ЖЫЛҚЫМІНЕЗ
2016 ж. 23 ақпан
3748
0
...Бір тайды маңдайыма жазған шығар,
Жүген ап кірдім жырдың үйіріне.
Н.АЙТҰЛЫ.
Еркеторының екпінімен
Бәйгеге ат, құмай тазы, қыран бүркіт ұстаған балуан атасы Айттың қолында өскендіктен бе, бұл да бала жасынан өте жылқықұмар екен. Бір жерде жүйрік тай, жүрдек құнан бар десе, әкелеріне қыңқылдап жүріп алғызбай қоймайтын әдет тапқан. Содан шабандоз бала атанып, он алты-он жеті жасқа жеткенше жүйрік ат жалынан түскен емес.
Тіпті, Шұбартау өңіріндегі айтулы атбегі Мағауияның әйгілі Нарқызылмен де шапты. (Бұл тұлпардың тағдыры Мұхтар Мағауинның «Нарқызыл» повесінде жан-жақты баяндалған).
Бірде Игіліктің Құрманғалиы деген нағашыларының жылқысы ішінен әлжуаздау торы құлынды көріп қалғаны. Ел оны бүкіл Семей өңіріне аты шыққан Бұйрагер айғырдың баласы деп жүрді. Әлгіні де қоймай сұратқан. Бірақ нағашысы көпке дейін бергісі келмей, Несіп жиен жылап болмаған соң қиды-ау ақыры бір күні...
Оған өзі Еркеторы деп ат қойып алды. Расында да, сол торы тай өсе келе ерекше бітімімен де, әсем жүріс-тұрысымен де өзгешелігін танытқан. Сұйықтау құйрық-жалы да әсемденіп, оймақтай төрт тұяғы дөңгеленіп, ұзын қара кірпіктері сүзіліп, сұлулана түсті жануар. Көп жылдар жылқы баққан өз әкесі Тұрысбек болса шалдың қолында жүрген баласын:
– Әй, мен мына сәнқой торыдан жүйрік шығады дегенге сене алмаймын-ау. Сен болсаң екі ауылдың арасына далақтап кезек шауып, иттен озғанға мәз боласың! – деп мазақтайды.
Бәрібір сезімтал, бірбеткей бала өз дегенінен қайтпай, торы тайын мәпелеп ұстап, балалармен жарысуын тоқтатпады.
Тағы бірде қысқы каникулында мектеп-интернаттағы оқуына оралса, Еркеторыны малға сұрап мінген қойшы шал қатты пимасының қоншымен құнанның екі бүйірін әбден қажап, қызылшақа қылып тастапты. Соны көріп не істерін білмей жылап жібере жаздаған Несіп кетер-кеткенінше құнанының жарасына май жағып, ұзақ күтімге алды. Аттанарда ата-әжесіне Еркеторыны екіншіде ешкімге бермей, ерекше қарауды қадағалап қатты тапсырды.
Жазғасалым Баршатастың түбінде үлкен тай жарыс болады дегенді естіп тағы жеткен алқынып. Құнан бәйгені көремін деп кемпірі Балсарыны ертіп Мағауия ақсақал да келіпті арбасымен.
Торы құнанды көріп қалған қарт бапкер мән-жайға тез түсіне қалып Несіпке:
– О, жарайды! Тарт! Қосыл жарысқа. Қарама ешкімнің сөзіне, бірінші болып келесің! – деді қолын сермеп.
Айтқандай-ақ, сол сапар жиырма-отыз жылқыдан құлдырап қара үзіп келген Еркеторының даңқы бірден аспандап артты да кетті. Ұзақ уақыт бар аймақта бас бәйгені бермей, біреудің сүйінішіне, біреудің күйінішіне айналды.
Кейінірек Несіпбек онымен жайлаулары жапсарлас Шұбартау, Абай аудандарында жиі өтетін көкпарға да талай түсіп көрді. Әйткенмен, көбіне жан алып, жан беретіндей алапат тартыстың ішіне кіріп кетпей, серкені алып қашу міндетін атқаруға машықтанды. Қарулы қолдар лақты шеттеу жерде лыпып, ата жөнелуге даяр тұратын мұның алдына өңгеріп берсе болды, Еркеторы жүз қаралы атты шаң қаптырып, қос құлақты жымырып алып, атылған оқтай заулайды.
Бір күні жылқышы Тілеуберді ағасы Абай ауданында үлкен той болады, сонда көкпар тартылады екен деп келген. Оған Шұбартау ауданынан Еркеторы бастаған бес-алты ат апару ұйғарылды. Еркеторының келетінін естіген абайлықтар ойын орнын дереу өзгертіп, әріге қарай жиырма шақырымдай ішкерілете қойыпты. Сонда да он төрттегі Несіп қоймай барып, көкпарды қырық шақырымдай аралықтан алып қашып, бәсекелестерін атақты Кешбике кезеңінің өзек-өзегі арқылы адастырып, өз ауылдарына жеткізгенін әлі де ұмытпайды.
Өкінішке қарай, 1967 жылы Семейдің 250 жылдық тойындағы аламан бәйгеде Еркеторы ақсады. Себебі, әлдебір қаскүнемдер бәйге алдындағы түнде баланың ұйықтап қалғанын пайдаланып, күзетші болып жүрген әкесінің де көзін тайдыра беріп, бір сәт қараусыз қалған жылқыны мол сұлыға кіргізіп үлгеріпті.
Шабандоз бала шауып келе жатып, төртінші шеңберді айналғанда жағдайды тез түсінген. Бірақ бәрі кеш еді. Еркеторы мәреге үшінші болып жеткенімен, алдыңғы екі аяғы байпақтай болып ісініп, мүлдем жүруден қалды...
1972 жылы әкесі Тұрсекеңді Алматы іргесіне көшіріп әкелген Несіпбек баяғы жылқысақтық мінезді қоя алмай, бертінге дейін сол кісінің қолында әлденеше ат ұстады. Көршілес ағайындардың аттарымен, тіпті, қырғыз туысқандардың сәйгүліктерімен бәйгеге түсіріп жүрді. Алайда, сол жануарлардың бір де бірі Еркеторыдай бола алмапты...
Преферанс немесе Ақселеудің қылышы
Картаның «сүйегін шағып, майын ішкен» дейтін жолдастары көп. Әсіресе, мықтылары Нұрғожа Жұбанов, Қажығали Мұхамбетқалиев, Ғабиден Құлахметтер болар. Таңды таңға ұрып, преферанс мен күлістің түбін түсіріп бақты ғой. Көбінесе марқұм Жәнібек Кәрменов пен Ақселеу Сейдімбек ағасымен ойнапты.
Бір күні телефон соғып Жәнібек шақыра қалсын үйіне.
– Тез жет! Мұхамеджан келді. (Танымал домбырашы М.Тілеуханов, – Қ.М.). Бір валетка ақшасы бар сияқты. Сымпитып ұтып, бір жарып қалайық! – деді.
– Ой, оған қарсы тұратындай көп ақшаны қайдан табамыз?!
– Менде аздаған тиын-тебен бар. Одан соң апам пенсиясын алған. Ұтқан соң қайтарып береміз ғой артығымен. Со кісіден ала тұрамыз. Сен сұрасаң береді...
Алдында өзінің де еңбекақысы қолына тиген. Біраз ақшаны басып алып жетті.
Сақтыққа керек болар деп Жәнібектің шешесі Мағрипа тәтенің елу-алпыс сом пенсиясын да сұрап алғанын кейін үшеуі қызу ойнған кіріскен.
О кезде бір совхоздың бас бухгалтері болып істейтін Мұхамеджанның қалтасы, шынында да, мол көрінді. Мәкең басында кібіртіктеп отырды да (әдейі жасапты), таңға жуық мықтысынған екеуі дырдай қылып ұтып, қалада шаруаларым бар еді деп шығып кетті.
Түске қарай оянса, Жәнібек екеуі үстінде бұттарындағы қара сәтен імкиімнен өзге лыпа жоқ, құлазып жатыр екен. Қалтада көк тиын ақша қалмаған...
Әлден соң Мұхамеджан да келді. Тор қалта толы сыра, балығы бар:
– Әй, екі дорақ! Тұрсаңдаршы, жата бересіңдер ме? Мені ұтпақ болдыңдар ғой кеше. Мә, апаларыңның пенсиясы, мынау – қалған-құтқандарың... Екіншіде менімен байқап ойнаңдар! – деді.
Енді бірде Ақселеу ағалары шақырды екеуін. Мезгіл кеш болса да, жеңгейге ет салдырды қазанға. Ойын тағы қызған. Неге екенін, екеуін ылғи ұтып жүретін Ақаңның қолы жүрмеді со жолы. Анда-санда ол тұнжырап інілеріне, бұлар бір-біріне қарайды. Одан өз-өзінен шарт ашуланады. Екі қу сыбайласып арамдық жасап отыр деп күдіктенген сияқты. Сөйтіп орнынан атып тұрды да, төрде ілулі тұрған қылышты қынабынан суырып алып, екеуін кең бөлменің ішін шыр айналдыра қуды. Сасқанда есікті де таба алмай қалады екенсің. Екі жігіт біресе үстелдің, біресе серванттың тасасына тығылып, жан ұшырып жүр.
Бір кезде Несіпбек шкаф шетінен Ақаңның түріне қараса, расында да, шауып тастаудан тайынбайтындай. Түтігіп алыпты. Қорыққаннан жан дауысы шыққан:
– Ойбай, тәте!.. Жеңгей, жеңгей! Өлтіргелі жатыр бізді! – деп.
Одан жалынды бұлар:
– Ақшасы да, бәрі де бар болсын, аға, кетейікші өзі!
– Жоқ! Отырасыңдар, қайта ойнаймыз!
Ойын тағы жалғасты. Ақселеу тағы ұтылды. Тағы да ұшып тұра келіп қайта ұмтылды қылышқа.
– Ақа-ау, ақшасы құрысын! Босатыңызшы бізді өзі аман-есен!
– Жоқ, сендер адал ойнамадыңдар ымырыласып алып. Мұндай ақшаның маған да керегі жоқ!
Сөйтті де, араға түскен зайыбын да тыңдамай, ортада жатқан бір буда ақшаны қобырата уыстап алып, жетінші қабаттың балконынан далаға қарай шашты да жіберді..
Жәнібек екеуі оңтайлы сәтте ытқып дәлізге шыққан. Қырсық қылғанда лифті де бұзылып қалыпты. Сонда Жәнібектің айтқаны ғой:
– Ойбай, таң да атыпты-ау аппақ болып. Жүгір! Жердегі ақшаны сүтке келген кемпірлер жинап алмай тұрғанда!..
Екеуі далаға шыға салып жоғарыға қараған. Ақаң көрінбейді. Көп ақшаның бірталайы өзге балкондарға түсіп, біразы биік ағаш бұтақтарына ілініп қалған секілді.
– Ух-х! – десіп бұйырғанын теріп алды да, такси ұстап жөндеріне тартқан.
Содан бері Ақаңмен де, өзгелермен де ойнауды сиретті. Қазір жас шағындағы көп уақытының преферанс мен күліске кеткеніне іші ашып, өкінетіні де бар. Бірақ әлі күнге дейін ескі әдетпен карта... ат десе дода аңсаған жүйріктей елеңдеп қоятыны да жоқ емес.
Құлтөлеу МҰҚАШ
2001 жыл.
qazaquni.kz