"Күйеуіне жар іздейтін" әйелдің сұқбаты
2016 ж. 10 ақпан
4542
3
Бірер күн бұрын Гаухар Қабылбекова есімді әйел Фейсбуктегі парақшасына мынадай жазба қалдырған болатын:
«КҮЙЕУІМЕ ЖАР ІЗДЕЙМІН… Парламентте көкелеріміз бен апаларымыз екі әйел алуға рұқсат беру туралы заңды әлі талқылап келеді. Бір мәмілеге келе алмаудың басты себебі — көкелеріміздің үйдегі жеңешелерімізден аса алмауында болса керек. Басқалай себебін көре алмай тұрмын. Әйелдерге келсек. Екінші әйел әперуден неге қорқатындарын әсті түсінбеймін (өзімді ондайлардың қатарына қоспаймын). Нәзік жандыларымыздың өзімшілдігі тұтастай ұлттың жойылуына әкеп соқпасын бір күні. Олай ойлауға да негіз бар. Бүгінде қазақ даласын бедеулік жайлады. Оны медицина саласының мамандары да растап бере алады. Ал, бала туғызуға қабілетті ер азаматтарымыз әйеліне 10 бала таптыра алмай жүр. Себеп, зайыбының «денсаулығы көтермейді». Денсаулығы жарамаса, бір күйеуге зар болған, оң босағада отырған қыздарымыз қаншама, солардың бірін әпер. Әлде, еркек өмір бойы бір әйелге табынып өтуі керек пе?! Табынуы қажет болса, ақылымызбен табындырайық, өзімшілдігімізбен емес. Алсын екінші әйел, шамасы келсе үшіншісін алсын, көбейсін. Әрбірінің несібесі өзінде. Бұл айтқандарымды әйелдер қолдамайтынын білемін. Еріктері білсін. Бірақ кетем деген еркекті ешкім ұстап тұра алмайтынын да ұмытпаңыздар. Қытай елі екінші балаға рұқсат беріпті. Олардың көбейгенінің көкесі енді болады. Біз қайдан көбейеміз? Әйелдер отырса, бөліспеймін деп. Еркектер отырса, әйелім көнбейді деп. Заңның қабылданбай жатысы анау /депутаттардың да әйелдері бар емес пе, олардың келісімінсіз заң да қабылданбайды-ау/. Күйеуіме бір ұл, бір қыз сыйладым. Құдай қанша берсе де, көпсінбес едім. Әйтсе де, бермегенін тартып ала алмайсың. Үйлен дедім. Әзілден тыс. Екінші әйелді таңдауды өзіме салды. Сонымен, кастинг жариялаймын… Қазақтың санын көбейтемін деген қыздар болса, кандидатурасын қарауға әзірміз. Заңның қабылданғанын күтіп жүргенде, елімізді қара қытай қаптап кетер».
Мұны оқып, жұрт қызу талқыға салды. Бірі келісті, құптады, «орынды уәж» деді, енді біреулері Гаухар Қабылбекованы сөккендей болды. «Кастинг» жариялаған әпкеміздің жазбасымен танысқасын, көкейде көптеген сауал көлбеңдегені рас. Сырттан тон пішкенше, өзімен тілдесейін деп шештім. Сөйтіп, пікір алыстық, сұхбаттастық. Әлеуметтік желі арқылы екеуара сөйлескен әңгімемізді (жариялау үшін өзінен рұқсат сұрадым) бүкпесіз, боямасыз назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.
- Саламатсыз ба? Халыңыз қалай?
- Рахмет, жақсы. Өзіңіз қалайсыз?
- Шүкір. Айыпқа бұйырмаңыз, егер сұрасам. «Күйеуіме жар іздеймін» деп Фейсбуктағы парақшаңызға жазба қалдырыпсыз, соны шынымен өзіңіз жаздыңыз ба?
- Ия, жаздым. Оның несіне таң қалдыңыз?
- Иә, таңқалдым. Сіз секілді ойлайтын әйелдер өте аз болғасын таңқалдым. Бір жағынан, сізді іштей құптадым.
- Түсінгеніңізге рахмет, бірақ пікірлерді оқып, кей комменттерге ренжіп отырған жағдайым бар. Менікі жұртқа ой салу еді.
- Фейсбук жаман жері де сол. Бұл пікірлер біздің қоғамның бет-бейнесі ғой.
- Екінші әйел алуға материалдық жағдайы жеткілікті азаматтар бар, енді кей қыздарымыздың материалдық жағдайы жақсы, бірақ күйеу жоқ деген мәселе тағы бар. Осыны бір жолға қойсақ, ұтылмасымыз анық еді. Бала-шағамның бауырлары көп болса, оған неге мен қарсы болуым керек?
- Менің түсінгенім, қазіргі кезде кейбір қыздар екінші болуға қарсы емес сияқты. Жазбаңыздың астына пікір қалдырған кейбір қыздардан байқағаным да сол.
- Қыздарымызға басқа амал қалды ма? Жігіттердің тапшылығы сезілуде, сондықтан кейбірі бұйырғаны осы деп, шетелдіктердің етегінен ұстап кетіп жатыр. Өзге ұлттың көбеюіне атсалысып жатқан қыздарды жоқ дей алмайтын шығарсыз. Ендеше рұқсат беру керек, ер азаматтарымыз саналы болса, екі әйелдің де қадіріне жетер деп ойлаймын өз басым.
- Баяғыда бір ағамыз: «Төсегін бірдеңе қылармыз-ау, өсегін қайтеміз?!» депті. Осыны қайда қоямыз?
- «Трезво» ойланатындар бар. Бірақ жаңа өзің айтпақшы, өсегін қайтеміз? Жұрт не дейді деген нәрсе бар қазақта. Сол жұрттың сөзінен қорқып, жетімнің басынан сипаудан қалдық, жесірді де тентіретіп жіберетін болдық. Сен 100 пайыз дұрыс өмір сүріп жатсаң да, жұрт талқылайтын нәрсе тауып алады. Әлде менің ойым қате ме?
- Орынды. Бірақ ортақ мәселеге әркім «өз көзқарасымен», «өз пікірімен» қарайды.
- Мәселенің барлығы ортақ бүгінде. Өз қотырымызды өзіміз қасығаннан гөрі, жұрттың жарасын жұртқа жайғанды жақсы көретіндер қатары артты. «Анау үйтіп жатыр, мынау бүйтіп» жатыр деген сияқты.
- Сіздіңше, ер адамдарда екінші әйел алу туралы ой қай жастан келеді? Сұрап отырған себебім, күйеуіңіз өзі ишара жасаған шығар, әлде бастаманы өзіңіз көтердіңіз бе?
- Егер аламын десе, қарсылығым жоқ. Оны күйеуімнің өзіне де айттым. Қалғанын бұйрық біледі.
- Мен өзім, Қызылорданың Қазалы деген жерінен, өзімізден бір жас үлкен болса да «апа» дейміз. Сіздерде«әпше» дейтін шығар.
- «Апа» дей бер, ренжімеймін.
- Гаухар апа, сонымен сіз жариялаған «кастингке» келген қыздар болды ма?
- Әзірге, жоқ))).
- Сіз «Күйеуіме жар іздеймін» деп жазба қалдырғанда көп адамдар «мынау жынды шығар» деген ойда қалғандай көрінбей ме?
- Маған да солай, «жынды шығарсың» деп осы постты жазған күні құрбыларым хабарласты, «денің сау ма» деп бауырларым телефон шалды. Дәурен інім, қоғамға қозғау салу менің ойым. Мені дұрыс түсінген шығарсың деп ойлаймын
- Меніңше, бұл жұрттың ішінде жүрген әңгіме, көбісі қолдайтын да шығар. Бірақ жария етіп, сыртқа шығара алмайды. Мәселе осында.
- Иә, мен де солай ойлаймын.
- Ең бастысы, жолдасыңыз дұрыс түсінсе болды емес пе?
- Иә.
- Әйелдерде бір ғана ой бар: «Күйеуімді бөліскім келмейді» деген. Бұған не айтар едіңіз?
- Сол ғой бізді құртатын. Менің құрбыларым айтады, «анық тоқал келсе, сенің қай жерде отыратыныңды көрер едік» деп. Шындап келсек, кей бәйбішелер өзінің бәйбіше екенінен де бейхабар ғой мына заманда.
- Қазақстанда 350 мыңдай кәрі қыз бар екен…
- Масқара ғой, тіпті. 350 мың қыз 3 баладан тапқанда 1 млн-дай ұрпақ дүниеге келер еді… Өкінішті.
- Сіздің ойыңызша, қанша жаста үйленген дұрыс?
- 20-21 жаста үйленген дұрыс деп ойлаймын. Қазақ «он үште отау иесі» дегенді бекерге айтпаған ғой. Менің ағам 21 жасында үйленді, жауапкершілікті де ертерек сезінді-ау деймін, өз арбасын өзі сүйреп әкетті. Ер азамат ертерек үйлі болса, ертерек есейеді-ау негізі. Жауапкершілікті сезініп, алды-артын ойлап дегендей. Ал кеш үйленетіндер сол ата-ана қамқорлығына сүйеніп, өмір бойы бала болып қалатындай. Бұл, әрине менің жеке пікірім.
- Қазіргі кезде қыздардың талабы да, талғамы да жоғары. Жігіттің материалдық жағдайына қарайды.
- Материалдық жағдайдың тұрақсыз дүние екенін түсінген абзал. Бүгін бар дүние ертең жоқ. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар отбасының әр қышын бірге қалауы керек дер едім. Сонда ғана олар шынайы жанұяның қадіріне жете алады, бақытын бағалай алады. Бүгін күнін көре алмай жүрген жігіттердің ертең-ақ жетіліп кетпесіне кім кепіл, мәселен. Ал бүгін жер мен көкті тіреп тұрған дәудің ертең бір-ақ сәтте барынан айырылмауына кім кепіл? Өмір болған соң, ондай жағдайлар ұшырасады. Айналасынан ары ұзап, ешкімнің ойланғысы келмейді бүгінде.
- Сіз тоқал алуға қарсы еместігіңізді айтқанда, жолдасыңыз сізге деген сый-құрметі одан сайын артқан болар?
- Оның тоқалды өзің таңда деуінің өзі маған деген құрметі деп білемін. Ол аса құлшынып тұрған жоқ. Бірақ жақсы қыз кездесіп жатса, мен де оның таңдауына қарсы шықпаймын.
- Айтарыңызды айтып алдыңыз, кейін күйеуіңізді қызғанып, өкініп жүрмейсіз бе?
- Олай болмайды деп ойлаймын. Өйткені әр адамның өз орны бар өмірде. Оның үстіне балаларымның бауырлары болса, сол үшін мен тоқалды да құрметтеуге дайынмын. Қазақта «әйелдің жаманы ер қориды» деген қанатты сөз бар.
- Иә. Ал өзіңіздің әулетіңізде екі әйел алғандар бар ма?
- Менің қайынатам тоқалдың ұлы болған екен, бауырларының арасында жарамдысы да сол кісі болған, оқыған, көзі ашық.
- Ал сіздің тағы да сәби сүюге денсаулығыңыз жарамай тұр ма?
- Жарамайды деп айтпас едім. Менің денсаулығымда, күйеуімнің денсаулығында да айтарлықтай кінарат жоқ. Бірақ Құдайдың бергені сол болып тұр әзірге.
- Иә, әрине, ол Құдайдың есебіндегі дүние ғой.
- Иә, дәл солай. Отбасымызда ағам екеуміз ғана өскен соң көпбалалы болғанды армандайтынмын. Бірақ мен армандап жүргенде уақыт зымырап өтіп жатыр. Менің бала-шағам да мен құсап, арманда қалып кететін болды-ау деп кейде ойланамын.
- «Көпке топырақ шашпаймын», бірақ әйелі бар екенін біле тұра ер азаматтарға жабысатын қыздар бар. Оған мысалдар көп. Хат жазып, звондап мазаны алады. Бұл қыздардың абыройын түсіреді емес пе? Содан ойнас деген бәле басталады.
- Жетімдердің көбеюі осы ойнастың зардабы. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, біреуді жазғырудан аулақпын. Адам әр әрекеті үшін Құдай алдында жауапты. Әйтсе де, біреуге алданып қалып, теріс жолға түскен қыздар көп. Бірақ олардың да отбасыны, перзент сүюді армандайтынына күмәнім жоқ. Қоғам түзелу үшін адам түзелуі керек.
- Мүмкін, ең алдымен ер адамдарды түзеу керек шығар? Өйткені, ер әйел затының тірегі емес пе?
- Өте дұрыс айтасың. Нәпсіқұмарлықтан туындайды бар пәле. Фейсбукте постта бір әйел мені «күйеуін жақсы көрмейтін біреу» деп жазыпты. Күйеуді жақсы көру бар да, оны жекеменшікке айналдыру бар. Біреулері жазыпты: «Бір әйелден туылған балдарын тәрбиелеп, қарық қылып алсын еркек» деп. Мен мұнымен де келіспес едім. Құнанбай көп әйел алды, одан Абайдай бала туылды емес пе?! Әр еркектің соңында тұлға болардай тұяқ қалуы керек деп есептеймін. Ол мүмкін менің балам болар, мүмкін тоқалдан туылған бала болар, оны бір Құдай біледі. Бірақ, өзімшілдік қазақты құрдымға батырады. Соны ұғынуымыз керек.
- Қазір демократия, әйел мен еркек теңескен заман деп жатырмыз…
- Демократия дейміз ауызды толтырып, ертең қара қытай қаптаса, біздің демократиямыз кімге керек?! Бала-шағамыз біреудің құлы болып жүрсе, «менің күйеуім тек менікі» деп отырамыз ба? Сол ма бізге керегі?! Ата-бабамыз кең байтақ даламызды әйелдермен ақылдасып, сақтаған жоқ. Әйелдермен ақылдасып, мұра еткен жоқ. Жорыққа аттанарда да зайыбынан рұқсат алған емес.
- Оныңыз рас.
- Сондай ұрпақтан туылған кешегі Абай, Шәкәрім, Міржақып, Ілияс, Сәкендер. Сондай әкелерден тәлім алған Әлихан мен Тұрарлар. Қазір ұлдарымыз әкеден емес, шешеден тәлім алады. Өйткені әкелердің өзі шешелердің бетіне қарап отыр.
- Иә.
- Қазір ғана бір қыз келіп: «Оныңыз не, мен сізбен келіспеймін» деп кетті. «Ол сенің таңдауың» деп шығарып салдым. Менің ойымның біреуге ұнауы шарт емес. Менің әкем өте қатал кісі болатын. Үйдегі соңғы сөзді сол кісі айтатын. Не айтса сол заң еді. Тіпті талқыланбайтын да. Менің ойымша әкенің орны қашанда анадан жоғары тұруы тиіс. Тәрбие солай қалыптасса, еркектердің рөлі артар еді. «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген.
Демократия екен деп басқа шыққанымыз жарамас. Осы күнімізге шүкірлік етіп, еркектерді құрметтеуіміз керек. Қыздар: «Пір тұтатындай еркек бар ма өзі бүгінде?», дейді. Бар. Пір тұта білсең. Еркектеріміз де сондай сый-құрметке лайық болады. Кемшілігін бетіне басып, «қолыңнан түк те келмейді» деп отырсақ, ондай еркек басын да көтере алмайды, өкінішке орай.
- Қазір қанша жастасыз? Жолдасыңыз ше?
- Мен биыл 36-ға шықтым, күйеуім 40-та.
- Уақыт бөліп, пікірлескеніңізге рахмет.
- Сізге де рахмет. Жалпы, әр адамның өз пікірі өзінде. Біреулері мойындайды, бірақ айтуға жүрексінеді, біреулері бос сөз дейді. Біздікі жұртқа ой салу.
- Сау болыңыз!
Әңгімелескен — Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ
islam.kz