Қанат Исламды "қазақтың көрген қиыншылығы" ретінде көрсете беруді қою керек
2016 ж. 02 ақпан
3400
1
Жо, бұ жерде Қанатты ұлтшыл емес дегім келіп тұрған жоқ.
Ғалымжан Оразымбеттің жазбасынан кейін Қанат Исламның "Сырласуын" көріп шықтым. Қанатты "Астанада" "сырласты" деп атын дабырайтпасаң, соншалықты жаңа ештеңе айтқан жоқ. Журналистің сұрақтары сол баяғы Қанатты ұлтшылдықтың символы ретінде санап, қазақтарды бәрінен қиыншылық көретін байқұс халық деп есептейтін таптаурын жолдан асып кете алмапты, өкінішке қарай.
Жо, бұ жерде Қанатты ұлтшыл емес дегім келіп тұрған жоқ. Әлбетте, ол - қазақ елін жан-жүрегімен сүйетін батыр ұл. Қытайдың салған инвестициясы мен артқан үмітіне қарамастан, ата жұртым деп елге оралды. (Қытайда боксшылар, әсіресе чемпиондар қатты құрметтелетінін қытай группаласымнан білдім жақында. Көрші елде Зоу Шиминг әжептеуір жұлдыз көрінеді). Мұның өзі ерен ерлік. Екінің бірі соншалықты атақ-даңқты тастап, ата жұртына орала бермейді. (Керісінше, сол атақты іздеп басқа ел азаматтығын алады. Мысалы, Подобедова, Хрусталева деп тізімді жалғастыруға болады). Яғни, осы тұрғыдан алғанда Қанат Ислам нағыз патриот! Бұл - анық.
Қанат Исламның Олимпиадаға Қазақстан атынан қатыспауы да біраз талқыланды ғой. Оған да жиі-жиі оралудың қажеті шамалы. Қанаттың Лондонға бара алмауының негізгі себебі - Халықаралық Олимпиада Комитетінің 41 ережесі. Аталған ережеге сәйкес, екі елдің азаматтығы бар немесе жаңа азаматтық алған спортшы бұрынғы елінің атынан халықаралық деңгейі бар жарысқа қатысқанынан кейін үш жыл өтпейінше, жаңа елінің атынан Олимпиадалық бәсекеде бақ сынай алмайды. Бұл уақыт лимиті екі елдің арасындағы келісіммен немесе ХОК-тың басшысы шешімімен азайтылуы не мүлдем алынып тасталуы мүмкін. Қанат Ислам мен біздің бокс федерациясы арасындағы қарым-қатынастың қалай болғанынан хабарсызбын. Маған белгілісі - Қанаттың Қазақстан атынан шығуына қарсы болған Қытай.
Біздің кей журналистерде қазақты Қазақстандағы басқа ұлттан бөліп қарап, қазақты бәрінен жапа шегіп отырған ұлт ретінде көрсету үрдісі қатты байқалады. Ұлтшылдарымыз да "қазақты қырып бітті" деп құр айқай беруден басқа ештеңе білмейді. Өздерінің әсіреліктерін күштейту үшін әлгі топтың өкілдері Қанатты ту қылып ұстап алған. Олардың бұл әрекеті Қанатқа да, қазаққа да, Қазақстанға да пайда бермейді. ("Сырласудағы" сұхбатында Қазақстандағы басқа ұлт туралы жақсы айтқан Қанат).
Мәселенің бәрі "Сырласудан" басталды ғой. Бұған дейін де Әйгерім Сейфолланы мықты журналист деп есептегенмін, әлі де есептей беремін. Бірақ ол кісіге спортшылардан сұхбат алғанда, әсіресе Қанат Ислам секілді тұлғамен сырласқанда журналистика саласына жаңадан қосылған тәжірибесіздің сұрақтарын қоймауды өтінер едім. Тіпті, спорттан хабары жоқ болғанның өзінде спорттан хабары бар журналиске сұрақ дайындатып алуға болатын еді. (Мысалы, Табиғат Абайілдаевқа сұрақ дайындатшы. Түбін түсіретін сұрақ әзірлеп беретін еді).
"Сырласумен" тоқтамай, "Жастар үніндегі" сұхбатын да оқып шықтым. Алайда өзім білгім келетін сұрақтың жауабын ала алғаным жоқ. Мысалы, маған Америкада кәсіпқой бокстың қалай екені, қалай дамығаны, елімізде кәсіпқой боксты қалай дамытуға болатыны туралы пікірлер қызық еді. Екі-үш ай бұрын Қанат Ислам Эл Хэймонмен келісімшартқа отырған-тұғын. Осы келісімнің болашағы қандай болмақ, алдағы уақытта кіммен жұдырықтасу жоспарда бар, әлем чемпионы атағына таласуға биыл мүмкіндік бар ма деген секілді сұрақтарға жауап алғым келеді. Өкінішке қарай, мұндай сұрақтар жоғарыда аталған сұхбатта қойылған жоқ. Керісінше, негізгі акцент "ұлтшыл Қанатқа" қойылды. (Ақ Жайыққа шыққан сұхбаты әлдеқайда жаңалыққа толы, айтпақшы).
Қанат Ислам - ұлтын сүйетін азамат. Халқының жанашыры. Сондай-ақ, ол - әлеуетті боксшы. Қанатты "қазақтың көрген қиыншылығы" ретінде көрсете беруді қою керек. Керісінше, оның боксшылық қырына тереңірек мән беру керек деп ойлаймын. Қанат Ислам кім? Ол - қазақ елінің батыры. Тура Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Ермахан Ыбраймов, Бекзат Саттарханов, Василий Жирв, Бақтияр Артаев, Илья Ильин секілді қазақ елінің батыр ұлы. Ендеше, Қанатты "жапа көрген қазақтың символы" ретінде көрсетуді қою керек.
P.S. Айтпақшы, Қанат Исламның сөздерінен цитата келтіретін болсаңыз, "Сырласуда" ол былай деп айтты: "-Мен әлемдік деңгейде ешкім емеспін қазір. Кіммін? Америка танымайды мені. Телеарналардан енді ұсыныстар түсіп жатыр... Адам жетістікке жету үшін өзінен жоғарыға қарау керек..." Жәй, біздің жағдайымыз басқаға қарағанда тәуір ғой дейтіндер үшін.
qazaquni.kz
Абай Отардың фейзбуктағы парақшасынан