КӨКШЕЛІКТЕР ОРТАЛЫҚ ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАШАН ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ?
2016 ж. 01 наурыз
2202
1
Көрікті Көкшенің тұрғындары үшін қалаған уақытта ваннаға түсіп рахаттану пешенесіне о бастан жазылмаған секілді. Себебі, Көкшетау - еліміздегі орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ жалғыз облыс орталығы. Айта-айта жауыр болған бұл мәселенің қашан шешілетіні белгісіз.
– Мынау, міне «Аристон». Осыны 30 мыңға сатып алдық. Бұл әрі кетсе бір жарым жыл істейді, сосын басқасын ауыстырып саламыз. Ол тоқпен жұмыс істейтін болғандықтан әрі үнемі суды жылытып отыратындықтан, электр қуатына екі есе, үш есе артық төлейміз.Мына ваннаға ыстық су Аристоннан кеп тұрады. Ондағы судың мөлшері тек шайынуға ғана жетеді,-дейді қала тұрғыны Күлән Сүлейменова телеарнаға берген сұхбатында.
«Арқаның Аристоны» аталып кеткен бұл шырайлы шаһарға жылу орталығы салынады дегелі қай заман. Ал қалаға жылу беріп тұрған екі қазандықтың күні санаулы, әбден ескірген. Қақаған қыста ыстық су бермек түгіл қаланы жылытуға шамасы әзер жетеді.
- Біз жылу-электр стансасына өзіміздің көмірді ғана пайдалануымыз керек. Бұл біріншіден - отандық өнімге қолдау, екіншіден, соның есебінен экономикамыз дамиды. Бұған дейін жобаға израилдік компания да қызығушылық танытқан болатын. Қайсылары тезірек қолға алса, сол инвестормен жұмыс істейміз,- дейді әлі де ырғалып-жырғалып жүрген облыс әкімі Сергей Кулагин.
Біз де саусақпен санап көрелік. Біріншіден, өзіміздің көмірді жағу үшін де алдымен пеш керек емес пе? Екіншіден, жаңа жылу орталығын салдық деп отынды Америкадан тасымаймыз ғой. Іргесінде Екібастұз тұр. Олар Көкше түгіл Ресейді көмірмен қамтамасыз етіп отыр. Әлде біздің көмір жаңа пештің көмейін бітеп тастай ма? Үшіншіден, жылу орталығы болса, қуат көздері үнемделеді. Төртіншіден, жүздеген адам жұмыспен қамтылады... Одан арғы толып жатқан тиімділігін айтпай-ақ қоялық, оны бір емес үшінші рет облыс әкімі болып отырған тәжірибелі Сергей Кулагиннің өзі де жақсы біледі. Тек қана таза ниет пен нақты іс керек.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті