"Кейбір сауатсыз "жұлдыздар" жазу мәдениетінің антистандартын қалыптастырып жатыр"
2016 ж. 12 ақпан
3866
3
Атырау облысы әкімнің орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желіде отыратын жұлдыздардың сауатсыздығын сынға алды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, Атырау халқының 97 пайызы қазақ тілін біледі. Әр он адамның бірі ағылшын тілін меңгерген. Қазақша білетіндердің саны орысша сөйлейтіндерден көп.
"Атырау облысында мемлекеттік тіл мәселесі шешілді деуге болады, - деді Шыңғыс Мұқан Атырау облыстық Тілдерді дамыту басқармасының коллегиясында. - Атырау облысының тіл саясатындағы ендігі жұмысы - тілдің сапалы қолданылуын қадағалау болуы тиіс. Бұл жұмысты қазақ тілінде жазылған мәтіндердегі қателерді түзеуден бастауымыз керек деп ойлаймын. Мәселен, "Instagram", "Facebook" сияқты желілерде жүз мың, жүз елу мың жазылушылары бар жұлдыздар қазақша жазады. Бірақ, қате- қате. Орфографиялық, грамматикалық қате өріп жүреді. Ел алдында жүрген жұлдыздардың жазуын әсіресе жастар стандарт ретінде қабылдайды. Сондай жазуды көріп, оны өздері қолданып жатады. Бұрын жазу мәдениетін газет-журналдар арқылы әдебиетшілер мен сауатты журналистер қалыптастыратын, қазір желідегі сауатсыздық қалыптастырып жатыр», - деді ол.
«Нәтижесінде, қазақша пікір жазушылардың қатарында да сауатсыздық кең таралып барады. Ал, орыс тілінде жазылған пікірлер қатесіз, сауатты жазылады. Орысша жазып, қате жіберсең, «қатеңді» бетіңе басып, жеп қояды. Қазақ тілінде қате жазылса, қалыпты қабылдайды. Қазақ тілі қатенің тілі секілді болып барады» , - дейді Шыңғыс Мұқан.
«Қазақ тіліндегі қателер көшедегі жарнамалардағы қателерден басталды. Кейін сол қате халық көп отыратын әлеуметтік желіге көшті. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгерудің сандық көрсеткішін шешкен облыстар енді сапаға көңіл аудару керек деп ойлаймын», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Шенеунік жастарды қате жазбауға үндеді. Оның айтуынша, алғашында телефонда қазақша қаріптердің жоқтығымен түсіндіріп жүрді. Қазір енді тек қазақша емес, әлемнің барлық елінің әріп белгілері бар. Сондықтан біздің қате жазуымыз дұрыс емес.
"Бабаларымыз ана тілімізді бізге қалай болса солай, қате-қате қолдануға аманат етпеген болар», - деп түйді сөзін шенеунік.
Дереккөз: Nur.kz