Арандатудың ақыры
2016 ж. 26 ақпан
2377
1
Үндемеске болмайды...
Көне шаһар - Тараз қаласының маңайындағы Бурыл (Ровное) ауылында ұлты түрік 15 жасар жасөспірім қазақтың үйіне ұрлыққа түсіп (кейбір ұзынқұлақ бұл жігітті «нашақор екен» деп жатыр), кездейсоқ жағдайда ұрыны көріп қалған 6 жастағы қазақ баласын пышақтап кетіпті...
Әсіресе, әлеуметтік желілерде қатты «дауыл соғып», қазақтардың аттандап-айқайлаған дауыстар қаттырақ естілді. Сөз жоқ, қазақтың оқыста опат болған баласына жаның ашып, жүрегің сыздайды. Намысың да атойлап, ашуың ауыздықтатпайды. Бір жағынан: «Қашанғы қазақтың баласы жапа шеге береді?!» деп, жігерің құм болады. Бірақ...
Айналаңа қарап, әлемге зер салып, намыс-жігеріңді жүгендейсің. Әлемде қырғиқабақтық өрті тұтанып, «үп» десе лап етіп, жалынға ұласқалы тұр: қабырғалы елдер текетіресіп, тұмсық түйістіріп, табандаған заман...
Ал, айналамыз андыздаған жау, қазақтың ошағының түтіні түзу ұшқаны әлдебіреудің ызасын келтіреді. Береке-бірлігі бекем қазақ жұртының тыныштығының түндігін түргісі келген харампиғылдар аз емес...
Бұзық баланың қарапайым ұрлығы, аңдамай шоқ басқан тұрмыстық жағдай бір отбасына қайғы-қасірет әкелді. Сірә, өмірбойғы қоңсылар мұндай қысастықты алдын-ала жоспарламаған болар-ау?!. Ең бастысы, 6 жасар балақайдың ешкімге зәбір көрсетіп, тізесін батырмағаны ақиқат қой! Мысалы, балақан үйіне 5 минөт кешігіп кірсе, ешқандай қиянатқа душар болмас еді. Жазымға ұқсас жүрекке ауыр жағдай...
Қазақ Елінде көп ұлттар тұрып жатқанымен, ел мен жердің қожайыны - қазақ, яғни, елдегі кез-келген жағдайға да жауапты қазақ. Сондықтан, аталған жағдайға ұлттық-нәсілдік жік салып, ұлтаралық сипат беруге тырыспау керек. Қазір қылмыскердің үстінен іс қозғалды. Кавазоғлы отбасы ауылдан көшіп кетті. Мұның өзін екі ұлттың ақсақалдары ақылдасып, шешті. Қазаққа шынайы жанашыр адам - сабырға жүгінсе керек.
Ұлттың жаманы болмайды, адамның жаманы болады. Біз тәуелсіздік алғалы бері елімізді іштен шалғысы келген жағдайлар бірнеше мәрте қайталанды. Маловодное ауылындағы қазақ пен шешеннің, Малыбай мен Шелектегі қазақ пен ұйғырдың, Сарыағаштағы қазақ пен тәжіктің арасындағы кикілжіңдері араңдатудың нағыз өзі болатын. Құдай сақтап, сабырға жүгіне білдік!.. Әйткенмен, өкінішке қарай, Қырғызстан, Гүржістан, араб елдері (Араб көктемі), Сирия қасіретке ұшырып, арандатуға ұрынып қалды. Біздің еліміздің тыныштығы мен тәуелсіздігі өзгенің қателіктерінен сабақ алуға итермелейді. Ары мен ұятын жоғары ұстайтын қазақтың баласы обал-сауаптың да қадірін біледі. Сол себепті, кезкелген арандатудың ақырының қайғы-қасірет қана әкелетіндігін түйсінеді.
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz