Күйеуіне тоқал алып беру ерлік – ол тек қана шымкенттіктердің қолынан келеді
2016 ж. 09 ақпан
9604
22
Бұл әңгіме осыдан екі жыл бұрын қозғалған. Яғни Гауһар Қабылбекова осыдан екі жыл бұрын өзінің фейзбуктағы парақшасына «Күйеуіме жар іздеймін» деп жазған. Алайда оны екі жылдан кейін жерден жеті қоян тапқандай отандық БАҚ бір күнде «хитқа» айналдырып жіберді.
Осыған байланысты жолдасына жар іздеген әйел өз пікірін де білдірді. Ол өз сөзінде: «Мен жеке пікірімді қызметтік өкілеттігіммен байланыстырған емеспін. Сонымен қатар, бұл жазбаны облыс, аудан әкімдіктерінің ресми сайтында, немесе әлеуметтік желілердегі оларға тиесілі аккаунтта жариялаған емеспін. 2 жыл бұрын жеке аккаунтымда жеке азамат ретінде білдірген пікірімді қызметтік өкілеттігіммен байланыстыруды қисынсыз деп білемін»,-деді. Десе де Гауһар ханымның жазбасында тұрған ештеңе жоқ. Бәлкім ол ұлттың демографиясын ойлаған шығар, шынымен өзін бәйбіше сезінгісі келген болар. Онда тұрған не бар? Керісінше мұндай мәлімдеме жасаудың өзі ерлікке пара пар. Ол тек Оңтүстіктің қыздарының ғана қолынан келеді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі және оны Оңтүстікте сүру керек». Осы орайда бір өкініштісі жазбаның жарияланғанына екі жыл болса да, әкімнің баспасөз хатшысының күйеуіне екінші әйелі атануға әзірге ешбір нәзік жанды тәуекел етпепті. Естеріңізге сала кетейік, отандық ақпарат құралдарының бірі жексенбі күні осы мәліметке қатысты мақала жариялап, кейін оны өзге де БАҚ көшіріп басқан болатын. Сондай-ақ, жазба авторының Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы екені де белгілі болды. Мемлекеттік қызметкердің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға салынып, басым қолдауға ие болды. Тіпті әйел азаматының мұндай әрекетін нағыз ерлік деп қолдағандары да бар.
qazaquni.kz