"Мен мұнда сенің жапондарың үшін келдім...»
2016 ж. 16 ақпан
2790
0
...Тендерді жапондық консорциум ұтып алғаннан кейін осы мәселенің ұйымдастыру жағын пысықтау үшін Жауғашты 1993 жылдың мамыр ойының ортасында Күншығыс еліне келді. Оны келген сәттен бастап-ақ елдегі ең ірі тоғыз компанияның қатарына кіретін «Мицуи» мен «Мицубишидің» вице-президенттері бастаған іскер азаматтар оны бір аптадай қолдан-қолға тигізер болмады. Әрине, бұл ең алдымен географиялық тұрғыдан өте ұрымтал жерде орналасқан, қазба байлыққа тұнып тұрған, жаңадан өз билігі өз қолына тиген мемлекетке деген құрмет еді. Жапондар өздерінің осы байлықты бірге игергісі келетінін жасырған жоқ. Жапония әлемдегі бай-қуаттылығы жағынан екінші ел (бүгін жалпы көлемі жөнінен Қытай екінші орынға шықты, бірақ, жапондар жан басына шаққанда әлі де екінші орынды бермей тұр) ретінде орасан зор қаржысы бар екенін, экономиканың барлық саласында озық техника мен технологиясы бар екенін, ең бастысы осының бәрін қазақ елінің өнеркәсібіне құюға мүдделі екенін жасырған жоқ. Және жаратылысынан сыпайы жапондар өздерінің бұл ұстанымын Жауғаштыға барынша дипломатиялық түрде жеткізді . Қазақстан қазба байлығы ғана мол емес, оның жері де өлшеусіз кең-байтақ, қажеттілік кезінде ол аумаққа сансыз жапондықты қоныстандандыруға болады, ал, олар тек технология мен инвестиция ғана әкеліп қоймас еді, жас мемлекетті сыртқы көре алмайтын көп дұшпаннан да қорғауға кепіл болар еді...
Дәл сол кезде «Жапонияның күйреуі» деген кітап шығып, соның негізінде түсірілген осы аттас кинофильм жұрттың бәрінің аузында жүрген. Кітаптың да, фильмнің де түйіні ретінде жапондықтардың атақонысқа, Алтайдың аржағында жатқан алып өлкеге қайтуының мүмкін екендігі ишарамен болсын беріліп кетеді.
Жауғашты жапондардан:
- Шын мәнінде осы идеяның іске асуына негіз бар ма?- деп сұрағанында:
- Неге жоқ? Алыс-жақын болашақта сондай мүмкіндіктің туа қалуы ықтимал екенін жоққа шығаруға болмайды. Сіздерде мемлекет аумағы кең, жапондардың жартысы көшіп барса да тарлық етпейді.
Жарайды, бұл болашақтың ісі дейік... Іскер Жауғашты үшін әзірге қажеті - жапондарда технология бар, техника бар, мамандар бар, қаржы бар, ең бастысы Қазақстанмен жұмыс істесек деген шынайы талпыныс бар. Олардың Қазақстанға құлай берілген – есепсіз бір қадам баспайды деп саналаты іскер адамдарға қатысты бұлай айту дұрыс бола қоймаса да - адал, ақ көңілдерін көріп тұрған Жауғаштыда бұндай құлшынысты қалайда Президентке жекізу керек деген жігер пайда болды.
Жапониядан келген күннің тура ертесіне Ниге, Президенттің көмекшісіне кірді. Оның кеңесшісі Нұртай Абықаев болатын. Екеуі біріне-бірі қарама-қарсы бөлмелерде отырады.
- Владимир Васильвич, мен кеше ғана Жапониядан келдім. Президентке Жапон «жайындарының» сәлемін жеткізуім керек.
- Жауғашты, қабылдауға Нұртай жазады ғой.
- Жарайды.
Жауғашты Нұртай Абықаевпен Министрлер Кеңесінде бірнеше жыл әріптес болып жұмыс істеген, оның үстіне Үкімет үйінің асханасындағы бөлім меңгерушілеріне арналған залда бірге тамақтанатын. Жауғаштыны жылы қарсы алғанымен Нұртай ол күні оны Президентке кіргізе алмады. Келесі күні де сәті түспеді. Ойға алға ісін орындамай тынбайтын Жауғашты үшінші күні қатарынан тағы келді.
-Жауғашты, - деді Нұртай, - көріп тұрсың ғой, ешқандай мүмкіндік жоқ. Сен одан-дағы ойыңдағыны қағазға жазып беріп кетші, мен міндетті түрде Президенттің қолына тигіземін.
Жауғашты Нидің кабинетіне барып отырды да, қағаз бетіне қысқаша, тезисті түрде айтқысы келгенінің бәрін түсірді. Тіпті жапондардың өздерін қазақтан шыққан халық деп түсінетінін жазуды да ұмытқан жоқ...
Содан екі-үш ай өткенде жапондық 43 адамнан тұратын бизнесмендер делегациясы келіп, премьер-министр Сергей Терещенко оларды 1993 жылы 7 маусымда таңертең 11-де Экономика министрлігінің конференц-залында қабылдады. Қабылдау басталып, амандық-саулық сұрасып болған соң премьер-министр көпшілікке:
-Екі жақтан да, кімде қандай ой бар, қандай ұсыныс бар, ортаға салуларыңызды өтінемін, - деді.
Бірінші болып Жауғашты орнынан тұрды.
-Жапондықтардың бізбен жұмыс істеуге деген ықылас-ынтасы өте жақсы. Технология әкелуге, инвестиция құюға дайын. Тек олар біздің тарапымыздан тиісті жағдайлар жасалса деген тілек білдіреді. Мысалы, кәзір Алматыда офис жалдап алуға жақсы үй-жай жоқ. «Өзіміз офис саламыз» деп отыр бұл мырзалар. Соған жер телімін беруіміз қажет.
Терещенко:
-Қаперімізде болады, - деді де қойды. Одан арыға бармады. «Күні ертең-ақ бұл мәселені шешеміз» дегендей құлшыныс танытпады.
Кешкі сағат жетіде әдеттегідей бұрынғы Ленин, бүгінгі Достық даңғылының бойында орналасқан нөмірі үшінші Демалыс үйінде қадірлі қонақтардың құрметіне қонағасы берілді. Кеңес кезінде Үкіметтің қатардағы мамандары оның өзінің асханасынан, ал, бөлім басшылары асханананың ішіндегі бөлек арнайы бөлмесінде тамақтанса, бұл Демалыс үйінде министрлер келіп түскі ас ішетін. Демалыс үйінің ауласында саябақтық жазғы ағаш үйлер болатын. Үкіметтің бөлім жетекшілері жаздағы үш айда осы үйлерге келіп, отбасыларымен тұрушы еді. Бұл жер шағын жеміс бауы болғандықтан, қасында сылдырап Алматы өзені ағып жатқандықтан, әсіресе, бала-шағаның дем алуы үшін өте қолайлы, қаланың ішіндегі салқын жайлау, сабатты қоныс болып табылатын.
Демалыс үйінің асханасында үлкен дөңгелек үстел тұратын. Осы дөңгелек үстелді айнала министрлер, мемлекеттік комитет пен агенттіктер төрағалары, Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасарлары тамақтанатын. Одан бөлек тағы екі Демалыс үйі болатын, олар Медеуге барар жолдың бойында, тау қойнауында еді. Ең жоғарғысы негізінен шетелдік меймандарға қонақ үй ретінде қызмет атқаратын. Жауғаштының Алматыдағы жұмысы да негізінен шетелдіктермен байланысты болуы себепті, ол уақытының көбін сол жоғарғы Демалыс үйінде өткізетін.
...Кешкі сағат жеті. Жауғашты «өзінің» жапондарымен Демалыс үйіне келді. Келуге тиісті өзге де қонақтар мен қазақстандық лауазым иелері бәрі жиылып болды. Бірақ, ішке ешкім шақырыла қоймады. Жұрт жиырма минуттай иіріліп фойеде тұр. Не болды, неге кіргізбейді, түсініксіз.
Кенет... Есіктен жылдам басып Нұрсұлтан Назарбаев кіріп келе жатты. Мәжілістің неге кешіктіріліп жатқаны да бірден түсінікті болды. Жауғаштылар фойенің екінші қабатында әңгімелесіп тұрған еді. Премьер бастаған министрлердің сәлемін алған соң Президент жан-жағын жіті шолып шықты. Іздеген адамы көзіне түспесе керек, енді ол басын көтеріп, жоғары қарады. Жауғаштыға «бері кел!» деп шақырғандай болды. Жауғашты анықтай түскісі келіп: «Мені ме?» деп өз кеудесін нұсқап еді, Президент басын изеді. Оны қаумалап тұрғандар қақ жарылып, Жауғаштыға жол ашты. Бұның қолын ықыластана қысқан Президент күлімдеп:
-Мен бүгін бұнда келуге тиіс емес едім, сенің «жолдауыңды» оқығаннан кейін арнайы келіп тұрмын.
Осы кезде бұлардың қасына жымия басып жапондар да жақындады. Істің мүддесі үшін кез-келген қолайлы сәтті пайдаланып қалмауды бойына күнә санайтын Жауғашты дереу оларды Президентке таныстырды.
- Иә, не мәселе шешіп жатырсыңдар?
- Бұл мырзалар бізбен қоян-қолтық жұмыс істегісі келеді, Нұреке. Сол үшін келіп отыр осында.
- Жұмыс істеуі үшін бұл кісілерге не керек екен?
- «Мицуи» Алматыдан офис салсақ дейді.
- Ал, офис салуға не қажет?
- Қаланың ішінен жер керек, басқа ешнәрсе керек емес.
Президент Нұрқаділовке бұрылды.
- Заманбек, немене, бұл шешілмейтін мәселе ме?!
Нұрқаділов қалбалақтап қалды.
- Шешеміз ғой, Нұреке, шешеміз! (Бірақ, Заманбек марқұм сол күйі бұл мәселені шешкен жоқ...)
Президент қабағы сол сәл түйілген күйде Жауғаштыға қайта қарады.
- Маған «ананы істейміз, мынаны істейміз» деген шетелдіктер көп келеді. Бірақ, солардың бір нақты нәтижелерін байқай бермеймін. Жауғашты, мына жапондарыңмен тікелей өзің айналысшы. Өзің! Мен тек сені білетін болайын, нәтижесін тек сенен сұрайтын болайын. Ал, мен жағынан толық қолдау болады, оған қам жеме!
Ендігі сәтте Президенттің назары сәл алшақтау қалып қойған, содан ба, әйтеуір, табанына тікен кіргендей тыржиыңқырап тұрған Терещенкоға ауды.
- Сергей Александрович, жапондармен бірлескен сауда-өнеркәсіп комиссиясын құру мәселесі Үкіметтің жоспарында бар ма?
- Әрине, Нұрсұлтан Абишевич!
- Ендеше, сол комиссияның құрамына Жауғашты міндетті түрде кіретін болсын!
-Жақсы!
"Мемлекеттік қызметке қайта оралсаң қайтеді?"
Кездесу біткеннен кейін Президент Жауғаштыны тағы шақырып алды.
- Сен мені қабылдамай жатыр деп өкпелеме. Қолым тиетін емес шынында. Алдағы аптада Семейге барып келемін, сосын қабылдаймын сені.
Айтқанындай-ақ, дәл бір апта өткендеЖауғаштыға Нұрекеңнің көмекшісі Иманғали Тасмағанбетов қоңырау шалды.
-Жақа, Президент сізді ертең сағат төртте қабылдайды.
Жауғашты кіріп сәлемдескен соң, отырар-отырмастан Президент тіке сұрақ қойды:
-Сен осы мемлекеттік қызметке қайта оралсаң қалай болады?
Қашан да шапшаң Жауғашты бұл жолы да жауапқа іркілген жоқ.
- Нұреке, менің сізге осы орында пайдам көбірек тиеді-ау деп ойлаймын.
Ары қарай әңгіме нақты іске көшті. Жауғашты Президентке бір емес, екі емес, бақандай бес хат алып барған еді. Біреуі Маңғыстау мұнай зауыты жайлы болса, екіншісі «Боинг» туралы (ол жөнінде келесі тарауда), қысқасы, Жауғашты көтерген бес мәселенің бәрінің де мемлекет үшін маңызы аса зор болатын.
Ол папкісіндегі бесінші хатына қолын созғанда Президент басын шайқады:
- Ау, сенің хаттарың бүгін таусыла ма өзі, таусылмай ма?
- Нұреке, осы ең соңғысы!
Қабылдау аяқталды. Қоштасу алдында Президент тағы да:
- Жауғашты, дегенмен, мемлекеттік қызметке қайтып келуге қалайсың?- деді.
Бұл – әр адамға оның өмірінде бір-ақ рет қойылатын сұрақтар қатарынан еді... Және салмағы қара жердей ауыр сұраққа қандай жауап беру, қалай жауап беру адамның ішкі дүниесін сыртқа шығаратын. Біреулер ойланып қалады. Бұл оның дайын еместігін көрсетеді. Енді біреулер іштей дайын болса да, күтіп жүргені жарқ етіп алдынан шыққанда жылдам шешім қабылдауға қауқарсыздық танытып алады. Тағдырыңды шешетін осындай қас-қағым сәтте әдетте адамның болмыс-бітімі басты рөл ойнайды. Кейбір өте ақылды, өте сақ адамдардың сынға түскен шақта ішкі дүниесі оның өмір бойы киіп келе жатқан «сақтық» сауытына бой бермей кетеді, сол сәтте сыртқа жарып шығады. Мұндай кезде олар алдында кім отырса да, әкім бе, министр ме, тіпті мемлекеттің президентінің өзі ме, ойындағысын айтып салады.
Тағдыры шешілетін сәт туғанын Жауғашты да ішкі түйсікпен сезіп үлгерді. Оның ойлануға тіпті секундтің жүзден біріндей де уақыты кеткен жоқ, тек ми қыртыстарында бір сәуле жай отынан да тез жалт ете қалды, жауабын сол сәтте-ақ сақпанның оғындай сарт еткізді:
- Нұреке, сөздің ашығы, сіз не айтасыз, сол болады ғой! Қайтып келмесең болмайды десеңіз, келемін-дағы!
Жауғаштыны жүрісі өте күшті болып шықты. Мемлекет басшысының деңгейіндегі адамның сөзі еді бұл. Президент өз ұсынысын айтуын айтқанмен, дәл осындай алды-артын орап, тығырыққа тіреп тастайтын, мойын бұлтартпас нақты жауап аламын деп күткен жоқ болатын. Сол себепті де ол «көрейік», «ойланайық» деген тәрізді салмақсыз көп сөздің ешқайсысын аузына алмай, үнсіз қалды. Жауғашты қоштасып шығып кетті.
Бұдан соң қайтып Президент тарапынан оны қызметке шақыру жасалынған жоқ...
Жауғашты неге Жапонияға бармай қалды?
....1994 жылдың наурыз айында біздің Президенттің Ұлыбританияға екінші ресми сапары болды. Жапондардың тапсырмасы, дәлірек айтсақ Мицуи компаниясының президенті Кумагаи-санның жеке өтініші бойынша Жауғаштыға Лондонға ұшып барып, өз елінің президентімен сол жерде кездесуіне тура келді. Кумагаи-сан Қазақстанның Президентіне алдағы сәуірде Жапонияға келер сапарында бір күнгі кешкі тамақ уақытын Мицуиге арнап бөлуін, және сол кешкі тамаққа жапондық ең ірі компаниялардың бәрінің жетекшілері келетінін жеткізуін, сондықтан бұл басқосуға қатысуға қалайда Назарбаевтың келісімін алуын өтінді. Жапондардың ол кезде Қазақстанға келуге ықыласы оттай ыстық еді және олар ең бірінші кезекте мұнай-газ саласына кіргілері келді. Жапонияда 35 мұнай өңдеу зауыты бар және оның барлығы да техника-технологиялық жағынан әлемдегі ең алдыңғы қатардағы кәсіпорындар.
Жауғашты Лондондағы кездесулердің бірінде Президентпен жолықты. Кумагаи-санның өтінішін жеткізді. Президенттің келісімін алды. Сосын барып қоштасар кезде өзінің осы жоба жайлы жазып, дайындап қойған хатын Президентке ұсынды. Ол кісі қасында тұрған Әбішев жаққа иегін қақты да:
- Сыздыққа бер, - деді. Берді. Алды. Алуын алса да Президент бұрылып кете берген кезде Жауғаштыға қарап тістене:
- Немене, мен сенің хат тасушың ба едім?! – дегені. Міне, көкірек деген қайда жатыр!
- Әй, саған Президент ал деді ғой!
Сонымен тарқасты. Лондонда жапон фирмаларының өкілдіктері өте көп. Олардың бәрі де қазақ елінің Президентінің бұл сапарына қызығушылық танытып жатыр. Қысқасы, Жауғашты Президенттің жапондық сапар барысы кезінде Лондонда болатын болып шешілді. Токиодан белгі берілген бойда Жапонияның Лондондағы консулдігі бір сағаттың ішінде виза ашып береді-дағы, Жауғашты Токиоға ұшып шығады. Ал, дәл сол уақытта... Премьер-министр Терещенко мырза баяғы Маңғыстау мұнай өңдеу зауыты жайлы Үкімет қаулысының күшін жоятын Өкім шығарады! Кімммен келісті, кім рұқсат берді?!.. Бекбосынов пен Бәйкенов екеуі жанын салып жұмыс істеген болуы керек, бір аптаның ішінде қайтадан Өкімнің күшін жойдырады... Жауғаштыға бұндай оқиғалар болып жатқаны жайлы ешкім айтпаған, шамасы көңіл-күйін түсірмейік дегендері болса керек. Ал, ол болса ойында түк жоқ, Лондонда мың-сан жұмысы бар, жүгіріп жүр. Жапониямен күніге хабарласып тұрады.
Бір күні аудармашы қыз Каори өзі хабарласты.
- Нәбиев мырза, сіздің еңбегіңіздің бәрінің далаға кетер түрі бар.
- Не болып қалды? Неге олай деп ойлайсыз?
- Бізге Алматыдан хабар жетті, делегацияның құрамынан Бәйкеновті шығарып тастапты...
Мәссаған! Бұл – «белгі» деген сөз. Өйткені, делегация құрамы әдетте күнібұрын дайын етіліп, барлық мәселе келісіліп, бекітіліп қояды. Мұнда да солай болған-тұғын. Ал, бұлайша, табан астынан, министрдің тізімнен шығып қалуы...
-... Бірақ, сіз қапаланбаңыз, - дейді Каори.
Жұмсақ, жағымды даусымен мұны жұбатқан болып жатыр. Өзі де бір атына заты сай, жібектей созылған, сыбызғыдай сызылған жапон қызы. Аты демекші, Каоридің қазақшасы «Таңғы самал» деген сөз...
–Басшылардың сіздің жұмысыңызға қояр кінәсі жоқ, сіз өз міндетіңізді атқардыңыз. Енді не де болса, ақырына дейін күтеміз. Ең бастысы, басшылықтың сізге деген келісімі өз күшінде, сол жақта бола беріңіз, тек кез келген сәтте аттанып кетуге дайын отырыңыз.
Бәйкенов делегация құрамынан алып тасталмағанда, жапондар оған «визаны дайындап, ұшып шыға беріңіз» дейтін еді ғой... Жарайды, ары қарай не болғанын кейін Каори айтып берді.
"Ағылшын-қазақ" мүддесі...
Біздің Президент алдын-ала келісілген жоспар, хаттамаға сәйкес жапон елінің Премьер-министрімен кездеседі. Кездесу үстінде Премьер-министр, олар да делегация құрамына қарап көңілдерінде туған күдіктің анық-қанығына көз жеткізгісі келеді ғой, Маңғыстау мұнай зауыты жөнінде арнайы сұрақ қояды. Сұрақ қойғанында Президент «Маңғыстау мұнай өңдеу зауыты - біздің ең үлкен басымдық беріп отырған жобаларымыздың бірі» деп шегелеп жауап береді. Премьердің көңілі орныққандай болады. Мұнай-газ министрі келмесе келмесін, бір жағдай болып қалған шығар, ең бастысы Президенттің өзі уәде беріп отыр ғой...
Ертесіне таңертең Жапонияның ең тиражы көп «Асахи» газетінің редакциясында жапон журналистеріне арнап біздің еліміздің үш министрі – Экономика министрі М.Үркімбаев, Өнеркәсіп министрі А.Саламатин және Сыртқы экономикалық байланыс министрі С.Әбішев баспасөз мәслихатын өткізеді. Сұхбат барысында Қазақстанның бұл кездесуге бес инвестициялық жоба әкелгені сөз болады. Газет кешкі нөмірінде оның бәрін атап-атап береді. Бес жобаның ішінде мұнайға қатысты бір де бір жоба жоқ...
Сол күні күндіз келісім бойынша Президенттің жапон елінің Кумагаи-сан бастаған өнеркәсіп «жайындарымен» кездесуі өтеді. Мұнда да Кумагаи-сан мұнай зауыты жайлы сұрақты қояды. Президент: «Мен кеше сіздердің Премьерлеріңізге айтып едім, бүгін сіздерге де қайталап айтамын – Маңғыстау мұнай зауыты біз үшін ең басымды жоба!» деп жауап береді. Екінші рет! Сол кезде оның қасында отырған С.Әбішев оған қарай бұрылып, әдетте қазақша сөйлейтін ол орысшалап: «Нурсултан Абишевич, мы же его исключили?!» деп сыбыр етеді. Министр кешкі газетте мұнайсыз бес жоба жайлы мақаланың шығатынын біледі, «ақ патшам, сіз қателесіп тұрсыз...» деп ескерткені ғой бұл.
Президент – бекерден-бекер алғыр аты шығып жүрген жоқ қой - мойнын бұрмаған күйі сол секундта жауап береді: «Исключили? Обратно включите!» Оны екеуінің қасында тұрған Каори ғана естиді...
Қызығы әлі алда... Әдетте мұндай сапарлардан елге оралғаннан кейін Президент «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде іссапар нәтижесі жөнінде халықты құлағдар ететін. Бұл жолы да сондай сұхбатта Маңғыстауда мұнай айыру зауытының салынатыны жайлы айтып өтеді... Үшінші рет!
Жоғары жақта не болып, не қойып жататынын түсінудің өзі қиын. Әдетте мемлекеттік іс-сапардың әр минуты, тек Президенттің ғана емес, делегация мүшелерінің де кіммен, қашан кездесетіні, онда қандай мәселе сөз болатыны, бәрі-бәрі алдын-ала бірнеше рет келісіліп, бағдарлама жасалып, ол бағдарламаны екі жақтың да басшылары көріп, қол қойып, бекітіп береді. Бұл дипломатия тілінде «протокол (хаттама)» деп аталады. Сыртқы істер министрлігінің хаттамамен айналысатын арнайы бөлімі, қызметкерлері болады. Хаттама сапар барысында өте бір ерекше, дәлірегі төтенше жағдайда ғана өзгеріске ұшырайды. Ендеше, Президент өзімен бірге кімдерді, не үшін ертіп бара жатқанын, олардың не алып бара жатқанын, делегация қоржынындағы бес жобаның қандай жобалар екенін өте жақсы білді. Сол бес жобаның ішінде мұнай жобасының жоқ екенін де білді. Білмесе ол Президент бола ма?.. Сөйте тұра Премьер-министрдің, өзге елдің дәл өзі секілді бірінші басшысының «келісілген мұнай зауытының жобасы жоқ қой?» деген нақты сұрағына «ондай жоба - бар!» деп нақты жауап берді. Бұл өзі экспромтпен, табан астында туылған жауап па еді, жоқ әлде алдын-ала ойланып, дайындап қойған жауап па еді? Президент бір емес, үш рет Маңғыстаумұнай зауытыың салынатыны жайлы кесіп айтса, айтқанының орындалатынына сенімді болғаны ғой. Бірақ, орындалмады... Неге олай болғанын білу бізге бұйырмаған. Оның себебін жалғыз адам біледі. Біз тек жорамал ғана құра аламыз. (Әрине, уақыт өте келе барлық сыр ашылады, бірақ ол заманға біреуіміз жетеміз, біреуіміз жетпейміз...).
Мемлекеттің мұнайға байланысты мұндай мың құбылған саясатының басты болмаса да қосымша сыры кейінірек, Жауғашты Алматыда өзін Ұлыбританияның ресми ұйымдарына Қазақстан Республикасының «Казмедь ЛТД» және «Каруголь ЛТД» компанияларының директоры ретінде таныстырып жүрген Роберт Дэйвид Кисин деген ағылшынды көргеннен соң, бұл мырзаның талай былықпайы туралы ТМД баспасөзінде жаппай жазылған кезде ашылғандай болды...
Ағылшын-саксон әлемінің «өл-тіріл, тек мұнай өндіруші елдің мұнайды өңдеуіне жол берме!» деген жазылмаған, бірақ бұзылмайтын заңы, айтылмайтын, әйтсе де бұлжытпай орындалатын ережесі бар екен. Олардың шикізатқа бай ел сол шикізат сатушы ел күйінде қалуына неге соншама күш салғандары бүгін елдің бәріне түсінікті болып отыр. Осы тапсырманы орындаушы Роберт Кисин емес екендігіне бүгін кім кепілдік бере алады. Жиырма жылға жетпей-ақ жоғарыда айтылған қағида-ұстаным мүлтіксіз іске асты ғой....
Әйтпесе, Қазақстан «Маңғышлақмұнай» ӨБ негізінде жапондық консорциуммен бірге 70х30 үлеспен бірлескен кәсіпорын құрады деп болжаған болатын. Қаржылық кеңесшілердің көмегімен Қазақстанға жылына 5% өсіммен 8,5 жылға несие бөлінген еді. Оның алғашқы 4 жылына жеңілдік қарастырылған-тұғын. Қалай болғанда да бұл жоба Қазақстанның мүддесіне толық жұмыс істейтін теңдессіз дүние еді. Тек, әттең... «Маңғышлақмұнай» кейін құрылтайшысы индонезиялық компания болып табылатын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға айналды (ол компанияның шын қожайыны Рахат Әлиев болып шықты...). Мемлекеттік мүдде іске асу үшін алғырлық, іскерлік, бірақ, бәрінен де бұрын сатылмайтын арлылық қажет еді. Өкінішке қарай, өтпелі кезеңде, тіпті кәзір де, біздің елімізде АҚШ мемлекетінің атасы Т.Джефферсон «Коммерсантта Отан болмайды!» деп ескертіп кеткен саудагерлік салтанат құрып отыр. Соның салдарынан Қазақстан қандай керемет кәсіпорыннан айрылды. Бүгін олардың қаншасынан айрылып жатыр. Ертең әлі қаншасынан айрылады...
Және солай болуға тиісті де. Себебі, «байыңдар!» деп ұран тастаған біздің билік бір емес, екі рет «легализация» жариялап, арамнан жиналған ақша мен дүние-мүлікті заңды түрде «адалдап» алуға әбден жағдай жасап берді емес пе. Сол уақытта өкіметтің неге мұндай саясат ұстанып отырғанын түсіндірмек, дәлірегі ақтап алмақ сыңайдағы Президенттің бір емес екі рет «накопление первоначального капитала никогда не бывает честным...» деген сөзі елдің есінде.(Бүгінгі таңда үшінші легализация жүріп жатыр...) Ендеше, министрлер де қам сүт емген пенде, қызыл-жасыл қу дүние көз алдында «жасыл қағазды» көрсетіп, алтайы қызыл түлкінің құйрығындай бұлаңдап тұрса қызықпады, азғыруға түспеді дейсің бе... Оның үстіне, төрт жүз жылдан бері әлемді бұрын отарлай, бүгін қаржылай билеп отырған, билігінің арқасында сол әлемнің байлығының сексен пайызын дүмінің астына басып отырған, адам баласын қалай алдап-сулаудың, қорқыту мен үркітудің теңдессіз мол тәжірибесін жинаған және онысын ешкімнен жасырып-жақауратпай «қамшы мен күлше саясаты» деп ашық жариялаған ағылшын-американ алпауыттарына біздің «Басы» бар, басқасы бар «абориген» министрлерімізді бір-екі-үш миллион долларға арбап алу - айтуға да тұрмайтын болмашы тірлік қана. Ал, тоқсаныншы жылдардың басында баюдың жолына жаңадан ғана түскен байшыкештеріміз үшін «миллион» деген өте көп ақша болатын. Мұқағали:
Арылайын десем де пенделіктен,
Арылатын болмадым, ол неліктен? – деп неге айтты?..
Міне, қандай мемлекет құрып жатырмыз, қандай мемлекет құрдық біз? Біздің елді қандай адамдар басқарды, басқарып отыр? Қандай адамдар «Президент нөкерлерін» құрайды? Қандай адамдарды Президент өзінің айналасына жинап алды?.. Уәзірлерінің ондай тірлігін Президент біле ме, білмей ме, оны айту қиын, бірақ үзілді-кесілді «білмейді» деуге тағы болмайды...
«Білмесе – тіпті жақсы, ал, білсе ше? Онда - не үшін? Не үшін бір емес, үш рет "мұнай зауыты салынады!" деді?!..»
Осыны айтып тоқтаған, жиырма жыл бұрын өткен оқиғаны бүгін басынан қайта кешіп, қатты толқып отырған Жауғаштының жүзіне қарау аса ауыр еді...
Жалпы, біз неге әңгімемізді басқа емес, нақ осы Маңғыстау мұнайынан бастадық? Себебі, ол Жауғаштының кіші отаны, ата-бабасының мыңдаған жылдар бойы қоныс еткен құтты мекені. Белгілі археолог Зейнолла Самашевтің зерттеулері бойынша Үстіртте бұдан төрт мың жыл бұрын салынған қаланың орны табылған. Қаланың даму деңгейінің жоғары болғаны соншалық, онда күйген кірпіштен жүргізілген су жүйесінің іздері сақталған. Кейін, климаттың өзгеруіне, басқа да себептерге байланысты қала күйзеліске ұшыраған.
Қазақтың өзінің туған жеріне деген махаббаты таңдай қақтырмай қоймайды. Көшпенді өмірден қол үзгеніне әлі бір ғасыр толмаса да, қазақ негізі өзінің туған жерінен көп ұзап көшпеген халық. Ол мінезден қазақ бүгін де айныған жоқ, адам табиғаты бір күнде өзгере салмайды ғой. Кеңес кезінде оқу бітірген соң үш жылға тапсырыс берген жаққа жұмысқа кететін қазақ жастары, әжептеуір көтеріліп қалған қызметін тастап, үш жылдан соң өзінің туған жеріне оралып жататын. Бұл әсіресе қазақылық барынша мол сақталған Оңтүстіктік пен Маңғыстау қазағына көбірек тән болатын. «Мал иесіне тартады» дейді қазақ, төрт түлік малдың ішіндегі ең киелісі саналатын түйе жануар туған жерін сағынғанда не істейді? Аруана өзінің желісіне ілесе алмай, аяғына тұсау болған ботасын мойнын бір-ақ шайнап, бұрап өлтіріп, аңыраған күйі күні-түні тоқтамай алға қарай ұмтылады. Бұдан кейін оған қандай жүйрік болса да жылқы баласы жете алмайды... «Рыба ищет, где глубже, человек ищет, где лучше» деген орыс мақалының қазақша аналогы да жоқ. Қазақ керісінше: «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деп бір-ақ кеседі. Тіпті, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген өндіріс орындары жабылып, Ақтаудағы тау-кен комбинаты да солардың кебін құшып, өкімет орындары жұмысшы мамандарды Жезқазғанға жұмысқа шақырғанда бір жасамыс кісінің:
-Адайлар Маңғыстауды тастап, Жезқазған тұрмақ, Алтынқазған болса да бармайды! – деген сөзі елге аңыз болып тараған. Олар бүгін де қара боран екілене соққанда түтеген қара топырақ күндіз асфальт жолды көрсетпей тастайтын Жаңаөзен мен Жетібайды небір жердің жәннатына айырбастамай отыр. Ендеше...
Өмірзақ Ақжігіттің «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» кітабынан үзінді (Басы мына жерде) (жалғасы бар)