Су тасқыны болуы мүмкін аймақтар анықталды
2016 ж. 14 наурыз
4439
1
Көктемде болуы мүмкін су тасқыны төтенше жағдайына құтқару техникасы толық даярлықта тұр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен хабарлады.
«Көктем кезінде төтенше жағдайларға шұғыл әрекет ету үшін министрдің бұйрығымен ҚР Ішкі істер министрлігінің күштерінен жасақталған топ құрылды. Бұл бағытта 9 мыңға тарта адам мен 1 мыңнан астам техника, яғни оның ішінде 16 әуе кемесі және 220 жүзетін құрал қамтылды. Осы орайда жергілікті атқарушы органдардың күштері есептеліп отырған жоқ», - дейді комитет өкілдері.
Еліміз бойынша Қазгидрометтің алдын ала болжамына тоқталатын болсақ, әсіресе, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында биыл көктемде қар суының елеулі көлемі болжанып отыр.
Сонымен қатар тасқын суға қатысты қауіп Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында да болуы ықтимал. Себебі, өзен бассейіндері мен Жетісу және Іле Алатауы жоталарында жиналған қардың деңгейі өткен жылға қарағанда 1,5 есеге артық болып отыр.
Күн күрт жылынған жағдайда су басу басудың тәуекелі Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Есіл, Нұра, Сарысу жағасында орналасқан елді мекендерінде туындауы мүмкін.
«Барлығы температуралық фонға байланысты болып отыр. Естеріңізде болса, өткен жылдардағы су тасқыны күннің күрт жылынуы салдарынан орын алған еді.Бұндай жағдайда жер ылғалды сіңіріп үлгермейді», - делінген комитет ақпаратында.
Комитет мәліметінше, елорда аумағында еріген қардың артық суы Астанада маңында салынған су реттегіште жинақталады. Былтыр онда 249 млн. текше метр су жиналып, елорданы тасқын судан қорғауға мүмкін болды.
Дерек көзі: ҚазАқпарат