С.Матаевқа 6 жылдан 12 жылға дейін жаза кесілуі мүмкін

Алматы қалалық коррупцияға қарсы қызмет 2011-2015 жылдар аралығында 300 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысының ұрланғанын хабарлады. Ұлттық пресс-клубтың президенті Сейітқазы Матаев ақша ұрлығы мен салық төлеміне байланысты айыпталып отыр. Оған 6 жылдан 12 жылға дейін жаза кесілуі мүмкін.

11112213
Сурет РИА Новости сайтынан алынды

Сәл бұрынырақта, белгілі журналистің ұсталғаны туралы “Әділ сөз” халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры мәлімдеген болатын. Қордың мәліметінше, Матаев дүйсенбі күні таңертең ұсталған.

“Алматы қалалық коррупцияға қарсы қызмет 2011-2015 жылдар аралығында мемлекеттік саясаттың ақпараттық қозғалысы үшін және басылым беттеріне жарияланатын материалдарға қатысты бөлінген 300 миллион теңгенің жымқырылған”, – делінген хабарламада.

“Тапсырыс берушінің басты шарты – ақпаратқа деген қолжетімділік және мемлекет саясатынан халықты шынайы ақпараттандыру болған. Алайда бұл шарттар орындалмаған”, – деп көрсетілген мекеме хабарламасында. Ақпарат комитетіне бөлінген 80 миллион және “Қазақтелекомға” бөлінген 260 миллион ақшаны Матаев қалтасына басқан деп айыпталып отыр.

Бұдан бөлек, Сейітқазы Матаев заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып 1,4 млрд теңге пайда көрген және бұған қатысты 327 миллион теңге салық төлемеген. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға бөлінген 169 миллион теңгенің де жоғалғаны белгілі болып отыр.

“Матаевқа мемлекет ақшасын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып отыр. Заңсыз әрекеттері дәлелденсе оған 6-12 жыл көлемінде үкім кесіліп, дүние-мүлкі тәркіленбек”, – деген баспасөз хабарламасында.

Сейітқазы Матаевтың және басқа да қатысушылардың ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дерек көзі: Stan.kz