Тоқтар Әубәкіров: "Қазақ халқы үшін мақтандым»
2016 ж. 17 ақпан
3008
1
Ұлттық музейде «Халық қаһарманы», ғарышкер-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров жұртшылықпен жүздесті. Кездесу бейресми форматта өтіп, Тоқтар аға жиналған жұртшылықтың біраз сұрақтарына жауап берді деп жазады Намыс порталы.
Отанға оралу
«Мен отыз жылдай Ресейде қызмет еттім. Атақты Микоян атындағы мекемеде білдей қызметте отырдым. Ол жерде жұмысым құпия еді. Тіпті куәлігімде жәй ғана «жүргізуші» деп жазылған болатын. Бірақ еліме қайтқым келді. Әйеліммен ақылдасып едім, ол маған «Осында келгенде елім үшін деп келген едің, енді елің үшін оралу керек. Сен өз еліне керексің, қайтайық» деді. Әрине, орыстар мені жібергісі келмеді, дегенмен табандылық танытып кеттім-ау», - деп ағынан жарылды Тоқтар батыр.
Тұңғыш ғарышкер
“Бірде Шымбұлақта шаңғы теуіп жүргенімде, жақын жолдастарым хабарласады. «Тоқа, неге бізге айтпайсың? Ғарышқа ұшқалы жатыр екенсің ғой» деп ренжиді. Мен аң-таңмын. Ертесіне Нұрекеңе (Нұрсұлтан Әбішұлы) бардым. «Менімен ақылдаспай неге осындай шешімдер қабылдадыңдар? Мен бармаймын. Мен ұшқышпын, ғарышкер емеспін» дедім. Нұрекең: «Білгірлердің барлығынан сұрастырдым. Бәрі-бір ауыздан дәл қазір ғарышқа ұша алатын Тоқтардан басқа еш қазақ жоқ деді. Сондықтан осылай деп шештік». Мен «жоқ» деп сіресіп тұрып алдым. Сол кезде Нұрекең: «Тоқтар, дәл маған бұл керек емес. Президентпін. Бұдан артық не армандаймын. Саған да керек емес. Жетер жеріне жеттің. Бірақ ол қазаққа керек. Отыз жыл бойы халықтың аңсаған арманын жүзеге асыруға мүмкіншілік туып отыр» деді. Халқым үшін келістім».
Ғарыш
«Ұшу күнінің уақыты бекітілді. Дегенмен Нұрекеңе бірден айттым «Мен жәй ғана ұшпаймын, арнайы зерттеу жұмыстарын атқару керек». Ол мақұл көріп, 300 адам (ғалымы бар, зерттеушісі бар) бас қосып зерттеу жұмыстарының бағдарламасын дайындадық. Бұрын зерттелмеген тақырыптарды қозғадық. Аралдың экологиялық мәселесін алғашқы болып дайындап дәлелдеген мен едім. Ғарыштан Арал аймағын фотоға түсіріп, кейін сол тұздың солтүстік мұзды мұхитқа қарай ұшатынын көрсеттім. Тұз ұшқан жердің түсі де өзгеше болады. Тағы да басқа зерттеулер болды. Келгеннен кейін әлем ғалымдары «бұндай жаңалықтарды, осындай зерттеулердің нәтижелерін отыз жыл ішінде ешбір ғарышкер алып келмеген» деген еді. Өз басыма емес, қазақ халқы үшін мақтандым».
Жерге оралу
«Ғарыштан келген соң, ел-жұрт құшағын жайып қарсы алды. Табанымды жерге тигізбеді. Мен халқыма ризамын. Әлі күнге дейін құрметтейді. Шақырған жерден қалмауға тырысамын. Өткенде бір ЖОО студенттері хабарласады. «Аға, ректорат рұқсат бермей отыр. Дегенмен өзіміз бас қосайық деп шештік. Адам саны көп болмайды-ау. Келе аласыз ба?» деп сұрады. Мен: «Екі адам бола ма?» деп сұрадым. «Ия» деді. Онда «Барамын» дедім. Құдай-ау, барсам зал толы. Екі қаптал, орындықтардың арасында бір адам сыятындай орын жоқ қой. Мені келеді дегенді естіп, жиналған екен. Риза болдым».
Өкініш
«Қазақстанның өз ғарыш агенттігін құруды бастаған менмін. 1993 жылдары еді. Ақша жоқ. Штатта алты-ақ адам. Жалақысы 10 (он) доллар. Толық қанды жұмыс жасауға мүмкіншілік болмады. Десе де тырысып жүріп Байқоңыр туралы заң қабылдадық, бекіттік. Кейін БҰҰ барып ғарыш саламызды таныстырдық. Бүгін ойлап отырсам, қазіргі миллиард теңгелер сол кезде болғанда, көп шаруа тыңдыратын едім. Енді арманымды айтайын, Еуропада ортақ ғарышты зерттеу орталық бар. Біз де Орта Азиялық орталықты құру керекпіз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл».
Жастарға
«Бүгінгі таңда жастарға ең керегі ол – білім. Өзгеден тек білім арқылы ғана оза аламыз. Бала кезімде ауылда анам екеуіміз ғана тұрдық. Жаз бойы қысқа дайындық жасаймын, қыста мектеп кітапханасынан шықпаймын. Кітапты көп оқыдым. Осылай өстік қой. Қазір бәрі де жеңіл. Кітап түгіл, планшет түгіл, ұялы телефонның өзінен кітап оқуға болады. Мүмкіншілік көп. Тек дұрыс пайдалана білу керек», - деп өз сөзін қорытындылады Тоқтар Әубәкіров.