ҮКІМЕТ ҰСЫНҒАН ҚҰЖАТ СЕНАТТЫҢ СЫНЫНА ҰШЫРАДЫ
2016 ж. 01 наурыз
3301
15
Үкімет үш жылдық бюджетті қайта есептеп, Сенатқа таныстырды. Жаңа қаржылық құжатта мемлекеттік шығын 600 млрд теңгеге ұлғайған. Ал, кіріс керісінше 300 млрд теңгеге азайыпты.
Ақша негізінен тұрғын үй құрылысы, дәрі-дәрмек, жұмыс орындары үшін және апаттық жағдайдағы мектептерді жөндеуге жұмсалмақ. Сенаторлар осы әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыны құптағанымен, ЭКСПО көрмесі мен Универсиадаға қарастырылған қосымша қаржыға қарсы шықты.
Бұл жолы Үкімет үшжылдық бюджетті АҚШ ақшасынының теңгеге шаққандағы бағамы 360, ал мұнайдың баррелі 30 доллар деп есептепті. Сөйтіп, мемлекет шығыны 600 млрд теңгеге артып, 8 трл 266 млрд теңгеге тоқтаған.
Жұртты баспанамен қамту мәселесі бірінші кезекте тұр. Ол үшін 240 млрд теңге қаралған. Сенаторлар әлеуметтік салаға берілген қаржыны бірден құптады. Ал, 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі мен Универсиадаға қосымша ақша бөлінеді дегенді естігенде, бірден қарсы шықты.
Бірғаным Әйтімова, Сенат депутаты:
– «Нұрлы жол» бағдарламасына жеткілікті қаржы бөлінген. Бұған дейін бюджетті бекіткенде әбден пысықтап алдық емес пе? Енді неге тағы да ЭКСПО мен Универсиадаға қосымша қаржы берілмек?
Экономика министрі бұл сұраққа «Астана-ЭКСПО» басшысының өзі келіп, шығындарды түсіндіріп береді деп құтылды. Ал, Универсиаданың ашылуы мен жабылуына Елбасы ескерту жасағандай 11 млрд емес, 720 миллион теңге кетеді деді Досаев. Президент ескерту жасамағанда 10,3 млрд теңге қай жерден «жылы орнын» табар еді? Депутаттар ірі агробизнесті субсидиялау да қазына қаржысын далаға шашқанмен бірдей екенін айтты.
- 24 млрд теңге ақша бөлініп отыр. Сол тиімді ме? Әдетте ол қаржыны ірі олигархтар алады. Олардың ақшасы онсыз да жетіп артылады. Есесіне шағын және орта агробизнеске қаржы бөлінбей қалады, – деді сенатор Қуаныш Айтаханов.
Сол сияқты жастар саясаты, қазақ тілін дамыту, спорттық шараларды өткізу сынды идеологиялық жұмыстарға бөлінген қаржының қысқарып қалғанына қынжылды сенаторлар. Жоғары палатада жаңа бюджет төңірегінде әлі де талай тартыс болатын түрі бар.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті