Алатаудың алыбы, Қыргыз бен қазақтың ортақ мақтанышы - Сооронбай Жусуевпен қоштасу
2016 ж. 15 ақпан
2232
0
Ұлағаты мол ұлыларды уақыттың өзі туғызады, дәуірдің дауылы мен жауыны, өрті мен дерті, селі мен желі сан сынаққа салып, сынайды, шыңдайды. Туысы бөлек ондай тұлға өзі тәтті, діні қатты өмірдің қиындығына қасқайып қарсы тұрады. Тарих ұзақ толғатып, сирек туатын хас тұлғалардың тағы бір ерекшелігі олар ұлтқа бөлінбейді, адамзатты алаламайды, талант атаулыны алыстан танып, жақынына балап, дос құшағын айқара ашады. Міне, дәл осындай бір туар бірегей тұлға, қайталанбас хас талант, қазақ пенен қырғыздың достығына қаламыменен де, қоғамдық қызметіменен де қалытқысыз қызмет еткен екі елдің ортақ мақтанышы еді менің қаламдас аға-досым Сооронбай Жусуев.
Ауруханада жатыр ем, қырғыздың шоң ақыны Маархабай Ааматов телефон шылдыратып, қайғылы хабарды жеткізгенде онсыз да шұрық тесік жаралы жүрек қан жылады. Бұл қайғыны аяулы аға-досқа топырақ салуға мүмкіндік бермеген денсаулық жайы ауырлата түсті...
Қырғызстанның Ел ақыны, Тоқтоғұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сооронбай Жусуевпен менің достыққа ұласқан таныстығым өткен ғасырдың алпысыншы жылдары басталып еді. Жарты ғасырға созылған достық қатынаста талай сәтті, тәтті кездесулер, сырласулар болып еді. Енді соның бәрін өткен шақпен еске алу қандай ауыр!
Әлі есте, бәрі есте, 2007 жылы Бішкекте менің шығармашылық кешім өткенде екі бірдей классик қаламгер; Төлеген Қасымбеков пен Сооронбай Жусуев үш сағатқа созылған кеште жарыса сөйлеп, үш сағат бойы табжылмай отырып, кеш соңында жайылған дастарханда да абызға тән аталы сөз айтып еді. Алатаудың қос алыбы, Қырғызстанның Халық Батыры атағын да бірге алып еді. Бішкекте өткен ол салтанатқа да қатынасып, қуаныштарына отрақтасқан едім. Енді міне, қаралы қалам қалтырап, жаралы жүрек жылап тұр...
Пушкин қайтыс болғанда Гоголь “ Ресей жетім қалды ” деп қайғырыпты. Ұлы халық қырғыздың алтын құрсақ аналары аман болса әлі де даралар мен даналарды өмірге әкелер. Десекте, Сооронбай Жусуев сынды қайталанбас хас таланттың жөні бөлек, жолы басқа!
Жаның жаннәта болсын, қоштауға қимайтын асыл Аға!
Сәбит Досанов. Жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекет сыйлығының лауреаты, Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін Халықаралық сыйлықтың лауреаты. qazaquni.kz