ҮНІ БІРГЕ ҮШ БИДЕН ӘЙТЕКЕНІ БӨЛІП ӘКЕТУ Ұлы билер ұлағаты мен Елбасының ел бірлігі саясатына қарсы шығу!..
2010 ж. 08 желтоқсан
3584
43
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі
Асқар Мырзахметовтың назарына!
Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін!
Төле би
Кез келген иманды қазақ намазында да бірге атап дұға бағыштайтын, ел бірлігі үшін күрескен қасиетті үш биімізді қара бастың қажеттілігіне қарай жеке-жеке бөліп ала берсек, ұлы билер ұлағатын теріс тепкен имансыздық болмай ма? Шардарада Әйтеке бидің ескерткіші ашылатынын естігенде әрбір шардаралық, «Әйтеке бидің мүсіні бар емес пе», әйгілі үш бидің алып, тұлғалары қаланың ең биік жерінде тұр ғой, – деп ойлағаны анық… Бірақ басында торғайдың миындай миы бар, кез келген қарапайым жан ойлайтын осы бір ой Шардара аудандық газетінің редакторы «Әйтеке би» қорының президенті Жұмабек Мұқановтың жұмыр басына келе қоймаған секілді… Жоғары білімі бар, кешегі коммунистік кезеңде идеология саласында талай жыл аудандық газетте басшылық жасаған, саясаттан хабары бар деп жүрген Жұмекең, мүмкін, бұл әрекетімен ел бірлігіне, Елбасы саясатына, ең алдымен өзі ескерткіш қойып отырған Әйтеке бидің өмірлік ұстанымы болған ынтымаққа қарсы әдейі барып отырған шығар… Жаңылыс басардай жанына не зор келді дейді ғой қарапайым халық. Зор келгенде сол бұл ескерткіш Жұмабек Мұқановтың жекеменшік қоры – «Әйтеке би» қорына 2003 жылдан бері түскен миллиондарды жуып-шаюдың кішкене ғана көрінісі. Кішкене деп отырғанымыз, үлкені, зоры да жетеді… Бәрін басынан бастайық. Тірісінде де, өлісінде де бөлінбеген, бір ошақтың үш аяғындай болып, қазақ мемлекетінің отын тұтатып, ел бірлігін нығайтуға еңбек еткен үш биді, кез келген жерде, қатар айтылатын, қатар жазылатын, баспасөздің бәрінде бірге жазылатын, үлгі ескерткіш түрінде Астанада қатар тұрған, үш биді тарихта тұңғыш рет бөлектеген, ішінен Әйтеке биді жекелеп алып, жекелешелендірген Жұмабек Мұқанов болды. Үш бидің ескерткіші бола тұра біреуін бөлектеп алып, жеке ескерткіш тұрғызған жалғыз қала – Шардара болды… Тың игеру кезінде Бүкілодақтық қозғалыста сан ұлттың өкілдері бірлесе еңбек етіп, Шардара электр-станциясын салып, шағаласы мен шағылы жарысқан Шардара толқындарының ырғағымен Шардара қаласын салған еді. Содан бері де елу жылдай уақыт болыпты. Сол жарты ғасыр бұрын Шардараға Түркіменстаннан, Өзбекстаннан ағайындар көшіп келгенде де, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда 50-ші жылдардағы оралмандар да жергілікті халықпен бірге Шардара ауданының отын бірлесе жақты. Сол кездегі оралман бала Жұмабек Мұқанов енді-енді қолына қалам алып, Шардара өңірімен танысып, текті топыраққа тебіреніп өлең жаза бастаған кезі еді. Әрине, жалалы мақала емес… жалынды өлең жазып жүрген кезі болған соң, ақын кезі, ақкөңіл таза кезі еді… Сол жарты ғасырдан бері ынтымағына сай ырысы шалқыған Шардарада алауыздық, бөлінушілік, трайбализм дегендер тұрмыстық деңгейде болмаса, қоғамдық деңгейге көтерілмеген еді. Бірлігі жарасқан елде өсіп келе жатқан, өлең жазатын осы бала кейін сол бірлікті бұзатын, іріткі мақалалар жазатын редакторға айналады деп ол кезде ешкім ойлаған жоқ еді… Мұндай келеңсіздікті осындай алауыздыққа қарсы күресуі тиіс аудандық газет редакторы кейінгі 10 шақты жылдан бері қоздырып келеді. Шайыры көп Шардарада одан басқа қалам ұстап, газет басқаратын адам жоқтай аудандық газетте 1983 жылдан бері редакторлықта омалып отырған (рас, арасында аудан әкімі Ө. Тілегенов бейпіл өлеңін аудан газетіне жазғаны үшін қуып жіберіп, 2-3 жыл үзіліс болған)Жұмабектің жұмысы кейінгі 10 шақты жылда келген аудан әкімін мақтап қарсы алу мен даттап шығарып салу болып келеді. Оның арасында өзіне жақпаған, ойынан шықпағандарды жекеменшігіне айналдырып алған аудандық газетте өтірік-шынын араластырып, сынап, бопсалауды да ұмытпайды. Ауданға келген әкімді Жұмекең алдымен жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Кейбірін күнін, сағатын санап, «бәленшекеңнің келгеніне бәлен күн болды» деп толғанады. Тап бір аудандық газеттің редакторының ісі бар жұмысты жиып қойып, күнтізбеге күнде қарап отыру секілді… Тіпті Жұмекең баяғыда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бекжановты күн көсемге, Ленинге, Маркске теңеген өлең оқығанын, бүкіл ел айтып шулап жүрді. Иә, сондай да болған, Мұхтар Шахановтың «Жас қазақ үні» газетінің бірнеше санында жарияланған «Жеке басқа табыну жарысындағы» қаламгерлер жағымпаздығы жағынан Жұмабек Мұқановтың шаңында қалады… Жұмекең сөйтіп жеке басының бар шаруасын шешіп ала бастайды. Әкімдер де шаршап, меселін қайтара бастағанда, қара бастың қанағатсыздығы қаламды қаруға айналдырады… Онысын, жеке басының шаруасын бүкілодақтық қозғалыс секілді «барша шардаралықтардың атынан» мәлімдейтінін қайтерсің… Содан әкімнің артынан шам алып түсу басталады. Бір жазғанын бірнеше газеттерге лақтырып тастап, бопсалауын бұрқырата береді. Кеңқолтық елдің кеңдігін кемдігіне балап, есірушілерді кешірушілер де аз емес. Ал кейде тектілікті түсінбей, тепкілікке барғысы келгендерді тентіретіп, Тәшкен асырып жіберетіндер де кездесетінін естен шығармау үшін ес болу керек сияқты аздаған… Осындайда еске түседі. Осыдан он шақты жыл бұрын бір жиында, сайлау кезінде аудандағы ең үлкен шаруашылық «Қазақстан» ауылында Жұмабектің ағайыны, шындықты бетке айтатын қадірлі қария Ілияс ақсақал, жатқан жері жайлы болсын, Мәдениет сарайында төрде отырған Мұқановқа бүкіл елдің көзінше, «Сен екі жүздісің, ауданға жаңа әкім келгенде жағымпазданып, мақтап өлең жазасың. Кейін шаруаң бітпесе, даттап мақала жазасың. Сенбесең, ана газетіңді өзің қарап көр» – деп сойып салған. Бір қызығы, «екіжүзді» дегенге еті өліп кеткен бе, одан сайын қарайғаны болмаса, Жұмекең былқ еткен жоқ… Тұлғасы әжептәуір ірілеу көрінгенімен, Жұмекеңнің ішінен шынашақ айналмайтын қызғаншақтығы бетіне шығып тұрады. Аудан әкімінің орынбасары болып, кім келіп, кім кетпеген?.. Біреу түк бітірмесе де, әкім орнынан жұлып алып тастағанша, омалып отыра береді. Егер ол өзінің туысқаны болса, Жұмекең жұмған аузын ашпайды. Ал Алматыдан келген талантты ақын Әлібек Шегебай 3-4 айдан соң мүмкіндігі бола тұра, өзінің алдындағылардай болмайын деп орнын босатқан екен, Мұқанов өзінің жекеменшік аудандық газетіне нөмір сайын жазады… Басқа нәрсе таппағандай Жұмабектің сынап отырғаны Шардарадан шығып, шартарапқа танылған артынан ерген ақын інісі емес пе?.. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді ұлы Абай. «Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін» дейді дана Төле би, «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді атам қазақ. Өзінің баласымен жасты Әлібекке сонша тиісіп не көрінді?.. Әлде оның өзінен артық, талантын көре алмай ма? Әлібек Шегебай кезінде Қадыр, Тұманбай, Мұхтарлар алған «Ленин комсомолы» сыйлығының бүгінгі мұрагері «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, бірнеше республикалық мүшайралардың бас жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Жұмекең әр мақаласынаң астына жазып қоятын, «Журналистер одағы мүшесі» емес… Әлде, Жұмабек Алматыға барғанда, ағалап, қасында шауып жүретін Әлібектің бұның ауылға «пәленшенің үйінде болдым» деп өтірік айтып барғанымен, оның басқа жерде түгеншеден таяқ жеп қайтатынына талай рет куә болғаны үшін ұнатпай ма?.. Қарапайым елге шындықты айтқыш, әділдік үшін күресуші болып көрінетін жалған, миниоппозицияшыл болғысы келетіні қазір елдің бәріне әшкере болған. Бір ғана мысал, ана бір жылы Шардара ауданының ғана емес, облыстың, елдің байлығы болып саналатын Шардара мен Жетісайдың арасындағы теміржол тістегеннің аузында кетті. Оны кім сатып алғаны, қасында кімдер екенін елдің бәрі біледі. «Шындықты жазғыш», бұрынғы Нұртас Оңдасынов көшесінің тұрғындарын түгендегіш Жұмекең сонда қайда қалған? Өйткені ол өзінің руласы еді… Жалғыз «Жас қазақ үні» газеті ғана жазды сонда… 75 шақырым теміржолдың шойынының әр метрі (жолдың екі жағын қосқанда 150 шақырым) қанша кило болатынын, оның бағасының қанша теңге болатынын, 75 шақырымда қанша куб шпал, қанша тонна қиыршық тас болатынын, елге есеп-сұрақ ретінде қойдық. Шардаралық еңбек ардагері Орынбек ақсақал бәрін дәл есептеп жазып жібергенде, соншама баға жетпес ел қазынасының қолды болғанына ішің удай ашиды. Ойлап көріңізші, қазір 75 шақырым теміржол салу қаншама миллиондаған доллар тұратынын… Өзге кісілер де хабарласып, теміржолды тонағандардың кімдер екеніне өз дәлелдерін жазып жатты. Ол хаттар редакция мұрағатында әлі сақтаулы. Мүмкін, «ақиқатты жазғыш» Жұмекеңнің жұмған аузын аштырмаған тек руластық қана емес шығар… Иә, сыбырлағанды Құдай естімей тұрмайды. Бұрмалаушылық, бұра тарту дегеніміз, Жұмекеңнің өзінің жеке басының есебін шешетін жекеменшікке айналдырған аудандық газетінде айғайлап тұрады. Оның басым бөлігін өз ағайындарының жазуымен толтыратынын шардаралық зиялы қауым өкілдері жиі айтады. Кейінгі үш-төрт жылдық газет санына мониторинг жүргізе қалсаңыз, бұған көзіңіз анық жетеді. Бір жапырақ газетке біреу туралы бір мақала жазсаң, оның суретіне қабаттастырып, жалпитып өзінің суретін жабыстырып қояды екен… Ол суреттердің сапасы дұрыс болса екен-ау… Айтпақшы, сапа демекші Шардара аудандық газетіне қарауға ұяласың. Баяғы 80-ші жылдары біз өлең апарып жүрген кездегіден дамығаны шамалы-ақ. Одан бері 30 жыл өтіп кеткені, еліміздің тәуелсіздік алып, компьютер заманы болғаны, жиырма бірінші ғасырдың да алғашқы он жылдығы өтіп бара жатқаны Жұмекеңнің ойына кіріп шығар емес. Сапасыз, иесі өзі танымайтын, кім екені анық емес суреттер, сәннен баяғыда қалған 80-ші жылғы шрифтер аудандық газет деңгейі түгілі, қазір көптеген мекемелер, мектептер шығаратын газеттің де маңайына жоламайды… Жарияланатын мақалалары болса, бас редактордың бас араздығына байланысты шығатын бопсалаулар. Онысын халық атынан айтатынын қайтерсін… «Барша шардаралықтар атынан» дейді ғой, тағы 70 мың халқы бар ауданда бір жарым мың ғана дана газет шығарып отырып… Сонда аудан бөліп отырған он миллион теңгені қайда жұмсап отыр Жұмекең? Жазылым мен жарнамадан түскен ақшаларды айтпағанда. Журналистерінің жағдайы мен жалақысы белгілі… Айта кету керек, он миллионға жуық теңгеге біз республикалық «Жас қазақ үні» газетін түрлі-түсті етіп, 16-20 бетпен Қазақстандағы ең үздік сайт үлгісімен апта сайын шығарып отырмыз… Алматыда… Тура осындай аудандық газет «Ордабасы оттары» қандай тамаша! Алатын ақшасы «Шардара тынысынан» көп емес, аз болмаса. Тиражы – 6 мыңнан асады. Міне, талғам мен талант. Міне, алпыстан асып кеткен Нармахан Бегалиевтың еңбегі! Өзі бас редактор болып отырып, өз газетінің бетінде жазылған мақалаларына «Шардара тынысы» газетінің бас редакторы» деп қол қою бүкіл газет тарихында болмаған, болмайтын да барып тұрған сауатсыздық. Ойлап көріңізші, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов өз газетінде жазылған мақаласының астына «Егемен Қазақстан» газетінің президенті» деп жаза ма? Немесе «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бейсенбай Тәжібаев солай ете ме? Тіпті, өйтіп журналист болмаса да, өз тиын-тебеніне аудандық газеттен артық тәп-тәуір «Шартарап-шарайна» атты газет шығарып отырған Нұрмахан Қары да жазбайды… Ол аздай, «бас редакторға» тағы «Құрметті журналист» (жасы мен еңбек өтілі келген журналистердің бәріне берілетін атақ), Журналистер Одағының мүшесі (Қызылқұм ауылында Бегайдар мен Шәметов бастаған 5-6 Журналистер одағының мүшесі бар) деп тізіп қоя береді екен. Құдай сақтап, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болмай қалыпты. Әйтпесе, ауданға күн көрсетпейтін түрі бар сияқты… Көзі қарайып, бұрынғы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Байдалы Сламбекті бопсалап, тиісем деп, ол «өзінен зор шығып, екі көзі сонда шықты». Сотта аудандық білім бөлімінің меңгерушісінен аудандық газет редакторы Жұмабек Мұқанов масқара болып жеңіліп (жалпы әркіммен он шақты рет соттасып, соның жартысында жеңіліп қалған), моральдық өтемақы төлеуден қашып, жанымызға жақын «Өскен өңір» деген газет атын «Шардара тынысы» деп ауыстырып тынды. Баяғы соцализм сарынындағы қарабайыр ат қоя салды, «Октябрь тынысы» дегендей. Оның қасында «Шартарап- шарайна» деген әлдеқайда әуезді поэтикалық ат. Шардарадағы атқа мінгендердің өзіне жақпағанын газетте мінеп-шенеп отыру – Жұмабекке тән екенін жоғарыда айттық. Ал енді ол тірілерді тауысып, әруақтарға ауысқан сияқты. Аудан ардагерлерінің өтінішімен әкім Марғұлан Марайым көрнекті мемлекет қайраткері, біртуар тұлға Нұртас Оңдасыновтың атын үлкен көшеге ауыстырған екен, Мұқановтың «көктен іздегенін жерден табылып» әкімді бас-көз демей солақай сынның астына алуда. Біз әкімнің адвокаты емеспіз, бірақ Жұмабек Мұқановтың Нұртас Оңдасыновқа үлкен көшені қимай, шабына шоқ түскендей болуы қаныңды қайнатады. Сол Оңдасыновтың орнында оның бір ағайыны болсыншы, «міне, табылған шешім!» деп шаттанып кететініне дау жоқ. «Ұзын Ата көшесімен ауысқанға Нұртас Оңдасыновтың аруағы разы болмайды» дегенді шығарып, екі көшенінің тұрғындарын аралап, елді алатайдай бүлдіруде… Өзінің кеше ғана сол Нұртас Оңдасынов көшесінің ашылуында асаба болып, жиын жүргізіп, тойлағанын тойып алғасын ұмытып кеткен-ау... Жұмабек, шамасы өзінен басқаның бәрін ешнәрсе сезбейді дейтін баяғы ергежейлі түйсіктен әлі арылмаған екен. Оның бар тірлігі әрқашан ақиқатын айтатын көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Маңғыстауда ширек ғасыр тұрғанда ешкімді бөліп, бөлектемей-ақ, елдің ықыласына бөленген Темірхан Медетбек айтпақшы, «Жұмабек Нұртас Оңдасыновты өзінің жымысқы, арам ойына пайдаланып отыр. Тоқ етері осы. Бұндай шындықтан жалтару, Жұмабектің «тұмсығымды құмға тықсам, ешкім мені көрмейді» деген түйеқұс пиғылы түйсігі барлардың бәріне мәлім. Нұртас Оңдасыновқа нақақ тиісемін деп жаза басқан кинорежиссер Қалила Омар таяуда баспасөз бетінде ресми кешірім сұрап, құтылды. Жұмабекке де бұдан басқа жол жоқ!«Әйтеке би» қорын жеке бастың қорына айналдыру –
әруақ алдында айықпас күнә
«Аудандық газет редакторы» деген дәреже республикалық деңгейге шығара қоймайтын болған соң, Жұмабек Мұқанов 2003 жылы бір кеште 5-6 ағайындарының басын қосты да, таңертең «Әйтеке би» қоғамдық қорының президенті болып оянды. Одан кейін ол республика көлеміндегі жорықтарын бастады. Елдің рухани көсемдерінің бірі болған Әйтеке бидің басына кесене орнатамын десе, бүкіл қазақ қолдайды, ең бастысы, ешкім де қарсы шыға алмайтыны (Жұмабекке емес, Әйтеке бидің әруағына) айқын. Алты жыл қатарынан ас беріп, алапат қаржы жинап алып, «Әйтеке бидің кесенесін салып жатырмын» деп, елді алдап, барлық газеттерге мақала беру Жұмекеңнің оң жамбасына келе қалатын іс болып шықты. Иә, кешеге дейін, елдің бәрі де Әйтеке би кесенесін салып жатқан Жұмабек Мұқановтың «Әйтеке би» қоры деп келді. Біздің осы газет тарағанға дейін де, басқа-басқа Шардара мен Мырзашөл, жалпы Оңтүстік өңірі солай ойлап келетіні анық. Мен ақтаулық кәсіпкер, «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» кесенесін салушы 7 азаматтың бірі, Сейітқұл әулиенің ұрпағы, Төртқара руының правителі болған қайраткер Сердалы Бекшориннің шөбересі Қаражан Сердалинмен сұхбаттасқанда, шын мәніндегі Жұмабектің іс-әрекетін естігенде, шошып кеткенім рас. Кезінде, 2008 жылы «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында ол тек Әйтеке би кесенесін өздері салып жатқанын, оған Шардарадағы «Әйтеке би» қорының ешқандай қатысы жоқтығын ғана айтумен шектелген еді! Енді онымен әңгімелесіп отырып, «Әйтеке би» қорының президентінің Әйтеке би кесенесі құрылысына көк тиын қоспағаны былай тұрсын, тез бітуіне көп кесірін тигізгенін естігенде, төбе шашым тік тұрды… Сол кездегі Өзбекстандағы елшіміз Зауытбек Тұрысбеков бастаған 7 азамат Әйтеке би кесенесі құрылысын бастап жатса, Жұмабек Мұқанов олардың еңбегін сырттарынан қалауынша иеленіп, қалауынша барлық газеттерге мақала беріп отырған. Тек әлгі 7 азамат заң орындарына бермек болып жатқанда ғана маңғыстаулық Өмірзақ Озғанбаевты ертіп, жүгіріп барып, кешірім сұрап, айыбын мойындаған. Біреулер кесене салады, біреу оны бар газетке «мен салып жатырмын, елден жинаған миллиондар сол кесенеге кетіп жатыр» деп, жеп қойған қыруар қаржыны жуып-шайып келеді. Біреудің еңбегін біреу заңсыз иелену – қылмыстық іске жататын, яғни алаяқтық екені бәрімізге белгілі. Сонда қордағы мол ақшаны қайда жұмсадыңыз, Жұмеке? Жыл сайын жылу жинайтын жиынына талай атпал азаматтар қаншама қаржы салғанын Мұқановтың өзі-ақ барлық газеттерге жазып тастаған. Менің өзім де миллион теңгеден тастаған 2-3 азаматты білемін. Ал республика бойынша қанша іскер жандар Әйтеке бидің әруағы үшін қаржы салды… Мұқанов «Әйтеке би» қорын жеке бас қорына айналдырып алып, тәу етуге тиіс ұлы баба есімін тәп-тәуір сауын сиырға айналдырып, аңқау елге арамза молда болып жүре бере ме сонда?! Судың да сұрауы бар емес пе? Әйтеке бидің шын ұрпақтары қайда? Қызылорда облысының әкімі кезінде ұлтжанды қайраткер, руханият білгірі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Ұлы биіміз Әйтеке бидің кесенесі салу республика көлемінде шешілуі тиіс мәселе. Осында Әйтеке биге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын біреу жылу жинап жүр, алданып қалмаңдар. Керек болса, Әйтеке би кесенесін өзіміз саламыз» деген болатын Қызылорда облыстық телеарнасында… Бұл сөз қысқарған күйінде республикалық телеарналардан да қайталанды… Жұмабек Мұқанов әртүрлі газеттерге берген мақалаларында «14 мың АҚШ долларын Өзбекстанға ғылыми-зерттеу жұмыстарына төледік» дейді. Тағы бірінде Маңғыстау облысынан бөлінген 220 мың долларды Әйтеке би кесенесінің құрылысына жұмсадық дейді. Ал бір жылда ғана 2007 жылы 4,5 миллион жиналса, алты жылда берген аста қаншама қыруар ақша түскені рас. Сонда басқасын айтпағанда Ж.Мұқановтың өзінің газеттерге берген сұхбаты бойынша Өзбекстанға берген 234 мың доллары қайда, 20 гектар, 6 гектар жер қайда? 1. Кесенені өзге жеті жігіт салса, сонда құрылысқа жұмсалды деген, 220 мың доллар мен зерттеу жұмыстарына деген 14 мың доллар қайда кеткен? 2. Кесенені көгалдандыру үшін 20 гектар жерге жұмсадық деген 20 миллион теңге қайда? 3. Кесененің сметасы деп жоспарланған 71 миллион теңгенің қаншасы жиылды және олар қайда кетті? 4. Өзбекстан Мәдениет вице-министрі Р. Мансуров ешқандай да ақша алған жоқпыз және бір метр жер де бізде жалға берілмейді деп ресми мәлімдеді. Әлде Жұмекеңнің салғаны басқа Әйтеке бидің кесенесі ме? Жұмабек Мұқановтың жалықпай қайталайтын шығарған бір кітабы мен бір фильмі әрі кетсе 1-2 миллион теңгеден аспайды. Айтпақшы, қор бұған ақша жұмсаған жоқ, өйткені Мұқановтың өзі бұл кітап пен киноны Маңғыстау облысы әкімі Қ.Көшербаев пен Шалқар ауданының әкімі Рахат Сыдықов демеушілік етті деп жазды «Егемен Қазақстан» газетіне. Сонда бұдан шығатын қорытынды не? Бұл Ұлы баба Әйтеке би есімін жеке қара басына пайдалану. Әйтеке би «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» дейді. Жұмабек ең болмаса, Әйтеке биге жиналған қордың қаржысын Әйтеке бидің өзіне жұмсамай, жеке мақсатына пайдаланған деген ой келді. Әруақтың атын аспаннан түскен тегін тендерге айналдыру қашанға дейін созылады?..Үш биден бөліп алғаны үшін тіріліп келсе,
Әйтеке би әкеңді танытады…
Жеп қойған ақшаны жуып-шаюдың жаңа үлгісі – жоғарыда айтқанымыздай, Шардарадағы үш биден Әйтекені бөліп алып, ескерткіш орнату. Айтпақшы, бұған да қордың қаржысы кеткен жоқ. Маңғыстау облысының әкімі Қ. Көшербаевтың байғазысы ескерткіш ашылғанда, елдің көзінше табыс етілді… Ал үш биді бөлектеген бұл әрекетінің қоғамдық-саяси мәніне мән беретін болсақ, бұған дейін бұрын-соңды болмаған қоғамға жік салушылық, бөлінушілік Елбасының ел бірлігі саясатына жасалған ашық қарсылық. Оңтүстік Қазақстан облысына келе салысымен осындай бөлінушілікке, трайбализмге қарсы күрес бастаған, елді ынтымаққа шақырған облыс әкімі Асқар Мырзахметов мырзаға көрсеткен қыры болу керек. Шардарада қазақтың бөлінбейтін үш ұлы биінің ескерткіші бар екенін Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаев біле ме екен?.. Егер білсе, бір кезде елдің идеологиясын басқарған белгілі мемлекет қайраткері Мұқановтың мұндай әрекетінің Елбасының сара саясатына нұқсан келтіретінін, әруақтарды алалау – арлы азаматқа жат қылық екенін аудандық газеттің редакторына нашар оқушыға ежіктеп түсіндіргендей, түсіндіріп бағар ма еді… Сонда Жұмабектің бұл әрекеті де кезекті алдап-соғу ма, әлде жеп қойған миллиондарды жуып-шаю ма? Шардарада Әйтеке би ескерткіші салыну себебін Ж.Мұқанов «Шардара Әйтеке би жатқан Нұр Атаға жақын жер» дейді. Онсыз да Әйтеке бидің үш бимен бірге тұрған ескерткіші бар емес пе? Сылтауының түрін… Мұндай күлкілі өлшеммен өлшесек, Төле би жатқан Ташкент пен Қаз дауысты Қазыбек жатқан Түркістан Нұр Атадан екі есе жақын ғой Шардараға. Ендеше ертең ұлы жүздің өкілі келіп, Төле бидің, орта жүздің өкілі келіп Қазыбек бидің ескерткіштерін тұрғызсын. Бұл қалай?-десе, жұмабекшелеп, «жатқан жері Шардараға жақын» дейміз. Сөйтіп үш бөлінген ескерткішке үш бөлек барып, тағзым етіп жүрейік. Мұндай қортық та, қорқынышты санамен, қайда барып оңамыз?! Айтпақшы, Мұқановтың Әйтеке би ескерткішінің орнатылуының шикілігі де шығып жатыр. Ескерткіш орнатылған жердің заңды құжаттары жоқ болып шықты. Биылғы қазанның 7-сінде ғана Мұқанов Шардара қаласының әкімі Б.Мүталиевке хат жазып, Әйтеке бидің мүсінін әзірлеп қойғанын, 31 қазанда сол ескерткіш ашылатынын, сондықтан, 24 шаршы метр аймаққа шешім шығарып беруін өтінеді. Бірақ өзі 2-3 аптадан кейін ашылмақ болған ескерткіштің бірде-бір құжатын тапсырмаған. Сондықтан, жерге орналастыру жобасы жасалмағандықтан, заңға байланысты аудандық жер қатынастары жөніндегі комиссияның 24.10.2010 жылғы №27 хаттамалық шешімі бойынша қала әкімі жер учаскесіне құқық табыстаудан бас тартқан. Сөйтіп Әйтеке би Шардарада заңсыз тұр. Өйткені өткізуге тиіс бірде бір қағазы жоқ… Жұмекең көп шимайларында ұлы жазушы М.Әуезовтың «Шыдамдылық жақсы, бірақ өмір қысқа» деген сөзін қайталай бергенді жақсы көреді екен. Мен де сол Әуезовтың сөзін Жұмабектің өзіне айтқым келеді: Шардараның шыдамы бітті! «Әруақтар шамданып, шамырқанып жатыр» дейді ол солармен сотка арқылы сөйлесіп отырғандай… Иә, әруақтар шамданып, шамырқанып жатыр! Өліде де, тіріде де бөлінбеген билерді бөліп әкеткенің үшін, өзінің атын сатып жүргенің үшін, жүзі күйер жүзшілдігің үшін, тіріліп келсе, Әйтеке би әкеңді танытады!.. «Шардаралық рух шаршады» дейді тағы да. «Шаршады» емес, шаршаттыңыз… Иә, Шардара Жұмабек Мұқановтан шаршады… Шаңынан шаршады… Бұған қоса менің айтарым, Шардара тынысын да, «Шардара тынысы» газетін де тазарту керек!..Қазыбек ИСА
"Жас қазақ үні" №47-48, 04.12.2010.