АҚЖОЛДЫҚТАР СЫР ӨҢІРІНДЕ
2016 ж. 09 наурыз
2534
2
«Ақ жол» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер - Алмас Тұртаев пен Азиз Қожамбетов «Сыр бойы» кәсіпкерлерді қолдау қауымдастығы өкілдерімен және аймақта жұмыс істеп жатқан бірқатар кәсіп иелерімен «Ақ жол» ҚДП-ның Қызылорда облыстық филиалының мәжіліс залында бас қосты.
Үміткерлер кездесуге келген бизнес өкілдерін «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – «Бизнесті қорғау және кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру» деп аталатын бөлімге кеңінен тоқталды.
«Ақ жол» партиясы әрдайым жеке меншікті, ең алдымен, шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдауды табанды түрде жақтап келеді және әрі қарай да қолдайды» - деп атап көрсетті Алмас Тұртаев. Кездесу барысында кәсіпкерлер салық салуды оңтайландыру, кәсіпкерлікке мемлекеттік органдар тарапынан тексерулерді азайту, аймақтағы бизнесті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесінің кемшіліктері жөнінде және т.б. көкейкесті мәселелер мен өздерінің келелі ұсыныстарын ортаға салды. Осы тарапта, Азиз Қожамбетов партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілгендей, мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша тиісті рәсімдерді барынша ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдардың назарын делдалдарға емес, белгілі бір тауарлар мен қызметтерді тікелей өндірушілерге аудару керектігін айтты. Сыр бойының кәсіпкерлері «Ақ жол» партиясының сайлауда жеңіске жетуіне тілек білдіріп, қолдайтындықтарын айтты.
Сонымен қатар, үміткерлер партияның үгіт-насихат шаралары аясында Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің» және Жаңақорған ауданындағы «Шалқия-Цинк LTD» АҚ кен өндіру орындарының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында үміткерлер Сыр өңірінің жан-жақты өркендеуіне атсалысып жатқан аталмыш ұжымдардың жұмыстарына сәттілік тілеп, алдағы саяси науқанда сайлауға белсене қатысуға шақырып, ҚР Парламенті Мәжілісінің 5-шақырылымындағы «Ақ жол» Парламенттік фракциясының білім, шағын және орта бизнес, шикізат өндіру салаларындағы орайын таппай жатқан мәселелерді шешу мақсатында жасалған жұмыстарына тоқталып өтті. Кездесуге қатысқан жұмысшылар кәсіптік оқу орындарының статусы, студенттердің кәсіптік тәжірибеден өту, зейнетақы реформасы және тағы басқа да мәселелер бойынша көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, қанағаттандырарлық жауаптар алды.
ӨНДІРІС ӨКІЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСУ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер – А. Тұртаев пен А. Қожамбетов Қызылорда облысындағы «Торғай Петролеум» АҚ мен «Бастау-S» ЖШС-нің газ және мұнай өндіру кенішінде болып, аталмыш өндіріс орындарының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында үміткерлер ҚР Парламенті Мәжілісінің 5-шақырылымындағы партия фракциясының атқарған елеулі еңбектері мен партияның сайлауалды бағдарламасына тоқталып өтті. Сонымен қатар кездесуге қатысқан кеніш жұмысшылары қазіргі нарықтағы мұнай мен газ бағамына байланысты, зейнетақы мәселесі туралы және тағы басқа да әлеуметтік жағдайларға қатысты өздерін толғандырып жүрген маңызды сұрақтар қойып, оларға жауаптар берілді. Кездесу барысында еңбекшілер өндіріске қолдау көрсетіп жүрген «Ақ жол» партиясына ризашылықтарын айтып, саяси додада жеңіске жетулеріне тілектестіктерін білдірді.
ЖАСТАР КӘСІПКЕРЛІК ТУРАЛЫ ТОЛЫҚ МАҒЛҰМАТ АЛДЫ
«Ақ жол» ҚДП-ның Қызылорда облыстық филиалының мәжіліс залында «Ақ жол» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер - Алмас Тұртаев, Азиз Қожамбетов және Бөріхан Нұрмұхамедов Қызылорда қаласында жоғары және орта оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен, банк қызметкерлері мен магистранттардан құрылған жас буын өкілдерімен кездесті.
Жастарға А. Тұртаев «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырумен қатар, кәсіпкерлікті, нарықтық реформаларды, білім, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту жүйесінің және рухани-мәдени саланы дамытудың өзекті мәселелеріне тоқталып өтті. Б. Нұрмұхамедов жастарға сайлау технологиясы бойынша жан-жақты түсініктеме берді. Атап айтқанда, дауыс беру кезінде сайлаушыға әсер ететін факторларға кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ, партияның бағдарламасында көрсетілгендей, жастарға жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сыныптарында кәсіби-техникалық бағдар беру пәнін енгізу туралы, мемлекеттік гранттар есебінен оқыған колледж түлектерінің кемінде 90%-ын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етудің маңызды екендігін айтып өтсе, А. Қожамбетов өз кезегінде қоғамдық жұмыстар практикасын жетілдіру мен «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деп аталатын тұрғындарды мемлекет тарапынан қорғау керектігін айтты.
САУДА ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Сайлау науқаны кезіндегі үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ақ жол» партиясының өкілдері А. Тұртаев пен А. Қожамбетов Қызылорда қаласындағы ірі сауда орындарының бірі «Жайна» сауда үйінде болып, кәсіптерін дөңгелентіп отырған жеке кәсіп иелерімен және сауда жасауға келген тұтынушылармен жүздесті.
Кездесуде үміткерлер қоғам үшін жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру жөніндегі өздерінің нақты іс-әрекеттерінің бағдарламасы жайлы айтып берді. А. Тұртаев V шақырылымдағы Парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясының атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап, партияның жеке кәсіпкерлер үшін салықтық есептілік бойынша, егер де аталған есептілік мемлекет бюджетіне тікелей залал келтірмесе, айыппұлды жою сияқты сайлауалды ұстанымдарын кездесуге жиылған көпшілікке жеткізді. Сонымен қатар, жұмыспен қамту жүйесін дамыту және жұмыссыздықты азайту туралы толыққанды мәлімет берді.
Жалпыға ортақ еңбек қоғамында – кез келген адал еңбек құрметке лайық екендігін айта келе, А.Қожамбетов әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, рухани-мәдени саланы дамыту, азаматтарды экстремизм мен терроризмнен қорғау мақсатында «Ақ жол» партиясының ұсынып отырған бағдарламаларын түсіндіріп өтті.
«Ақ жол»ҚДП Қызылорда облыстық филиалы баспасөз қызметі
"Қазақ үні" газеті
Мақаланың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.