Өмірзақ АЙТБАЕВ: АЛАМАНДА «АҚ ЖОЛДЫҢ» ЖОЛЫ БОЛСЫН!
2016 ж. 07 наурыз
6462
15
Исраил САПАРБАЙ, ақын, сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты:
"АҚ ЖОЛ" ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕДІ
Көктем келісімен кезекті бір саяси науқанға деген қызу дайындық басталды. Тіпті, бұрын-соңды ел-жұртқа аты беймәлім партиялардың өзі, қайта «тіріліп», бұл шараға үн қосып жатқандай. Осынау аламан бәйгеде «Нұр Отан» партиясынан кейінгі орынды «Ақ жол» партиясы иеленетініне кәміл сенемін. Өйткені, партия өкілдері осы уақытқа дейін, көптің көкейінде жүрген әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық тұрғыдағы өзекті мәселелердің орынды шешілуіне ықпал етуде. Осы тұста «Ақ жол» партиясы ұлт руханиятының дамуына да өлшеусіз үлес қосып келе жатқандығын баса айтқым келеді. Мұның барлығы да, осы ұйымның көшін бастаған Азат Перуашев, Қазыбек Иса сынды ел алдында жүрген атпал азаматтардың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі іс. Осы уақытқа дейін де, өзінің пікірін бүгіп қалмай, ашық білдіріп жүрген Қазыбек Иса халық қалаулысы атанса, қоғамдағы көптеген дүниенің ара-жігін ажыратып, ақиқаттың ақ туын одан әрі желбірете береді деген ойдамын. Сондай-ақ, «Ақ жолдың» атынан сынға түскелі отырған үміткерлерге сәттілік серік болсын деймін! Баршаңызды «Ақ жол» партиясын қолдауға шақырамын.Бақыт САРБАЛАЕВ, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
ЕЛ СЕНІМІН АҚТАЙТЫНЫ АНЫҚ
Шындығы керек, «Ақ жол» партиясының төрағалығына Азат Перуашев келгенде, бұл жігіттің қазақ тіліне шорқақтығы төңірегінде түрлі жорамалдар да айтылып жатты. Бірақ, партия жұмысының одан әрі жандана түсуі кейбіреулердің алыпқашпа әңгімелеріне нүкте қойғандай болды. «Ақ жолдың» өзге ұйымдардан ерекшелігі сол – «Алаш» арыстарының жолын таңдағандығында.Партияның елдің әлеуметтік өмірінде атқарып жатқан жұмысының жөні бір бөлек те, Алаш рухын асқақтату жолындағы ауқымды істері бір төбе. Ұйым өкілдері «Алашқа» қатысты дәстүрлі шараларды өткізумен шектелмей, осы бағыттағы еңбектердің басын біріктіріп кітап етіп шығаруының өзі құнды дүние дер едім. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін де «Ақ жол» партиясының атынан халық қалаулысы атанған азаматтар өздерінің депутаттық сауалдары арқылы өткір мәселелерді қозғай білді. Мәселен, былтырғы жылы, «Ақ жол» партиясы несиенің теңгемен берілуінің тоқтатылуына алаңдап, Ұлттық банктен шаралар қабылдауды сұраған-ды. Нәтижесінде бұл мәселе де оң шешімін тапты. Осы тұста «Ақ жол» партиясы өздерінің сайлауалды бағдарламасында бірінші бағыт ретінде «Бизнесті қорғау және кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру» қажеттігін атап көрсеткен-ді. Осы бағыттың аясында алдағы уақытта банк қызметінің халыққа тиімділігін арттыру жолындағы жұмыстарын жалғастыра берсе екен деймін. «Ақ жолдың» алдағы сыннан сүрінбей өтуіне тілектестік білдіремін!Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ДАМУДА ОРНЫ ЕРЕКШЕ ПАРТИЯ
«Ақ жол» демократиялық партиясы – қоғамда өзіндік орны бар ұйым. Бұл партияның саясат сахнасындағы көрінісі Қазақстан елінің тыныс-тіршілігіне демократиялық реңк береді. Сондай-ақ ұйымның кәсіпкерлерді қолдауының өзі мемлекет экономикасын көтеруге айтарлықтай ықпал тигізетіні де анық. «Ақ жол» партиясының алдағы сайлауда алғашқы үштіктен көрінеріне сенімдімін. Өйткені, ұйымның саяси тәжірибесі жетерлік. Өздерінің алға қойған белгілі бір бағыты мен ұстанымы бар. Менің ойымша, осы сайлаудан кейін елімізде демократиялық тұрғыдан жандану байқалуы мүмкін. Әрине, бұған «Ақ жол» партиясы өзіндік үлесін қосатыны анық. Бұл жолда мен партияға зор табыс тілеймін!
Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артисі, профессор:
ЕЛДІҢ ЖОҒЫН ТҮГЕНДЕГЕН ҰЙЫМ
Шындығын айтқанда, «Ақ жол» партиясының тізгінін белгілі кәсіпкер Азат Перуашев қолға алғанда, көп жұрттың көкейінде күдік болғаны жасырын емес.Бірақ, «Ақ жолдың» жан-жақты саясат ұстануы сол күмәннің бәрін сейілтіп, ұйымға деген сенімді ұлғайта түсті. «Ақ жол» партиясының Алаш рухын асқақтату жолындағы ауқымды істері ұлт руханиятының ұпайын түгендеудегі еселі еңбек деп білемін. Осы тұста «Ақ жол» партиясының бағдарламасындағы «Білімді және денсаулығы мықты ұлт – қуатты және ауқымды еңбек ресурстары» атты үшінші бағыты көңіліме қонғандығын баса айтқым келеді. Өйткені, ақжолдықтардың өзі айтқандай, «Елдің басты байлығы – мұнай да, металл да емес, ол біздің дарынды және еңбексүйгіш халқымыз!». Сондықтан да, басты құндылығымыз – адам десек, олардың әрбірінің денінің сау, әрі білімді болмағы маңызды. «Ақ жол» партиясына алдағы сында сәттілік тілеймін. Әрі бәріңізді қолдауға шақырамын!
Жазып алған: Гүлмира САДЫҚ
"Қазақ үні" газеті
Мақалалардың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.