ӘЛЕМ НАЗАРЫН АУДАРҒАН – АСТАНА САММИТІ
2010 ж. 08 желтоқсан
1555
0
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанада өткен саммиті бүкіл халықаралық қоғамның назарында болды.
Бұл айтулы шарадан саяси партиялар, оның ішінде «Әділет» демократиялық партиясы да шет қала алмайды. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы болып сайлануы елдің сыртқы саяси бағытының басымдылықты бағытына ғана емес, республиканың ұлттық мүдделеріне сәйкес келетін стратегиялық міндетіне айналды. Қауіпсіздіктің дербес және пәрменді жүйесі болу қабілетін жоғалта бастаған қиын кезеңінде Қазақстан өзіне осы халықаралық ұйымды жаңарту және белсенділігін арттыру жауапкершілігін алды. Қазақстан ұйымға төрағалық еткен он ай ішінде Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен ұйымның тиімділігін жоғарылатуға, оған жаңа серпіліс беруге бағытталған көптеген игі істерді жүзеге асыра алды. Н.Назарбаев Таулы Қарабақтағы сияқты ұзаққа созылған кикілжіңдерді реттеуге орасан күш-жігер жұмсады. Қырғызстанда болған қайғылы оқиғалар ЕҚЫҰ тиімділігіне сын болып, Қазақстанның көрші елдегі жағдайды тұрақтандыруға атсалысуына мүмкіндік берді. Қазақстан осы он ай бойы әлемдік қауымдастықтың назарын Ауғанстандағы жағдайға аударып, жаңа, барынша сараланған тәсілдемелер мен ымыралық шешімдер іздеумен айналысып келді.
Елбасы: «Қазақстанда ЕҚЫҰ саммитінің өтуі ұйымның еуропалық және азиялық бөлімдерін біріктіруші фактор болады, Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына бұрынғы кеңес елдерінің ұжымдық өкілі ретінде ұсынылғандықтан, осы елдердің маңыздылығын көрсетеді», - деді. Біріншіден, саммит ұйымның негізгі қағидаларының - Хельсинки Қорытынды актінің, Париж Хартиясының және Еуропалық қауіпсіздік Хартиясының шеңберінде тиімді жұмыс істеуге бастама болады. Екіншіден, саммиттің күн тәртібіне ЕҚЫҰ аумағындағы шешілмеген проблемаларды талқылау кіргізілген, оларға қару-жарақтың заңсыз таралуын бақылау және Ауғанстандағы сияқты ұзаққа созылған кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешу жатады. Үшіншіден, адам саудасы, халықаралық лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс, кейбір қылмыстар сияқты трансұлттық қауіптерге қарсы тұру бойынша нақты шаралар дайындау. Төртіншіден, жалпы және біртұтас қауіпсіздікті нығайтудағы ЕҚЫҰ пәрменділігін және тиімділігін нығайту бағытындағы Корфу үдерісін жалғастыру.
Саммиттің күн тәртібінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Еуроазиялық халықаралық ұйым мәртебесін беріп, оның атауын Еуроазиядағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы деп өзгерту мәселесі кіргізілгені кездейсоқ емес. Сонда Астана саммиті Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікті қамтамасыз ету үдерісінде айрықша орын алатын ұйым қызметінің жаңа кезеңінің басы болды деуге болады.
Жомарт ҚОШҚАРОВ,
Әулиеата атындағы ЖГТУ ректоры,
«Әділет» демократиялық партиясы Жамбыл филиалының төрағасы
Тараз қаласы