ҚАНДАСЫМЫЗ «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНА АРЫЗДАНДЫ
2016 ж. 09 наурыз
2372
1
Жасыратыны жоқ, қоғамымызда келеңсіз көріністер кез-келген салада орын алып жатады. Біздегі бюрократиялық бұрмалаңдардан бас айналып, соның салдарынан бармайтын жерің, баспайтын тауың да қалмайды кейде. Шенеуніктердің шырмалаңына түсіп шақшадай басы шарадай болған, амалы таусылған адамдар ақыры түрлі партияларға, тіпті тура Елбасының өзіне жүгінеді. Әрине, амалсыздықтан...
Солардың бірі қандасымыз – Тамара Жайлыханова. Өзбекстанның Қарақалпақ АССР-нен 1993 жыл көшіп келгенде ол небары үш-ақ жаста екен. Ата-анасымен Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының Теңге ауылына қоныстанған. Қазақстан азаматтығын кәмелеттік жасқа толғанда аласың деген шенеуніктердің шуда жібі әлі де тарқатылып болмаған секілді. Одан бері әкесі Балаби қайтыс болып, өзі де бойжетіп, тұрмыс құрған. Қазір үш баланың анасы. Қазақстан заңына сәйкес алғашқы екі балалары үшін тиісті жәрдемақы алған да көрінеді. Ал үшінші баласына келгенде жергілікті басшылардың есіне Тамараның Қазақстан азаматтығын алмағыны естеріне сақ ете қалып, жәрдемақыдан қағып тастаған.
Бұл оралмандар бастан өткізіп отырған бірінші жағдай емес. Ол туралы айтылып та, жазылып та жүр. Тіпті осыған қатысты заңдарымызға өзгертулер де енгізіліп, азаматтық алу жолы жеңілдетілді де. Бірақ, іс жүзіне келгенде бізде әдеттегідей бәрі керісінше болып шығатыны бар ғой. Қаптаған құжат жинау, оның ішінде сауалнама-өтініш, міндеттеме, тұрғылықты жерінен, еш жерде азаматтығы жоқ, бұрынғы тұрған Өзбекстан азаматы емес деген сияқты анықтамаларды әкелу керек. Оның да әлегі жетерлік. Жергілікті жердегілер министрлікке сауал жолдап алатын құжаттар да бар. Соның бірін Өзбекстан елшілігінен алу қажет. Елшілік Алматыда болса өз аяғыңмен бару міндет. Кішкентай үш баласын тастап ешқайда шыға алмайтын Тамара тұйыққа мықтап тірелген көрінеді. Тіпті «Нұр Отан» партиясынан көмек сұраған кездері де болған екен. Ол партияның сауалдарына тағы да әдеттегідей шығарып салма жауаптар бергенімен нақты нәтиже жоқ. Азаматтық алу мен баласына жәрдемақы тағайындаудың тар жол тайғақ кешуін бүгінге дейін көріп келеді. Енді міне амалы таусылған соң «Ақ жол» партиясына үміт артып, арызын жолдап отыр. Әрине, бұндай қиындыққа тап болған адамдарға қырын қарамайтын «Ақ жол» партиясы бұл жолы да Тамараның тілегін жерге тастамай қол ұшын беріп, көмектесетін болады. Бір ғана сұрақ мазалайды. Бізде неге жергілікті жерлерде адамдардың мәселесін дер кезінде шешіп беруге салғырт қарайды. Міндетті түрде жоғарыдан арнайы тапсырма күтуге машықтанған. Ал ақиқатына келгенде осының бәрі олардың тікелей міндеті емес пе?
Гүлім ТАСТАН
Маңғыстау облысы
"Қазақ үні" газеті
Мақаланың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.