерінің біріне айналып тұрғанына 5-6 жыл болса да бұл мүсінге ешкім назар салып қарамаған ба, әлде айта-айта шаршаған ба, ешкім бұл туралы сөз қозғамайтын еді. Жақында бұл мүсін әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан қатты сыналғаны белгілі. Бұл сынды басқалар ауызбен айтып қана отырғанда Талғат Рамазанұлы есімді жігіт "жартылай жалаңаш мүсінді" киіндіріп тастауды жөн көрген екен. Ол бойжеткеннің мүсініне көйлек кигізген.
Киім сыйлап, "қайырымдылық" танытқан ер адам Астана тұрғыны Талғат Шолтаев болып шықты. Оның бұл әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті еткен. Пікір қалдырушылар Талғатқа алғыстарын жаудыруда. Тіпті егер көйлек жыртылып, тозып қалса келесі көйлекті ауыстыратын белсенділер де бар.
Ал Mukhtar Saparov есімді қолданушы болса, әзіл аралас карикатура салып, онда мүсіндегі бойжеткенді түсірмек болғандарға қарсылық білдіріп жатқан жігіттің мүсінін назарға салған.Еске салсақ, өткен аптада Астана тұрғыны "ұятсыз мүсінді" ел назарына салып, оны көпшілік қызу талқыға алған болатын. Тіпті бұл мүсіннің не себепті жартылай жалаңаш түрде жасалғанын мүсіншілер түсіндіріп беруге тырысқан еді.
Астананың орталығындағы Ғашықтар саябағында орналасқан "Ғашықтар" немесе "Бақытым менің" композициясына елорда тұрғындары екіұшты пікір айтқан еді. Ол 2005 жылдың 10 маусымында орнатылған болатын. Бүгін елорда тұрғыны Бақытжан Бермағамбет Yvision.kz сайтындағы блогында өз ойынша ашық киінген қыздың образына қатысты мәселені тағы да бір көтерді. "Қос бұрымды қыздың нәзіктік пен әйелге тән образды білдіретінін білсек те, оның тым ашық киімде тұрғаны көңілімізді түсіріп тастады, оның бар тәні ашық, тіпті емшегінің үрпісі де көрініп тұр. Кіндігі көрінген қазақ қызының көпшілік алдында көрінуін қаламаймыз. Одан эротиканың емес, сыпайылық пен пәктіктің белгісі көрінсе деп едік", - деп жазды Бақытжан.
"Шетелдіктер немесе еліміздің өңірлерінен келгендер елордамыздың мәдени орындарын аралағанда не айтады?", - дейді ол.
Суретшілер одағының төрағасы, қазақстандық мүсінші Тоқтар Ермековтің айтуынша, бұл композицияда қолданылған әдіс ертеден белгілі. Ол композиция авторын жақсы мүсінші әрі маман ретінде, өз ісін білетін адам ретінде білетінін айтып берді.
"Ол қолданған әдісті ежелгі гректер де адамзат тәнінің сұлулығын көрсету үшін қолданған. Олар модельге дымқыл киім кігізген. Сонда керемет қыртыстары көрініп, адам тәнінің тірі келбеті көрінді. Ол осы әдісті қолданды. Ал жабық киім кигізсе, қызық емес әрі скульптуралық мәні болмай қалады", - деді Ермеков.
Ол композициядағы қыздың нәзіктікті көрсетіп тұрғанын айтты. "Олардың көріп қалғаны киімнің денеге жабысып, оның пішінін қайталап тұрғаны. Меніңше, мұндай сын негізсіз. Шетелде бұдан да артық жұмыстар кездеседі, бізде ондай мүсіндерді қойғызбас еді. Онда мұсылман елдеріндегілей болсын, адам салуға тіпті де тыйым салайық", - деді мүсінші.
"Мұндай әдіс скульптуралық бөлігін көрсету үшін, архитектоника үшін қолданылады (...). Ол жалаңаш тұрған жоқ қой. Біз шетелде толықтай жалаңаш тұрған мүсіндерді көреміз ғой, бұл ешкімді таңғалдырып, есеңгіретпейді ғой", - деді Суретшілер одағының төрағасы.
qazaquni.kz