Жұмыссыздар бюросы құрылса жақсы болар еді - жұмыссыз азамат
2016 ж. 23 ақпан
2078
3
Биылғы қыстың жайлы мінезі Алматы қаласына келіп, жабайы жұмыс орнын құратындар үшін өте тиімді болғандай. Қаңтар айының ортасынан бастап-ақ қалаға нәпақа табуға келетіндер Сейфуллин даңғылына қоныстанып алған еді. Еңбек нарығына көз жүгіртсек, бүгінде қаламыздағы құрылыс, коммуналдық шаруашылық салалары мен қала тазалығына жауапты мекемелерге жұмысшы қолының жетпей жатқандығын байқауға болады. Жүргізушілер де жетіспейді. Ал енді Сейфуллин даңғылында таңертеңнен кешке дейін тізіліп тұратын сайдың тасындай ер азаматтармен тілдесе қалсаңыз, олардың мамандығынан ат үріккендей. Сәулетші, жол инженері, құрылысшы, сантехник, дәнекерлеуші, тіпті, ауылдардағы емханалар мен ауруханаға жетіспей жатқан фельдшеріңіз бен тіс технигіңіз де осы көшенің бойында тұр. Бірақ, олардың өз мамандықтары бойынша жұмыс істегілері келмейтін көрінеді. Оның себеп-салдарын білмек болып, Сейфуллин даңғылын арқа тұтып жүрген бірнеше азаматпен тілдескен едік.
Азамат ҚАРАБАЕВ,
Алматы облысы, Ұзынағаш ауылының тұрғыны, мамандығы – инженер-электрик:
– Мен аудан орталығындағы жекеменшік түрік фирмасында үш жылдай жұмыс істегенмін. Бірақ, айлығымыз жартымсыз. Ауылда тұрсақ та қырық мың теңгемен күн көру қиынға соқты. Өткен жылдан бері осы жерге келгенмін. Табысым жаман емес. Өзіме күнделікті жұмыс табылады. Жаңадан үй салып жатқан байлар көп қой қалада. Мысалы, мен бір үйдің тұтас электр жүйесін жүргізіп беруді мойныма алсам, үш жүз, екі жүз мың теңге еңбекақы аламын және оны үй қожайыны қолма-қол төлейді. Ал мен тура осы жұмысты құрылыс мекемесінде істейтін болсам, көп болса, алпыс мың теңге айлық аламын және оны бір-екі ай күтемін. Жекеменшік мекемелерде жұмыс істеу өте қиын. Еңбекақыңды уақтысында төлемейді. Ал мына жерде қолма-қол ақша аласың. Жазда жұмыс тіптен көбейеді. Сондықтан мен үшін осы жерде тұрып жұмыс істеген тиімді. Кейде полицейлер қуалап, мазамызды алғаны болмаса, әкіреңдейтін басшы, қоқаңдайтын қожайының жоқ, тыныш өмір.
Таңат МҰСТАФАҰЛЫ,
құрылысшы, Ұйғыр ауданының тұрғыны:
– Ауылда жұмыс жоқ болғандықтан, қаланы жағалаймыз. «Өзен жағалаған өлмейді» демекші, тіршілігі қайнап жатқан қалаға келіп, бала-шағамызды асырайтын нәсібімізді тауып жүрген жәйіміз бар. Күнделікті табатын он-он бес мың теңге күнкөріске жетеді әйтеуір. Бірақ, жасыратын не бар, жаңа жылдан бері жұмысымыз сәл саябырсып қалды. Күн жылынып, жаз келсе, жұмысымыз қызады. Менің қалаға келіп, осылай жұмыс істегеніме төртінші жыл. Ауылда жерім бар. Оншақты қойым бар. Көкөніс егемін. Егін егемін. Осылай өз күнімізді өзіміз көріп жатқан жағдай ғой. Қаладағы құрылыс мекемесінде жұмыс істегенмін. Жұмысқа кіретін кезде айлығыңды жүз елу-жүз жиырма мың теңге деп қояды. Ал еңбекақы алатын кезде алпыс мыңды әрең қолыңа береді. Оны да бір жарым-екі ай күтесің. Мына жерде күндігіне бес мың теңге тапсақ та шәй-тұзыңды ажыратуға жарайды.
Ерік БЕРІКҰЛЫ,
сантехник:
– Өзім бір күн жұмыссыз болып көрген емеспін. Газетке хабарландыру беріп қойғанмын. Шақыру бойынша да жұмыс табылады. Мына жерде де күніне үш-төрт адамның жұмысын атқарып келемін. Сантехникалық жүйелердің бір тетігін ауыстыру менің қойған бағам бойынша 500-1000 теңге аралығында. Өзім жұмысымның ақысын айтқан кезде барған үйімнің жағдайына қараймын. Тұрмысы дұрыс болса, бағамды өсіремін. Ал енді, қарапайым тұрғындарға қалтасы көтеретін бағаны айтамыз. Мен ұсынған баға ПИК-терде жұмыс істейтіндердің бағасынан төмен болғандықтан болар, «клиенттерім» баршылық. Осы жерде тұрғанда жаныма бататын бір нәрсе, ол – байсымақтардың сені құл секілді көретіндігі. Бірақ, Абай атамыздың мақалын қағида етіп ұстанатындықтан, оған намыстанбаймын. Жұмысымды адал атқарып, адал нанымды тауып жүргеніме ризамын.
АСҚАР,
жұмысшы:
– Қазір бізді полицейлер көп қуалайды. Кейде осында тұратын жігіттер ақша жинап беріп, олардың ашуын басып қоямыз. Осындай заңсыз әрекеттер орын алмау үшін Пәтер жалдаушылар бюросы секілді арнайы бюро ашып қойса, атқарған жұмысымыздан тиесілі салығын ұстасын, ал жұмысшы керек адамдар осы жерге келіп, өзіне қажетті жұмыс күшін алып тұрса, екі жаққа да тиімді олар еді.
Р.S. Сейфуллин даңғылында тұрғандарға «Жұмыспен қамту-2020 Жол картасы» бағдарламасы туралы айтып көргенбіз. Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері де келіп, арнайы дәріс оқыған көрінеді. Бірақ… Жұмыспен қамту орталықтары ұсынған жұмыс берушілер төлейтін қырық-елу мың теңгені Сейфуллин даңғылында тұрған азаматтар місе тұтпайды. Олар 50 мың теңгені орташа есептегенде бір аптада табуға болады дейді. Біреудің қалтасын тінтіп қайтеміз, солай да шығар, дегенмен, көше жағалап тұрған осы азаматтарды көргенде құрылыс алаңдарымызда жүрген өзбек ағайындардың жанының сірілігіне таңқалмасқа лажың жоқ. Өзбек демекші, осында тұрған кейбір азаматтар құрылыс басшыларының жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуға құлықсыз екендіктерін де айтып қалды.
…Сейфуллин мен Құрманғазы көшесінің қиылысына сүліктей қара «Джип» келіп тоқтады. Жолда тұрған оншақты жігіт бізбен қош айтысуды да ұмытып, солай қарай тұра жүгірді. Көлік иесі доңғалағына жармасқандардың қылығын қызық көрді ме, тоқтамай жылжып барады. Ал сейфуллиндік жігіттер тайғанап жығылып қаламын-ау, болмаса аяғымды басып кетер деген қауіп-қатерді де еске алмастан, қара «Джипке» жармасып, көліктің дөңгелегіне ілесіп, кетіп барады. Асқар айтқан еріккендердің бірі шығар, «Джип» иесінің ойыны қанған секілді. Шевченко көшесіне дейін жігіттерді жүгірткен ол бағдаршамның қызыл көзі жана бергенде жүрісін күшейтіп, Сейфуллин даңғылымен төмен қарай зулай жөнелді. Ал алданған жұмысшылар оны боқтықтың астына бір алып алды да, өз орындарына қайта жайғасты. «Тоқ балалардың анда-мұнда келіп, осылай ашқұрсақтармен бір ойнап кететіні күнде болмаса да жиі болып тұратын көрініс», – дейді қара «Джиптің» иесін жақсылап тұрып тілдеп алған жұмыс іздеушілер.
Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ
Дерек көзі: almaty-akshamy.kz (Тақырып өзгертіліп берілді)