Астанада ЭКСПО қарсаңында жаңа вокзал ашылады
2016 ж. 05 наурыз
3090
36
«Қамқор Вагон» ЖШС ұйымдастырған «Жоғары сапалы жөндеу - пайдалануға сенімділік» атты конференцияға еліміздегі вагон паркінің меншік иелері мен операторларынан құралған 70 компания қатысты. Басқосуда мүдделі тараптар жүк вагондарын жөндеу және оларға қызмет көрсету бойынша ұзақмерзімді келісімшарттарға қол қойды. Конференцияда «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның вице-президенті Бауыржан Орынбасаров баяндама жасады. Ол 2014-2015 жылдары 95 600 жүк вагонына жоспарлы жөндеу жүргізілгенін атап көрсетті. Оның сөзінше, поезд қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, теміржол көлігінің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және ескі вагондарды қолданыстан шығару бағытында ұлттық компания ауқымды жұмыс атқарған. - 2013 жылы қолдану мерзімі 7 жылдан асқан жүк вагондарының саны 40 278 болса, 2014 жылы 44216 бірлікті құрады. Былтыр олардың саны 50 мыңға жетті. Біз ескі вагондарды қолданыстан шығару арқылы тәуекелдерді азайтып, қызмет көрсету сапасын арттырамыз, - деді Б. Орынбасаров. Вице-президент ақпан айында Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында инновациалық жүк вагондарын өндіруге 17,5 миллиард теңге бөлу туралы шешім шыққанын еске салды. - Биыл Қазақстанның зейнетақы қорынан 17,5 миллиард теңге бөлінеді. Ол «Бәйтерек» қаржы институты арқылы Қазақстанның Даму банкі мен БРК-лизинг АҚ-ға аударылады. Біз Екібастұз бен Петропавлдағы екі зауытымызда мыңға жуық жүк вагонын шығармақшымыз. Нәтижесінде жүк вагондарын сайманмен қамтамасыз етіп отырған 40 кәсіпорынға қолдау көрсетеміз. Бұл - шамамен 7 мыңға жуық жұмыс орны, - деді ол. Сөз арасында вице-президент өткен жылы «Боржақты-Ерсай» теміржол желісі пайдалануға берілгенін, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнаулы экономикалық аймағының «құрғақ порты» іске қосылғанын, Ақтау портында жаңа нысандар, Астана қаласында Орталық Азиядағы ірі көлік-логистика орталығы жұмыс істей бастағанын мәлімдеді. Сонымен қатар жыл соңына дейін Маңғыстау облысындағы Құрық портында паром кешенінің, «Алматы-1 – Шу» теміржол учаскесінде екінші бағыттың құрылысын аяқтау, ал «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуы қарсаңында елорда әуежайының халықаралық терминалы мен жаңа теміржол вокзалының құрылысын аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді.
Қанат МАХАМБЕТ, Астана Советбек МАҒЗҰМОВ Дерек көзі: Айқын газеті