ЖЕТІСПЕЙТІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН ДҮКЕН
2016 ж. 03 ақпан
3745
1
- Қарағым маған құстың сүтінен бере қойшы, біздікі құрғыр суалып қалды - Мінекиіңіз - Біздің жақтыкі ме? - Әрине - Оу, онда мына негір қатынның суреті неғып тұр? - Сол жақта сауылған, бірақ біздің жақта құйылған. «Бізден шығады» деп аталатын, бірақ сборкысы ғана бізде жасалатын машина сияқты ғой. Сау болыңыз - Тәк, маған ақыл керек - Ақыл көп қой. Мынау –« шайнап басқа жағатын ақыл», мынау – «кісінің ақылы» - Өй, кісінің ақылын не қылайын, өзімдікі керек - Ол да бар, бірақ бұрын шала-шарпы пайдаланылған, жүрлім-барды тыңдалған - Жарар, бір екі жүз грамын берші - Аздау емес пе? - Қазіргі заманда көп ақылдың не қажеті бар?! Сосын ақыл беретін кісі жетеді. Ақыл ақша емес қой! Қой, кеттім - Оу, жеңгей, баса көктеп не болды, сонша?! Ошеретке тұрсаңызшы - Уақыт жоқ, қалқам, дым уақыт жоқ! Маған уақыт берші - Қанша? - Бала қарайтын уақыт. Балаға дым уақыт таба алмай жүрмін - Бірнеше жерде жұмыс істейсіз-ау, шамасы? - Жоқ, үйдемін - Бала қарамай не қарайсыз сонда? - Сериал қараймын - Міне, сізге бір сағат уақыт - 1 сағат балаға көптеу ғой... - Жеңгей, мен өлшеп қойдым. Қайтадан кесіп-пішіп есіл уақытты қорлап қайтеміз, көп болып бара жатса, он бес минутын реклама қарауға жұмсаңыз. Барыңыз, енді - Ал маған атақ керек - Бұл – бізде ең мол тауар. Қандайы керек бәрі бар: «жер өртеген», «жер жамаған», «жер.. - Маған бір нормалны атақ керек - Сен бір тәуір жігіт сияқтысың. Сондықтан мен саған бірден дұрысын ұсынайын – міне «Атақпен шатағы жоқ» деген атақ. Осыдан артығы жоқ - Маған абырой, рух, ар, намыс деген категориялардан бір шөкімнен салып беріңізші - Бұндай нәрсе бізде жоқ - Қалай жоқ?! Бәрі бар, бұлар жоқ! Қазір мен тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамына арызданамын - Арыздана алмайсыз - Е, неге?! - Себебі сіз жаңағы айтқан нәрселерді мүлде тұтынбайсыз, тұтынушысы емессіз - Жәйлап келісуге болатын шығар. Орамалы болады дегендей... - Әрі кеткенде заменительдерін жасап бере аламын - Сәпсем болмаса,жоқтан жақсы ғой, әйтпесе мені жұрт «арсыз», «намыссыз», "рухсыз» деп әбден тілдеп бітті - Жақсы онда. Маған сәл уақыт керек. Болды! Дүкен жабық! Әбет деймін! Әбет!!!
qazaquni.kz
Нұрлан Сәдірдің фейзбук парақшасынан