«АҚ ЖОЛ»: ҰРАНЫМЫЗ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ!
2016 ж. 07 наурыз
4346
0
Биылғы көктем, көбінесе, еліміздегі ірі саяси науқан – ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы арқылы есте қалатын болар.
Мұның алдындағы шақырылымнан төрт жылдық кәсіби ауқымды жұмыстарды атқарып шыққан «Ақ жол» партиясының белсенділері осы кезекте тағы бір мәрте бақ сынамақшы. Халқымыздың «Ат шаппайды, бап шабады» деген даналығын еске алсақ, ақжолдықтарға халық сенімін ақтау бағытында жан-жақты кемелденуге тура келетіні де айқын.
Айтпақшы, бұл жолғы сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек...
Үлкен бастап, кіші қостап...
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы төрт жылдан бергі сайлау барысында сегіз мандатқа ие болыпты. Азат Перуашев, Азамат Әбілдаев, Нұрлан Жазылбеков, Талғат Ерғалиев, Светлана Қадыралиева, Меруерт Қазбекова, Екатирина Никитинская, Алмас Тұртаев бастаған партиялық топ «Ақ жолдың» депутаттық фракциясын құрады.
Міне, осы кезеңнен саяси партияның сайлау алдындағы бағдарламасынан бастап, ұйымның стратегиялық бағыт-бағдарларының өзекті мәселелерін алға қойды. Аймақтық өз активтерінің, оның ішінде – өңірлік партия активінің мемлекеттік орган басшыларына тікелей шығуына мүмкіндік туғызды. Олардың әзірленіп жатқан депутаттық сауалдар мен заң жобаларын талқылауға қатысуына қол жеткізді. Осынау қысқа ғана мерзім аралығында бұқаралық ресми қарым-қатынасты жандандырып, қоғамдық пікір қалыптастыруға, халықтың мүдде-мұқтажын мемлекеттік деңгейде жүзеге асыратын мүмкіндіктер туғызды.
Парламенттік жұмыста басты назар – кәсіпкерлік ісіне аударылып, ұлттық-экономикалық даму, ағартушылық, рухани білім, тарихи кемелдену, әлеуметтік орта тапты қалыптастырудың алғышарттары, қоғамдық-азаматтық даму үрдістерін жасақтау, т.б. мәселелері кеңінен көтерілді.
Расында, партияның қоғамдық іс-қимылы мемлекеттік стратегияны анықтап берген Елбасы саясатынан туындайды. Дегенмен, мемлекеттік саясат біреу болғанымен, оны жүзеге асыру түрліше қалыптасуы ықтимал. «Ақ жолдың» да міндеті осындай өзгеше көзқарас арқылы қоғамдық механизмдер ұсыну, оған сындарлы бағытпен келу болмақшы. Айталық, демократияның жарқын үлгісі АҚШ-та десек, ондағы республикалық, яки демокартиялық партиялар іске әрқалай бағыттта қарауы мүмкін; бірақ американдық арман-мұрат – біреу. Мүдде ортақ. Осы секілді елді басқаратын Президент те екеу немесе үшеу емес, ол да дара. Сондықтан, біз сонау алпауыт мемлекеттен асып түспегенімізбен, саяси-теориялық һәм практикалық жағынан жетіліп отыруға міндеттіміз. Әлемдегі партиялық билік табиғатындағы заңдылықтарды әлі ешкім де өзгерте қойған жоқ. «Ақ жол» партиясы да қоғамдағы оңшыл оппозициялық бағытынан, конструктивтік фракциялық ұстанымынан айнымай келеді. Мұны «Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясының мүшесі, Мәжілістің экс-депутаты Нұрлан Жазылбековтің «Парламенттік оппозициялық партия ретінде, сайлаушыларымыздың стратегиялық мүдделері мен базалық құндылықтарының ортақтығын ескере отырып, біз ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын түбегейлі қолдаймыз және өз тарапымыздан оны іске асыру үшін белсенді түрде атсалысудамыз» деген сөзінен көруге болады. (2013 жылғы 26-қарашада өткен халықаралық конференцияда «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстандағы Парламентаризмді дамытудағы рөлі» тақырыбында жасаған баяндамасынан).
«Еңбектің көзін тапқан дәулеттің өзін табады»...
«Кедейлік кетсін десең – еңбек ет, молшылық жетсін десең еңбек ет». Бұл – кәсіпкерлікті, адал істі, лайықты өмір салтын орнықтыруды көздейтін ақжолдық депутаттық фракцияның ұдайы ұстанатын қағидасы.
Екі миллионнан астам адамға жұмыс беріп отырған шағын және орта бизнестің мұң-мұқтажын, құқығын жан-жақты заңнамалық жолдарымен қамтамасыз етіп, қолдау көрсету ақжолдықтарға оңай соқпағаны түсінікті. Төрт жыл арасында фракциялық ұсыныстар арқылы орасан маңызға ие мемлекеттік бастамалар қолға алынды. Мәселен, бір ғана «Кәсіпкерлік кодексі» салмағының өзі бірталай көшке жүк. Сонымен қатар партияның банкроттық, көлеңкелі кәсіпкерлік, салықтық жеңілдіктер туралы, кедендік одақ аясындағы отандық бизнестің қызметтік һәм өнімдік қорғалуы, шетелдік импорттағы ахуал, әкімшіліктік ресурстарды азайту, бюрократиялық құжаттамалардың оңтайлануы, нарықтағы жекеменшіктегі кәсіп көздеріне қол сұғылмауы, кәсіпкерлік амбудсмендік құқықтық қызметі... сияқты өзге де сан алуан бастамалардың ұйытқысына айналғанын айтпасқа болмайды. Сондай-ақ, фракция «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайларды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылаған кезде, нарықтық қағидаларға сүйеніп, кәсіпкерлердің құқықтарын сақтауға, нарықтық экономикадағы жекеменшіктің қасиетті құқығына қол сұғылмаушылығын да қорғап бақты. Ал «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлікке көмек көрсету бағытында дайындап Үкіметке ұсынған «Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасы Елбасының кәсіпкерлікті дамыту бастамасына ұтымды ұсыныс болғаны даусыз.
«Ақ жол» көшбасшысы Үкіметтің экономикалық қозғаушы күште бизнесті жіліктеп қарамауына, ортақ кешенді іс-әрекетпен тоқталуға, бірі «құлын» болса, екіншісі «тай» ретінде даму үдерісімен тоқталу қажеттігіне шақырды. Себебі шағын бизнес – бұл көбіне сауда, қызметтер саласы және шаруа қожалықтары. Жүздеген мың адамдарды жұмыспен қамтып отырғандығы үшін оларға да мемлекеттік қолдау қажет.
Сол сияқты, «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банк» АҚ жүйесі төңірегіндегі мәселелер де «Ақ жол» партиясы депутаттарының назарынан тыс қалған жоқ. Соңғы үш жыл көлемінде дүркін-дүркін көтерілген мәселе, 2014 жылы әлеуметтік банктің әрекетіне мемлекет басшысының өзі араласып, оның әділ сынына ұшырады, ақырында іс соңына бармақ басындай нүкте қойылды.
Тізе берсе, атқарылыған игілікті іс жетерліктей екен. Әйтеуір, өткен шақырылымдағы «Ақ жол» партиясының Парламент қабырғасындағы саяси белсенділігі халық жадынында сақталып қалғаны анық. Енді алдағы сайлауда бақ сынау үшін отыз бес үміткер білек сыбанып отыр.
Орташа жас шамасы қырық алтыны құрайтын кандидаттар тізімі басқа партиялардың үміткерлерімен салыстырғанда ең жасы екен. Бұған таңырқаудың да реті жоқ, өйткені «Ақ жол» онсыз да 70 пайызы жастардан құралған еліміздегі ең жас, әрі келер жылы 15 жылдығына аяқ басатын тәжірибелі де іскер партия болып есептеледі. Дәл бүгінгі дағдарыс уақытында өз партия қатарында бір отбасының баласындай ұйып, ортақ шешіммен үлкен мемлекеттік саясатқа бел буған ұйым алдына «Еңбек етер кез келді!» деген ұранмен сайлау шаруаларына кірісті.
Кәсіптің нәсібі тек қана еңбекпен келетінін ту етіп көтерген партия алдағы саяси бәйгеде бап нәтижесін байқасады. Ал, біздіңше, саяси «бақ» ынтымағы жарасқан, ортақ партиялық идеясы бар, сөзіне берік, биік халықтық армандарын алдына қоя білетіндердің басына қонбақшы. Ендеше ақ жол, замандастар! Ақ жол, Қазақ елі!
Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы
ОРТА БИЗНЕС ӨРІСІН ШЕКТЕМЕЙІК!
Егер Президент шағын және орта бизнесті, нақтырақ айтқанда, орта бизнесті қолдауға нақты шаралардың қабылдануын үнемі талап ететін болса, іс жүзінде қолдау тек шағын кәсіпорындармен шектеліп тұр. Заңнамаға тек шағын бизнес үшін ғана артықшылықтар енгізіліп жатыр: бұл салық кодексіне де, мемлекеттік сатып алулар туралы заңға да, қандай да бір қолдау шараларын көздейтін кез-келген басқа да актілерге қатысты. «Ақ жол» фракциясының 2013 жылғы 19-желтоқсандағы депутаттық сауалынан мысал келтірейін, онда біз шағын және орта бизнесті қызметінің бірінші жылдарында тексерулерден босату туралы мәселе көтерген болатынбыз. Оған бұрынғы Үкімет «Тек шағын кәсіпкерлік субъектілерін ғана тексеруден босату туралы позицияны ұстану орынды» деп жауап берді. Осы арқылы біз шағын бизнестің әрі қарай орта және ірі бизнеске өсуге деген ынтасын төмендетеміз. Кәсіпкерге аз салық төлеу үшін бір қызметті бірнеше жылдық көрсеткішке бөліп тастау әлдеқайда тиімдірек. Бұл – бизнесті ұлғайтудан бас тарту, онсыз экономиканың инновациялық және технологиялық дамуы мүмкін емес; бұл Президенттің кезекті Жолдауында аса маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындаған инвестициялардан бас тарту.Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі, партия төрағасы
"Қазақ үні" газеті
Мақалалардың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.