«Имитатор» прокурордың кімге керегі бар?
2016 ж. 22 ақпан
2344
1
Заңгер Жаңабек Әбішев ой толғайды:
– Осыдан бірталай бұрын мен «Қазақ үні» газетінің өткен санында (2016. – №7(682). – 16 ақпан) «Полиция прокурор нұсқауын құлаққа ілмейді. Неге?» деген мақалада айтылғанындай, Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Балықшы ауылында оқушы Әбдірахман Асқанбаевтың асылып өлуіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша Шымкенттен Ақтау қаласына арнайы екінші мәрте барып қайттық. Онда Әбдірахман Асқанбаевтың әкесі Иса Құлтума, республикалық «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қорының Маңғыстау облысындағы өкілі Ағзам Жұмсақов үшеуміз мақалада көрсетілген кемшіліктер бойынша облыс прокурорына кіріп, жолығуға тырыстық. Неге? Себебі, И.Құлтумаев өзінің 06.01.2016 ж. ҚР Бас прокуроры мен облыс прокурорына жазған арызында тергеу барысындағы заңбұзушылықтарды атап көрсетіп, соған қарамай тергеуші, полиция капитаны А.Мұрзашевтің оны қысқартып жібергенін жазған болатын. Соның нәтижесінде заңсыз қысқартылған бұл іс облыс прокурорының орынбасары А.Досекеновтің 20.01.2016 ж. хаты бойынша қайта бұзылғанымен, прокуратура 19.05.2015 ж. өз нұсқауын қадағаламағандығы жөнінде жоғарыдағы мақалада жазылған еді. Сол себептен, біз арнайы облыс прокурорының қабылдау күніне сәйкес барып, оның өзіне жолыққымыз келген-ді.
Әрине, бізді прокурорға жібермеуге тырысты. Бірақ, біз іс дәл осылай жалғасатынын болжағандықтан, прокуратура кеңсесіне өзіміздің, тағы да екі адреске – ҚР Бас прокуроры мен облыс прокуроры атына жазған арыз-шағымымызды алдын ала өткізіп қойған болатынбыз. Онда біз не жайында жазған едік? А.Досекенов мырза 20.01.2016 ж. нұсқауында тергеу кемшіліктерін тәптіштеп көрсетудей-ақ көрсеткен. Тіпті, тергеушілердің дәл солармен ғана шектеліп қалмауын, тергеуді жан-жақты да терең жүргізілуін қамтамасыз етуді талап еткен.
Бірақ... өзі де сол нұсқауды жазумен шектелген. Өз нұсқауын өзі қадағаламаған. Неге біз бұл жөнінде өткен жолы да, бұл ретте де қадалып айтып отырмыз? Себебі, біздің елімізде қазір қай салада болсын жұмыс істемеу, нақты жұмысты алдаушылықпен, көзбояушылықпен алмастырудың кең жайылғаны, оның сыбайлас жемқорлықтан соңғы нағыз біздің түбімізге жететін індетке айналып бара жатқаны соншалықты – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Прекратите заниматься имитацией!» деуге мәжбүр болғаны мәлім. Бұндай жағдайда, мұнай бағасының құлдыруына байланысты экономикамыз қиындыққа тап болып, бюджеттің әрбір теңгесі есепте тұрған кезде өз нұсқауын өзі қадағаламайтын, нақты жұмыстың орнын көзбояушылықпен алмастырып жіберген прокурорды қызметінде ұстап отыру қажет пе? Біз халықтың есебінен оған жалақы төлеп отыруды даңғазашылық, ысырапшылдық деп білеміз. Әсіресе, Маңғыстау секілді өзіндік үлкен ерекшеліктері шет аймақтағы прокурорды?..
Одан бөлек, баласынан айырылған ата-ананың зары бойынша бұл қылмыстық істің жайы құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен облыс әкімі орынбасарының деңгейінде, еліміздегі билеуші «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының деңгейінде екі рет қаралады. Соның бір де біреуінде облыс прокуроры орынбасарының нұсқауы орындалмай жатқаны, оны сол мәртебелі органның өзінің тарапынан тиісті дәрежеде ешкімнің қадағалап отырмағандығы сөз болмайды...
Сонымен, бізді облыс прокуроры емес, оның бірінші орынбасары А.Досекеновке кіргізді. Ол азамат біз үшеуімізді құшақ жая қарсы алған жоқ, әрине. Онымен де қоймады, менің куәлігімді айналдырып қарап отырып:
– Сіздің «2016 жылдың 16-қаңтары күні берілді» деп жазылған құжатыңыздың мұқабасы қалайша жыртылуға айналған?! – деп сұрады.
Бұндай сұраққа ренжу қисынсыз. Керісінше, мен оның қырағылық танытқанына риза болып қалдым. Прокурор біздің куәліктің сыртына тимейтінімізді, жыл сайын ішіндегі қос парақшасын ғана жаңалап отыратынымызды қайдан білсін.
– Дұрыс айтасыз, куәлігімнің іші де, сырты да жылтырап тұруы қажет. Қырағылық танытқаныңызға рахмет! Бірақ, сіз дәл осы қырағылықты басқа мәселелерде, әсіресе, өз міндетіңізді тікелей атқаруда танытқаныңыз әлдеқайда дұрыс болар еді!..
Менің бұл сөзім прокурордың «шиқанының» аузын тырнап алса керек, ол көмекшісін шақырды да:
– Мына куәліктің көшірмесін түсіріп ал! Сосын, полицейді әкеліп, бұл азаматты шығарып жібер! – деді.
Ой-бұй, айтар уәжі жоқ прокурор өстеді екен ғой... Мен:
– Полицейсіз-ақ шығып кете аламын. Ал, бірақ сіздің алдағы уақытта бұл орында отыру-отырмауыңыз екіталай! – деп, орнымнан асықпай тұрдым да, алшаң басып шығып кеттім.
Содан бір күн өткен соң облыстық «Нұр Отанның» қабылдауына бардық. Оған облыс әкімінің орынбасары Ә.Шөжеғұлов қатысты. Облыстық ІІД тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы капитан Р.Сатқанов жиынға кешігіп келді. Бұның өзі де көп нәрсені аңғартады. Сірә, ІІД басшыларының келуге беттері шыдамаса керек, әйтпесе, бұл жиын капитан, басқармасы бастығының міндетін атқарушының деңгейі емес қой.
Иса байғұс мұң-зарын өзін зорға ұстап тұрып айтты. Дәл осы Ә.Шөжеғұловтың алдында бір жыл бұрын да болған екен. Негізі бұл істің орнынан жылжымай отырғаны оған облыстық ІІД-де мүдделі лауазымдылар отырғандығынан екенін сыпайылап болсын жеткізді.
Сосын мен сөз алдым.
– Біз осы үш азамат кеше ғана облыс прокурорының орынбасары А.Досекеновте болдық. Мен оған «сіз бұндай жауапты орында істемеуге тиіссіз, кетіңіз, кетесіз де» деп айттым. Неге? Өзінің ең бірінші және басты міндеті заңдылықтың сақталуын қадағалау болып табылатын адам заңбұзушылықты жою жайлы өзінің берген нұсқауын қадағаламаса, «имитациямен» айналысып отырса басқа не айтуға болады?! Сіз де одан озып кете қойған жоқсыз. Менің өзім сіздің алдыңызға осы мәселемен бірінші рет келіп отырған жоқпын ғой. «Түсінікті, түсінікті» дейсіз. Сізге әлі де түсініксіз деп ойлаймын. Түсінікті болса, прокурор екеуіңіз қой емес, тай емес, білдей азамат 3 метр биіктегі төбенің (потолок) трубасына табаны астындағы бір ғана ұлутасқа шығып, күдікті түрде асылып өлгені (одан да басқа күдікті жәйттер жеткілікті, оны прокурордың өзі санамалап көрсеткен) толық зерттелмей қысқартылуына жол бермес едіңіз ғой...
***
Енді соңғы күндері естіген жаңалығым. Иса хабарласып, бұзылған істі баяғы тергеуші А.Мұрзашевтің өзі қайтадан тергеуге кірісіпті, не істеймін дейді.
– Сен А.Досекенов пен А.Мұрзашевтің үстінен облыстық сотқа арыз жаз. Арызда «сот отырысының болар күнін менің жұмысымның ерекшелігіне байланысты ең кем дегенде бір апта бұрын ескертуіңізді өтінемін» деп көрсет. Және оны сот кеңсесі арқылы қадағалап отыр. Соттың отырысы қашан болатыны белгілі болысымен маған қоңырау шал. Мен сол күні пойызға мінемін, – дедім.
Маңғыстаулықтардың тергеуді басқа емес, сол істі қысқартып жіберген полиция тергеушісіне жіберуі адам құқығын таптау тұрмақ, мазақ ету. Әйтпесе, облыстық тергеу басқармасында білікті мамандар құрып қалып па? Ендігі хабарды Ақтаудан күтеміз.
Ж.Әбішевтің сөзін қағазға түсірген Ө.АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті