Ірі қалаларда жаңа технологиялар жасалады - Елбасы
2016 ж. 16 ақпан
2103
4
Н.Назарбаев Алматыда өтіп жатқан 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық пен қаланың дамуы мәселелеріне қатысты кеңес барысында Алматы әуежайын дамыту бағдарламасын жасауды тапсырды - деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Бұған дейін Алматы әкімі әуежайдың сыйымдылығы өте аз екендігін жеткізді.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов бүгінде Алматы әуежайын дамытудың екі нұсқасы қаралып отырғанын айтты. Біріншіден, Қапшағай су қоймасы маңында жаңа әуежай салу қарастырылып жатыр. Оған қазір инвестор іздестірілуде. Екіншіден, қазіргі әуежайды қайта жаңғырту.
«Жаңасын салу - өте ұзаққа созылады. Қазір ең алдымен, қанша жолаушы өткізетіндігін, кететін қаржы, уақыт бәрін қарастырып, ең қолайлы нұсқасын табу маңызды. Мүмкін тағы терминал қажет болар», - деді Мемлекет басшысы.
Әуежай директорының айтуынша, әуежай мен ұшақты біріктіретін дәліз жетіспейді. Сондай-ақ, қолданыстағы екі жолақ жаңғыртуды қажет етеді.
Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ҚР Инвестициялар және даму министрі мен қала әкіміне Алматы халықаралық әуежайының даму жоспарын жасауды тапсырды.
Сонымен бірге Елбасы Миллион тұрғыны бар қалаларды көбейту керек екенін айтты.
«Миллион тұрғыны бар қалаларды қалыптастыруға барынша көп көңіл бөлемін. Өйткені, ірі қалаларда жаңа технологиялар жасалады. Бұл әлемге белгілі тәжірибе», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы осы бағытта республикалық бюджеттің басты доноры, мәдени және туристік орталық ретінде Алматы қаласы көшбасшы болып келе жатқандығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде Алматының қатарына Астана мен Шымкент қосылып келеді.
qazaquni.kz