Адай деген қандай ел?..
2016 ж. 04 наурыз
27730
32
Жауғашты Нәбиевтің қызмет жолы
Жауғашты Жоланұлы Нәбиев – 1942 жылы кәзіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Сағыз стансасынан 7 шақырым жердегі ауылда дүниеге келген. Шыққан тегі – Жеменей Адай. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін 1965-1975 жылдары арасында «Қызыл Ту» пластмасса бірлестігінде электрик, инженер, жаңа лаборатория бастығы, бас инженердің орынбасарына көтеріледі. Сол кезде бас директор Жауғаштының өте білімді, жаңалықшыл инженер ғана емес, бизнеске де бейім екенін байқап, өзіне коммерция жөніндегі орынбасары етіп алады. Сол жерден Жергілікті өнеркәсіп министрлігіне жоғарылап, онда 7 жыл Коллегия мүшесі, маттехжабдықтау және сату бас басқармасының бастығы болып істейді. Бір емес үш рет министрлік орынға бірінші резервте тұрған оның алдын ЦК-дан жіберілгендер орап кете берген соң, 1982жылы Министрлер Кеңесінің жаңадан ашылған «Сыртқы байланыс және көрме» бөліміне меңгеруші болып ауысады. Ол жерде 7 жыл өте табысты жұмыс істеп, 1989 жылы Совмин тарихында тұңғыш рет «өз еркімен» қызметтен кетіп, бизнеспен – сыртқа саудамен айналысады. Күні бүгінге дейін сол кезде өзі құрған «Қазақстан Коммерция» компаниясының президенті.
Сонымен бірге 1996-1998 жылы «Казатомпром» ҰАК 1-вице-президенті болады. Ал, іс жүзінде бүгінгі дүрілдеп тұрған бұл компанияны қайта жасап шығарады. 1999-2003 ж. – «Республикалық инновацияық қор» ЖАҚ вице-президенті, 1993-1998ж. «ТеxаКаBанк» ДК төрағасының орынбасары, «KZI-банк» ДК мүшесі. 1991 жылдан бүгінге дейін «Казиталфурнитура» БК мен «Лонро-Казахстан» БК ДК төрағасы, Қазақ-Британ сауда-өнеркәсіптік кеңесі мен Қазақ-Жапон экономикалық-ынтымақтастық кеңесінің мүшесі, «Boeing» (АҚШ), «Mitsui» (Жапония), «Enerqoprojekt» компанияларының кеңесшісі.
4-ші шегініс. Адай деген қандай ел?..
«Тамырларым – тереңде,
Бұтақтарым – биікте».
Жұмекен Нәжімеденов
Жеменейдің жомарттығы
Тәзіке, Қосай, Құнанорыс, Ақпан, Жеменей, Балықшы, Тобыш, Мұңал, болып, қалың қазақтағы «Сегіз арыс Адай» аталатын өзі батыр, өзі көп, қабырғалы бұл елдің ішіндегі Жеменейдің Мамыр атасынан тарайтын Нәби әулеті Атыраудағы Сам құмында қыстап, жазда Орынбор маңындағы қазақтың Тұзтөбе деп аталған кішкене тауына дейін көшіп барып жүретін. Орыстар келген соң ол жерге қазақы атаудың негізінде Соль-Илецк деген қала салды. Негізі, сегіз арыстың бірі Бұзау аталуы тиіс еді, бірақ, Бұзаудың емес, оның баласы Жеменейдің аты шыққандығы себепті Адайдың бір бұтағы соның атымен аталып кеткен. Ал, «батырлар елі» атанған Адайда Жеменейдің есімі ел ішінде ерлігімен емес, елден асқан мырзалығымен шықты. Әрине, қазақтың ішінде мыңғырған мал айдаған, уыстап күміс ақша, тұяқтап алтын жамбы ұстаған бай аз болмаған, бірақ, «қатты жерге қақ тұрады, қатты ерге мал тұрады», мал біту үшін қажетті басты қасиеттің өзі теңге тұрмақ тиынды да оңайлықпен шығара қоймайтын сараңдық, есесіне бірді екі ететін алғырлық болса керек. Байлық пен жомарттықтың тізгінін тең ұстаған адамдар қай заманда да, қай елде болса да өмірге сирек келетін дара тұлғалар. Жеменей қырдағы түрікпен мен құмдағы Еділ қалмақтарына қарсы соғыста қазақ қосындарынан мал мен қару-жараққа қаржыны аямайды екен. Содан қалмаққа қарсы бір жорықтан олжалы қайтқан қолбасшы қайтарда Жеменейдің аулына арнайы ат басын бұрыпты.
-Байеке, екпіндеп барып, еңсеріп қайттық. Еңсергеніміздің белгісі – қалмақ ханының асыл болаттан соққан Ақсауыттай пыранын, қашса құтылған, қуса жеткен Аққұладай пырағын, кірсе қараңғы бөлмені жарық қылған Ақсұқсырдай ару шырағын олжалап қайттық, қалағаныңызды алыңыз! – дейді.
«Қазақтың Қадыры» атанған, қанатты сөзге, нақыл сөзге айналып кеткен өлең жолдарының көптігінен ұлы Абайға ғана жол беретін, теңдессіз ақындығымен қатар таңғажайып тапқырлығы да елге аңыз болып тараған, күні кеше ғана арамыздан кеткен, әр сөзі мірдің оғындай асыл ағамыз Қадыр Мырза Әлі өзінің «Шетелдік қонақтарға қазақты таныстыру» деген әйгілі өлеңінде қазақ жанының жомарттығын «қазақ осы алудай-ақ алатын, ал, беруден алдына жан салмайтын» деп, ежелгі би-шешендер жолымен екі-ақ ауыз сөзбен одан артық, одан дәл айту мүмкін емес етіп, жеріне жеткізе сипаттап кеткен жоқ па еді. Бұған дейін берекелі Маңғыстау түбегінде «беруден алдына жан салмай» келген Жеменей жомарт та осы жерде «алудай-ақ алатын» аса сирек сәттің туғанын сезді.
-Е, батырым, сен күнде бұндай олжалы болмассың. Болсаң да күнде маған бұлай қимассың. Ал, береді екенсің Ақсауытты кимей бер, Ақсұқсырды тимей бер, Аққұланы мінбей бер! – деді. «Біздің біразымыздың көзіміздің қысықтау келетіні сол Ақсұқсыр апамыздан тарағанымыздан» деп отырады Жеменей ұрпақтары. Солардың ішінде Жауғашты да бар...
Жауғашты демекші, «адам текке тартпай тұрмайды» дейді қазақтың нақыл сөзі. Мұны Майлықожа ақын:
«Қанша малды болса да,
бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса да,
жақсыдан жаман туса да,
тартпай қоймас негізге!» деп өлеңмен әдемі кестелеген.
Жеменей бабасының байлығы да, байлығына сай жомарттығы да Жауғаштының бойынан табылады...
Ер Қосайдың өкініші мен өнегесі
Адай шежіресінде Қосай мен Тәзіке Құдайкеден, қалған алтауы Келімбердіден тарайды. Қосайды батырлығы себепті Ер Қосай деп атайды. Бекет туылып, «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет, тілегімізді қабыл ет!» деп қашан пір Бекет атанғанға дейін Адай батырларының жауға шапқандағы, жалпы қалың Адайдың ұраны болатын Қосай – осы Ер Қосай. Адайлар жиын-тойда батаны Қосайдың ұрпақтарына жасатады, тіпті қол жинап, жауға аттанарда да қолдың басшылары: «Араларыңда Қосайдан кім бар?» деп сұрайтын болған. Егер Қосай ұрпағынан ешкім болмаса, онда жол оңғарылмайды деп, жорықты кейінге қалдырып отырған. Немесе сол маңдағы жақын ауылдарда бар болса, Қосай атаның ұрпағының үйіне түсіп, оның рухына бағыштап мал сойып, дәм беріп, құран оқытқаннан кейін ғана жолға шығады екен.
Жауғаштының өзінің туған анасы Әзиза да, тәрбиелеп өсірген әжесі Әзен де осы Ер Қосайдың ұрпақтары. Анасы байлар көп шыққан Тінейден, әжесі батыр мен би көп шыққан Байболдан. Әжесі атақты Есек мергеннің тікелей ұрпағы. Осы себепті де Ер Қосайдың өміріне көбірек тоқталғанды жөн көрдік.
Ал, Ер Қосайдың өмір жолы өнегеге толы. Алпыстан асып, елінің аузындағы ұраны, сұңқарларын бастайтын қыраны атанып, Әлдеке, Төлен, Сүйін атты шетінен батыр үш ұлы, олардан Бегалы, Бердіқожа, Қуаныш, Кеніш, Едіге, Ермек атты алты немересі өсіп-өніп, көбейіп-көгеріп, төрт құбыласы түгел, болып-толып тұрған шағында інісі Ақпан алты ата Әлімнің ішіндегі Шекті руының, бұл Қыз Жібектің елі, біраз малын барымталап алып келеді. Қосайдың «кісі ақысын жеме, біреудің малын қайтар, обал болады» деген сөзін інісі тыңдамайды. Кешікпей қуғыншы да жетеді. Жылқыны алған осы ауылдың жігіттері екенін індете келіп отырған шектілер салмақты ел ағасы, қасиетті адам ғой деп Қосайдың өзіне салады. Қосай інісін ұстап беруге қимай, жалған сөйлейді. Бұны жыршы Рәтбай Мұратбайұлы былай суреттейді:
Ақпанды көріп жылқымен,
Ер Қосай қатты налынды.
Ізінше жетті қуғыншы:
«Көрдің бе Қосай малымды?»
«Көрмедім осы орнымда»,
Деді-дағы Ер Қосай,
Ант-су ішіп қайтарды,
Қуғыншы Ноғай Сәлімді.
«Көрмесең көзің шықсын» деп,
Қарғысын айтып ол кетті,
«Алсын» деп «Құдай барыңды!»
Арада біраз уақыт өтеді. Бұл кезде Адай елі Сырдың бойын мекен етіп жүрсе керек. Көктем шығып, мұз түсіп кетпей тұрып, арғы бетке өтіп алайық дегенде, көштің алдында кеткен Қосайдың өзі аман қалады-дағы, қалған үш ұлы, алты немересінің ауылы түгелімен дарияның ойылып кеткен мұзының астында қарап болады. Соның алдында ғана жаман түс көрген, одан да бұрын қиянаты есінде, «Құдай-ау, өзің жар бола көр!» деп жүрген Қосай мына сұмдықты көріп тұрғанда «бұ дүниенің қарызы, о дүниеге кетпейді» дейтін халық даналығының дұрыстығына тағы бір рет көзі жетіп, күнәсінің жазасын көп ұзамай-ақ тартқанын түсінеді. Қолынан келер қайран жоқ, «Ей, Алла-Тағала, соңымды бер, соңымды берсең оңымды бер!» деп тілек айтуға ғана шамасы келеді...
Бірақ, қаншама қайратты ер дегенмен, бүкіл жазықсыз ұрпағының обалына қалғаны жанын қаңтардағы аяздай қарыған қарт батыр жылай-жылай екі көзінен айрылып, суқараңғы соқыр болып қалады. Қосайдың інісі Тәзікенің Ақыл атты әйелі қайынағасын күйеуі жоқта түзге өзі ертіп апарып жүріп, оның кіші дәрет сындырған жері ойылып қалатынын, демек, қуатының бойында екенін байқап, күйеуіне айтады. Тәзіке ағасының көңілі қалай екенін білмек болғанда Қосай:
-Е, мен бұрындары батыр Қосай едім, бүгіндері соқыр Қосаймын. Енді маған кім қызын берер дейсің. Мына түрікменнің ішінде менің серттескен бір досым болатын, соның 3 қызы бар еді. Тірі болса, маған қызын қиса сол досым ғана қияр, - депті.
Қосайдың туыстары «біз жесір әйел қарастырамыз десек, батыр аға қыз алмақшы екен ғой» деп, ақылдасып, ағайын арасынан сөз бен жөнді білетін үш адамды түрікмендерге жөнелтеді. Олар жай ғана құда түсе салмайды, «ойымызды айтайық, қайсысын берсе де ырза болып қайтайық» демейді, Қосайдың досының үш қызының ішінен таңдап отырып, сынаққа шыдаған кіші қызына сырға салып келеді. Түрікменнің Оғылмеңлі есімді осы қызынан бір нұсқада 6 ұл тараған десе, басқа бір нұсқада жалғыз ұл болған. Тәзіке «баланың атын кім қоямыз?» дегенде үлкендер «біз лайықты есім таба алмай отырмыз, баланың атын не де болса Қосекең өзі қойсын» дейді. Сонда Қосай: «Антын ұмытпай, достығын бұзбай, маған жас қызын қиған түрікмен досымның құрметіне Түрікпен адай болсын» депті. Осы нұсқаның тағы бір тармағы ретінде ұл туған Оғылмеңлі шалына «түрікмен анадан туғаны есте сақталсын, Түрікпен адай атасаңыз» деген өтініш айтады. Түрікпен адайдан барып әлгі алты ұл тараған деседі. Оғылмеңлі ақылды, парасатты адам екен. Емшілік қасиет те дарыған жан болған көрінеді. Кей аңызда Қосайдың зағип көзін Оғылмеңлінің өзі емдеп жазып алған делінеді.
Қазақтың әрбір аңызы секілді Жеменей мен Ер Қосай туралы осы шағын ғана екі аңызда түсіне білген адамға қаншама ұлағатты сөз, тәлім мен тәрбие жатыр!
Әр тайпасының өзі бір мемлекет ел
«Қазақтықтың бірінші
белгісі – сөзде тұру!»
Мәшһүр-Жүсіп
Осы жерде адамзаттың ұлы перзентінің бірі Карл Маркстың «әр ұлтқа да әр адамға берген сияқты сипаттама беруге болады, олай етпеген күнде ұлт пен ұлттың айырмашылығы болмай қалады» деген ұлағатты сөзін еске ала отырып, біздің басты кейіпкеріміз Жауғашты шыққан қазақтың 25 ата Кіші жүзіндегі Адай деген ел қандай ел еді деген сұраққа аз-кем тоқтала кетсек. Және оқырман қауым «бұл өзі жиырма бірінші ғасырда руды сөз етіп отырған қандай адам?!» деп ұшқары пікір түюге асықпаса деген өтінішіміз бар. Себебі, тәуелсіздік келгелі бері қазақ ортасында ру мәселесі көп көтеріліп жүр. Орысы да, орманы да, тіпті өзіміздің кейбір ағаларымыз да «қазақ әлі ұлт болып ұйыса алған жоқ» деген ойды айтып қалады. Қасиетті Құранда «біз сіздерді ұлт пен ұлыс етіп жараттық» деген сүре бар. Соның ішінде қазақ халқының о баста жеке ұлт болып жаратылғаны, жаратылғанда да Алла-Тағаланың айрықша махаббатымен жаратылғаны автор үшін ешқандай күдік тудырмайды. Еврей халқы «Жаратушы Ие бізді басқадан артық етіп, ерекше сүйіпеншілікпе жаратқан, оған біздің өмір тарихымыз куә» дейді. Ал, егер шынына келсек еврей халқы қазақтың басынан өткен небір зобалаңның ширегін де көрген жоқ. Себебі, олардың отаны қазақтың Алтай мен Атырау арасындағы аймақ секілді тарихи, табиғи түрде тоғыз жолдың торабы да, жердің шеті, жаудың өті де емес еді. Адамзат тарихында Наполеон мен Гитлердің жорығы ғана қазақ жерінен жырақ өлкелерді қамтыды, ал, қалған ұлы жорықтардың ішінде сайын даланы басып өтпегені жоқ. Жұбан Молдағалиев ақынның «мың өліп, мың тірілген» деген сөзі қазақтың өміріне, өткеніне берілген асқан дәл баға. Қазақтың әрбір ірі руының өзі баяғыда-ақ ұлт болып ұйысып қойған. Үйсін, Қаңлы, Арғын, Найман, Қыпшақ. Қоңырат, Алшын, Адай сияқты тайпалар бұдан екі жарым мың жыл бұрын-ақ мемлекеттік құрылым дәрежесіне жеткен, соның арқасында олар біздің дәуірімізге дейін Геродот, Страбон секілді грек, Сы Масян, Бан Гу секілді қытай тарихшыларыны деректерінен орын алған, соның арқасында Кир, Дарий, Ескендір, Шыңғыс хан секілді әлемнің жартысын жаулап алған жаһангерлердің шыныққан қалың қолдарына төтеп бере алған. Сайрам, Түркістан, Тараз тәрізді қалалардың салынғанына 2000 жылдан асса, Шыңғыс хан жорығының алдында Алматыдан Арал теңізіне дейін 27 гүлденген шаһар өмір сүріп тұрды. Алдымен Шыңғыс хан - сол 27 қаланың бір де біреуі моңғолдарға Самарқанд пен Бұқара секілді қақпасын ашып бермеді, бермегені үшін тас-талқан етіп қиратылды! – қалыптасып калған дала мемлекетін, одан енді есін жиып, еңсесін тіктей бергенде Әмір-Темір қазақ елінің дамуын кем дегенде 500 жылға артқа қарай лақтырып тастады.
Оларға дейін елдің бәрінен бұрын алдымен мыс, соңырақ темір қорытудың сырын ашып, соның арқасында өз заманында әлемдегі ең озық технологиялы ел бола алған, ең бастысы өз жазу-сызуы, адамзат тарихындағы он үш әліпбенің біріне ие бола алған ұлт қана бұдан мың жарым жыл бұрын Түрік қағанаты (кейін ол Батыс және Шығыс Түрік қағанатына бөлінді), Түркеш, Хазар қағанаты секілді алып мемлекеттерді құра алады. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша «өзбек (?) халқының ұлттық эпосы» деп, жазылғанына 1000-жылдығы тойланған (біз әдеттегідей ұлт абыройынан да «маңызды мәселелермен» айналысып жүріп, өзімізге еншілі дүниемізден айрылып қалдық) «Алпамыс» дастаны мен «Құтты білік» секілді жауһарларды дүниеге келтіре алады. Тарихын тасқа қашап жаза алады! Олардың сол кезде жазғанын бүгінгі қазақ ұрпағы аудармасыз дерлік оқи алады. Айдалада тек қойын құрттап, қатығын ұрттап, көшіп-қонудан басқаны білмеген халықтың қолынан ондай ұлы істер келмейді. Мұндай мойын бұлтартпас дәлелдерді көз алдында тұрған түйені де көрмейтіндер ғана мойындамайды. Біз кәзір басымыз онша бірікпей жүрсе бүкіл қазақтың өз даму сатысында бір ұлт болып ұйысу деңгейіне әлі жете алмағанынан емес, керісінше, әрбір ірі рудың тегіндегі, қанындағы өзін мемлекет құрушы ұлт санап үйреніп қалған ірілігінен! Ғабит Мүсірепов атамыз айтып кеткендей сыймай жүрмегендігімізден емес, сыйыса алмай жүргендігімізден.
Жалпы, жазба тарихты қысқаша көзбен шолып шығар болсақ, Кіші жүз Алшыннан тараған делінеді. Бұл ат Ашина түрінде біздің дәуірімізге дейінгі тарихи жазбаларда кездеседі. Геродот пен Страбон «Каспий теңізінің шығысын Дай және Алимби деген скиф тайпалары мекен етеді» деп жазады. Бұл тайпалардың кәзіргі Әлім мен Адай руларының арғы ата-бабалары екені ешкімге дау тудыра қоймаса керек. Солай бола тұра Адай бауырларымыз осыдан 5-6 жыл бұрын Адай атаның туылғанына 500 жыл деп атап өтті. Біз ол азаматтармен дауласып, пікірталасқа түсіп жатқымыз келмейді. Бірақ, «сөздің өтірік-шынына қарама, сөздің қисынына (логикасына) қара» деп үйретіп кеткен әлемдегі математикаға ең қабілетті үш ұлттың қатарына жататын қазақ даналығына салсақ, тарихи тұрғыдан бар болғаны кеше ғана, 1500 жылдары Адай дүниеге келетін болса, одан тарайтын ұрпақ әр адай жігіті екі әйелден алып, оның әрқайсысы Адай атаның өзі секілді 8 ұлды өсіріп отырған еді деген күннің өзінде де 1723-жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін қазақ жерін жоңғарлардан азат ету үшін Әбілқайыр ханменен майданға мыңдаған адай жігіттерінің сап түзеп шыға алуы екіталай.
Жарайды, бұны енді сол 500-жылдықты ұйымдастырған жігіттердің парасатына салайық-тағы, Адай елінің келбетін ашатын сипаттама оқиғаларға келейік.
...Атамыз Ақжігіт Созақ көтерілісінің Салықбай мерген бастаған 18 мергенінің бірі болған. Атылып, ажалы жоқ аман қалып, атылған жерінен түнде қашып шығып, жетім бес жасар жалғыз ұлын алып (әжеміз Күлажар қайтыс болып кеткен екен), қақаған ақпанда Қаратауды бойлап күндіз жатып, түнде жүріп, бір тайлаққа мінгесіп Тәжікстан асады. Әкеміз Әбдіуәли атамыздан 18 жасында қалып, 1943-жылдан 1959-жылға дейін Тәжікстандағы түйекеш қазақтың бірі ретінде Самарқандқа кіре тартып келіп тұрады екен. Самарқанд негізі тәжіктің жері болғандықтан бұл қалада әлі күнге дейін тәжік көп, бірақ, олардың бәрі дерлік кәзір өзбек болып жазылып кетті. Міне, осы көне шаһарға келіп жүргенде басқа бір керуеннің құрамындағы екі адай жігіті базардың қақ ортасында тәжіктермен екі сөзге келмей төбелесе кететінін көреді. Бір күні әкеміз қатар құрбыларына жаны ашып:
-Өзіміз төрт түліктің төресі жарықтық түйенің арқасында «бронь» алып, соғысқа бармай кіре тартып, кірекеш атанып, күнін көріп жүрген ат төбеліндей аз ғана қазақпыз. Сөйтіп жүріп, сен екеуің тәжіктермен қит етсе төбелесуге дайын тұрасыңдар. Байқасаңдаршы, олар көп, біз азбыз, бір күні болмаса бір күні тәжіктің таяғының ұшында кетесіңдер ғой,- депті. Сонда әлгі екі адай жігітінің бірі әкемізге ажырая қарап:
-Ой, мәжнүн, көптен көп өледі, аздан аз өледі, соны да білмейсің бе?! – деген көрінеді...
...Сәбит Мұқанов атамыз 60-жылдардың басында Маңғыстауға барыпты. Сонда жүріп, адайлардың бір түрікпен жігітімен қашып кеткен жас қызды қуып жетіп ұстап алып, тірідей өртеп жібергенін естиді. Кеңес дәуірінде, аспанға адам ұшып жатқан заманда орын алған мына оқиға жазушыға асқан бір жабайылық болып көрініп, ертесіне халықпен болған кезекті бір кездесуде осы ойын айтып, адайларды ұялтпақшы болады. Сонда көптің ішінде отырған бір мұртты шал орнынан тұрып:
-Әй, Сәбит, мен сенің құрдасыңмын. Сен біздің бұл ісімізге араласпа, әйтпесе мына дырау сенің жотаңда ойнайтын болады! – деп қамшысын білейді. Ұялады деген адайларынан мынадай сөзі естіген жазушы қонақүйге келген соң да көрген-естіген оқиғасынан есін жия алмай отырса, Алматыдан баласы Арыстан қоңырау шалыпты. Қазақ зиялыларының балаларының маңдайына «жазған» тәрбиемен орысшалап, әрі ата-анасына сен деп сөйлейтін орыстың әдетімен :
-Папа, поздравляю, у тебя внук! Как ты его назовешь? – дегенде бойын билеген сұрапыл сезім сейілмеген Сәбең:
-Аты Адай болсын, Адай! – деп қалай айқайлап жібергенін өзі де байқамай қалады...
...Тағы да сол Маңғыстау. Жүсіпбек Елебекев, ол да сол жылдары болса керек, Маңғыстауға барып концерт беріпті. Үшінші күні концерттің соңына таман адайдың бір шалы:
-Жүсіпбек, өнеріңе рахмет, енді қазақшалап Мұхиттың әндерінен айтсайшы! – дейді гүрілдеп. Өкпелеген Жүсекең қайтып Маңғыстау жаққа ат ізін де салмапты, Маңғыстауды аузына алмауға да тырысыпты...
...Осыдан жиырма жылдай бұрын осы жолдар авторы Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында, «Сүткент» кеңшарында бір машина салы (ақталмаған күріш) алып, Шардараға әкеліп, күріш тазалайтын шағын зауыттарды аралап көрген жайы бар. Күздің күні, маусымның қызған шағы, зауыттарға келіп жатқан күріш көп, қай жерге барсақ та «тастап кетіңіз» деген сөз естиміз. «Мақұл, тастап кетейік, қашан келіп аламыз?» десек, оған нақты жауап тағы жоқ. Шардарада жата беру де ыңғайсыз ғой. Содан қасымда жүрген, Шардарада тұратын, әйелімнің нағашысы, Қоңырат руының Нұралы атты жақсы бір азаматы бар еді, сол:
-Өмеке, енді біз бармаған бір ғана зауыт қалды, директоры өзіңнің Кіші жүзің, Адай жігіт, саған сол жәрдем бермесе, - деді. Бардық. Барсақ, өзім Шымкенттегі технологиялық институтта сопромат пәнінің оқытушысы болып істеген кезімде сабақ берген шәкіртім екен.
-Ой, ағай, қайдан жүрсіз? – деп қауқылдап қарсы алды.
-Шырағым, мен сенің мұнда екеніңді білген жоқпын, және өзіңді рушылдығым ұстап іздеп келгенім де жоқ. Сенің тіпті Адай екеніңді кәзір біліп отырмын, тек мен мына «тастап кетіңіз, әйтеуір бір аласыз» деген жауаптан шаршадым. Сен бір сөзді елдің баласысың ғой, маған ия нақты келетін күнімді айт, ия болмайды деген сөзіңді айт! – дедім. Сөйтіп едім, әлгі жігіт күлді де:
-Ой, ағай-ай, біз көшіп келгелі жиырма жыл, баяғыда Адайдан Қоңыратқа айналып кеткенбіз ғой! – деді...
Мен содан бері оңтүстіктегі адайларды «сендер 2-сорт адайсыңдар» деп әзілдейтін болдым. Бұл сөзімді 2000-жылы дәм-тұз тартып, жарты жыл Жаңа Өзенде жұмыс істеп қайтқаннан соң тіпті жиі айтатын болдым. Неге? Мен маңғыстаулық бірсөзді Адай деген халықты көрдім. Бекет-атаның басына оның 250-жылдығына орай сол жылы тұрғызылған зәулім ғимарат-кешенді көрген соң өзімнің күнгейлік қазақ екенімді айтуға ұяла бастадым. Себебі, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидың басында әлі күнге дейін мидай далада, ең жақын елдімекен 130 шақырым жерде, Кавказдағы Әскери-грузин жолы секілді тау мен тасты қиялап баратын қара жолмен ғана жететін (былтыр жартылай тасжол салыныпты) Оғландыдағыдай ғимарат салынған жоқ. Рас, кейбіреулер «Адайлар Оғландыға ондай ғимаратты мұнайдың күшімен салды ғой» дейді. Ол да бар, бірақ, оны ең алдымен халықтың рухының күшімен салды. Мен үлкен істі жүріп бара жатып, бір ғана сөзді күңк етіп айтып бітіре беретін елді көрдім. Олар оны бітіру үшін біз секілді арнайы жиын жасап, бәтуаласып жатпайды. Бір сөз жай ғана айтылады, сол жетеді. Қазақтың «мен – азаматпын!» деген жігіттерін, әсіресе ел билеймін дейтін, елді билеп те жүрген жігіттерін Оғыландыға мемлекет есебінен жыл сайын бір рет те болса міндетті түрде жіберіп алған жөн деген ойға келдім...
2010-жылы күзде Маңғыстау Бекет-атаның 260-жылдығын тойлады. Арнайы шақырылған көп қонақтың ішінде біз де бардық. Бара жатып, бұрын Маңғыстауда болмаған шымкенттік Жаңабек досыма: «Адай деген өз алдына бөлек ұлт!» деп әзіл-шынын араластырып әңгіме айтып бардым. Маңғыстаулықтардың әкім-қарасы болып, қарашасы болып, ешкімнен жасқанбай мемлекеттік бюджеттің қаржысына тойды үш күн бойы қалай өткізгенін көрген, біздің билік «Орта Азияның барысы боламыз!» деп барысты бүгінгі күннің тотемі етіп жүргенде биліктен де, басқадан да қорықпай-үрікпей-ақ Оқпан тауда ақындардың атасы Сүйінбай:
«...Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ еске алсам,
Қозады қай-қайдағым!» деп жырлаған қазақтың ежелгі ұлттық тотемі, бір заманда өзін ақ сүтін беріп асыраған анасы – Көк Бөріге зәулім ескерткіш (!) тұрғызып қойған, оның тұғырына Адайдың тумасы, «әр қазақ – менің жалғызым!» деп өлмес-өшпес өлең жазған біртуар азаматы Сабыр Адайдың:
Тіріден болсаң –
Адалдан болсын жиғаның!
Өліден болсаң –
Жолдасың болсын иманың! – деген, күллі елге ұран болар сөздерді ойып жазып қойған, Оғыландыда Бекет атаның басына керемет кешенді түнемелік жай тұрғызған жұртты көрген досым:
-Сенікі әзілі жоқ, таза шын сөз екен! – деді.
Шымкенттік адайларға енді ол да «сендер 2-сорт адай екенсіңдер, нағыз адай ана жақта, барып, оқып, тәжірибе алып қайтыңдар» деп әзілдейтін болды. Әзілдесе де шынға бергісіз етіп айтатын болды.
...Жауғашты Нәбиевпен «Қызыл туда» бірге жұмыс істеген Гүлнәр Еспаева айтады: «Бізде фирмада істеп жүргенде Шолпан Тіленшина құрбымыз бірде күйеуінің мінезінің нашарлығын айтып қоймады. Жайшылықта ол сыпайы әйел, сол жолы не болғанын білмеймін, жамандай берді. Мен шыдамай кетіп: «Ендеше неге сондай мінезі жаман күйеумен тұрып жатсың?!» десем, «қайтейін, ол Адай ғой!» дегені...»
Міне, Адай деген осындай ел. Нағыз қазақ. Қазақ болған соң әр сөзі мірдің оғындай Қадыр ағамыз айтпақшы «жақсысы жаманымен бірдей». Біз бұл жерде оның жаманын жасырып, жақсысын асырып, біржақты кетуді ойламадық, жаман жағын көрсете кетуді де мақсат тұтқан жоқпыз, біз тек негізінен Адайды Адай етіп тұрған қырына назарларыңызды аудартуға тырыстық. Осындай ортада туып-өскен, тәлім алған Жауғашты туралы әңгімемізді одан әрмен жалғастырайық...
Үш жұртын ұлықтайтын жалғыз ұлт
Жауғаштының атасы Нәби деген кісі ауқатты, оның үстіне шамасының келгенінше сопылық жолды ұстанған адам болған. Қазақ даласының батысында оларды сұпы деп атайды. Осылай атаған бір есептен дұрыс та шығар, өйткені олар бұл өмірдің күнделікті күйкі-күйбең тіршілігінен баз кешіп, бар өмірін хақиқи таза дін – исламды насихаттауға, соның жолына арнаған таза сопылар, тақуалар емес болатын. Бірақ, барынша тазалыққа жақын болуға, пендешіліктен бойын аулақ салуға ұмтылатын. Мүмкін, сондай адал пейіл, ақ ниетті болғаннан кейін де шығар, Алла-Тағаланың Нәбидің басын малды-жанды еткені. Үш әйелінен сайдың тасындай сегіз ұл, қызғалдақтай бір қыз көргені. Және үшінші әйелі Әзен Нәбидің бәйбішесінің жақын туысы болатын. Қазақ: «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» дейді. Жауғаштының ақ сүтін берген анасы Әзиза да, тәрбиелеп өсірген, адам еткен, «мама» атанған әжесі Әзен де осы Ер Қосайдың ұрпақтары екенін біз жоғарыда айтқан болатынбыз.. Ер Қосайдан тарайтын атақты Есек мерген өзінің аталары екенін әжесі от басында мақтан етіп айтып отыратын.
Айтпақшы, осы жерде "мама" сөзіне анықтама бере кеткеніміз жөн шығар. Оны біз әдетте шешесін "мама" деп атайтыны себепті орыспен бірге келген сөз деп ұғамыз. Ал, шын мәнінде "мама" - көне сақ сөзі, ол "желін" деген мағынаны берген. Соның дәлелі ретінде бүгінгі күнге ықылым заманнан бізге сауын биелерге байланысты айтылатын "мама бие", сол биелер байланатын "мама ағаш" деген сөздер жетті. Араласып жатқан ел болғаннан кейін ұрғашы жынысқа қатысты айтылған бұл сөздің әйелдерінің омырауы әрі жартылай ашық-шашық жүретін, әрі үлкен келетіндіктен "что вмещается на ладони - женская грудь, что не вмещается - вымя" деп әзіл-шыны аралас сипаттама беретін орыс халқында әйел балаға байланысты айтылып кетуін қалыпты жағдай деп қабылдауымыз керек...
Әзеннің үлкен ағалары Абдолла хазірет атанған, мешіт ұстаған ғұлама адамның тумаласы болып келеді, ол мешіттің аты да, сол мешіттің атымен ол орналасқан жер де Көкмешіт деп аталған. Бұл – Сағыздан 16 шақырым жерде, Ақтөбе обласының Байғанин ауданында. Көкмешіт колхоздың орталығы болды. Жауғашты туып-өскен «Бас ауылдан» Сағыз стансасы батыста 7 шақырым жерде, ал 200 метр жерде шығыста Ақтөбе облысының шекарасы өтеді. «Бас ауылдан» бір жарым шақырым жерден Гурьев-Орынбор темір жолы салынды. Темір жолдың шығысы – Байғанин ауданы, батысы – Гурьев облысының Қызылқоға ауданы. Ол жол Орынбор-Ташкент күре жолына барып қосылатын.
Көкмешіт аулында үлкен қорым бар, қорымды батыстағы қазақ қауым деп атайды, осы қауымда «Хазіреттің ауласы» деген аула бар, ол ауланың ішінде хазіреттің тұқымынан тек өзі ғана жатыр, қасында Нәби мен оның үш ұлы - Аққұлы, Назарбай және Жолан жерленген. Ең соңғы рет бұл қорымға 1960 жылы Жоланның қасына өзінің өсиеті бойынша оның анасы, Жауғаштының әжесі Әзен қойылған. Хазіреттің тұқымы ауланың сыртында. Бұл Нәби тұқымына нағашылармен әзілдесіп-қалжыңдасып ойнауға жақсы бір желеу, «көрдіңдер ме, хазірет қасына сендерді емес, күйеу баласын, жиендерін алып жатыр...»
Қазақ «жігіттің үш жұрты бар: өз жұрты – күншіл, қайын жұрты – міншіл, нағашы жұрты – сыншыл» дейді. Сондықтан ең жанашыр жұртың – нағашы жұртың дейді. Одан бөлек «өз жұртың бар болса бере алмайды, жоқ болса көре алмайды»; «еркелігің ұстаса нағашыңа бар; кісілігің ұстаса қайын жұртыңа бар» деген де сөз бар. «Үйдің (киіз үйдің деген сөз) жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деп және кесіп тастайды. Бұдан басқа да үш жұрт жайлы сөз көп, оның бәрін тізіп шығу бізге мақсат емес. Бәрін қорыта келгенде «алып – анадан, ат – биеден туады» дейді. Неге? Атаның ұрығы қанша жерден асыл деген күннің өзінде бала ананың құрсағында тоғыз ай он күн жататын болғанан кейін, барлық нәрді-сөлді ана денесімен жалғасқан кіндіктен алатын болғанан кейін, ана рөлінің бала жаратылыс-болмысындағы рөлі ерекше екенін өте ерте заманда-ақ пайымдай алғаннан кейін осылай айтады. Қазақ жиенді қатты еркелетеді. Жиенді ұрмайды, «қолың қалтырап қалады» дейді. Жиеннің сұрағанын береді, «қолын қайтарсақ әруақтардың құзырына ұшыраймыз» деп қорқады. Бір үйде он, тіпті он бес бала болғанда да соның тек біреуі ғана әкесінің аузынан түскендей айнымай тартады, қалғанының көбі әдетте шешeсіне, демек нағашы жағына тартады. Сол себепті нағашы жұрт «жиен біздің атымызды шығарады» деп жиеніне үлкен үмітпен қарайды. Нағашысы мен жиені қатты қалжыңдасып ойнайды. Бірақ, қанша қалжың қатты болса да, кек тұтуға ешкімнің хақысы жоқ. Қазақтың осы үш жұрт туралы ұстаным-қағидасы ерекше құбылыс, бұл әлі аса терең зерттеуді, әлемге үлгі-өнеге ретінде насихат етіп таратуды күтіп жатқан теңдессіз рухани байлық.
Жауғаштының туған нағашы атасы Тәжі ахун атанған ғұлама кісі, Жауғашты тұрған колхозға көрші, батыс жағындағы «Ақкиіз» колхозының орталығы Шолақсай деген ауылда мешіт ұстаған білімдар адам болған.
Таскешуде тұратын Кете руының қажы кісісі қайтыс болғанда Абдолла хазірет те, Тәжі ахун да барады. Марқұмның киімін пішерде Тәжі ахун:
-Бұл кісінің Меккеге киіп барып келген мұнара шапанын кебінінің үстіне ораңыздар, - дейді. Ауылдастар дағдарып, Абдолла хазіретке жүгінеді. Хазірет:
-Арамызда шариғатты Тәжекеңнен артық білетін адам жоқ... – дейді. Сол оқиғадан соң ахунның біліміне тәнті болған қажының баласы «теңі келсе – тегін бер» деген қағиданы бетке ұстап:
-Үш қарындасым бар, қалағаныңды ал, - депті. «Атамыз сөйтіп шешемізді тегін алған» дейді Тәжі ұрпақтары. Бірақ, «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды», жігіт жағы «қыз қашар» деп аталатын, қалыңдықты әкеп салған жеңгесіне берілетін сый-сияпатты жасайды.
Тәжі ахунның перілерді бағындырғаны жайлы да ел арасында әңгіме көп.
Нәбидің үш ұлы – Қосай, Назарбай және Аққұлы соғысқа дейін өмірден өтті. Жасына қарай Қаймолда, Қалдығұл, Жүргентай, Жолан, Әшебек және Қосайдың ұлы Едіге соғыстан қайтыс болды. Соның ішінде жасы елуге толғаны себепті үйіне қайтарылған Қаймолда ауылға жете бергенде жеті шақырым жердегі Сағыздан барып түсуге шыдамы жетпей, «секіріп түсе саламын» деп пойыздан құлап мерт болды, Жолан 1943 жылы Сталинград түбінде алған ауыр жарақаттан елге, үйге келіп, 1945 жылы қарашада қайтты, осы екеуі туған жердің топырағын жамылып жатыр, қалған төртеуіне топырақ қайдан бұйырғанын кім білсін...
Өмірзақ Ақжігіттің «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» кітабынан үзінді
(жалғасы бар)