Лукашенконың үрейі
2016 ж. 01 ақпан
2165
0
Білесіз бе, бір беларустың орташа жалақысы 330 долларға төмендеп кетіпті. Бәріне доллар кінәлі. Ал экономист Ярослав Романчук жыл аяғына дейін орташа айлықтың мөлшері 200 долларға дейін төмендейді дейді. Тағы да бәріне доллар кінәлі.
Бұл нені білдіреді? Бұл беларустардың 90 жылдарға қайтып оралғанының белгісі, басқа ештеңе емес. Александр Лукашенко билік құрғалы доллардың «мысын» басқысы келіп жүр, бірақ бұл жолы ол анық ұтылғанын мойындауы керек.
Халыққа күнкөріс қажет. Күнкөру үшін табыс керек. Лукашенко мұны білмейді емес, біледі. Бірақ, халықтың ас-ауқат ішетіні Президенттің есіне тек сайлау кезінде түседі. Оның идеологиясы осындай.
2001 жылғы сайлауда Лукашенко халықтың жалақасына 100 доллар қосты. 2006 жылы – 250, ал 2010 жылы бақандай 500 доллар қосқан. Негізі жаман емес. Бірақ, бұл бақай есеп болатын. Оның халықтың жалақысына қосқан үстемесі түкке тұрмайды негізі. Оның атын, тағын, билігін мадақтайтын мемлекеттік ақпарат құралдарына бөлдіретін қаржының мөлшерін білсеңіз, шалқаңыздан түсер едіңіз.
Мысалға, қазір дағдарыс. Соған қарамай мемлекеттің сөзін сөйлейтін ақпарат құралдарына бөлінетін ақша азайған жоқ.
Бүгінгі жағдайға беларустер де көндігіп алған. Көнуге мәжбүр болған…Неге? Қалай дейсіз бе?
Билікке келгеннен кейін Лукашенко халықтың аузын аштырмай тастады. Алаңға шыққысы келетіндердің қолына кісен салды. Бүкіл кәсіподақтарды қолына қаратты. Оппозицияны бір бұрышқа тұрғызып қойды, бала сияқты…
Өзіңнің саяси немесе экономикалық құқыңды қорғау – бұл елде өте қауіпті. Өміріңмен қош айтысуың мүмкін. Содан шығар, беларустердің көндіккені. Амалсыздықтан.
Ресейге санкция салынып, өзінің ең негізгі одақтасы экономикалық қуатынан айырылғалы бері Беларуссиядан да күй кетті. Шындығында, елдегі шағын кәсіпкерлер әрең отыр. Олар бір кездегі сияқты алаңға шығып, осы уақытқа дейін ойында бүккенді биліктің бетіне «былш» еткізіп айтқысы келеді. Бірақ, қорқады. Айттық қой, бұлай жасаған адам басын бәйгеге тігеді. Ол бүгін бар, ертең жоқ…
Лукашенко халықты темірдей тәртіппен ұстаса, нәтиже шығарына сенімді. Бірақ, ол елді қазіргі дағдарыстан қалай алып шығу керектігін білмейді. Себебі, ол өмір бойы Ресейден алған субсидиямен күн көріп келді. «Беларустің даму жолы» деген әңгіме шылғай өтірік, көз алдау болатын.
Лукашенко Батыстың құндылықтарын түсінбейді. Анығы, түсінгісі келмейді. Неге? Елдің саясаты мен экономикасын Батыс немесе АҚШ-тың үлгісінде құрса, бұл оның өзі құрған жүйені «жерлегені», былайша айтқанда билікті өз қолынан бергені болар еді…
Бір нәрсені біле жүріңіздер. Бақытты болашақ болмайды. Әлі біраз қиналамыз. Тіпті, іргедегі Польшаның деңгейіне жету үшін біз әлі біраз кедергіден өту керекпіз. Биліктің өзі құрған кедергіден.
«Бауырластар интеграциясы». Былшыл сөз. «Ресеймен ренжіспесек, мұнай мен газына қарық боламыз» деп ойлады Лукашенко.
Ресейдің қолтығына кіргеннен не ұттық? 1996 жылы Мәскеу Беларустың газға төлей алмай қалған 1 млрд долларын кешірді. Жай жібере салған жоқ. Мұның орнына Беларусь екі әскери объектісін 25 жылға жалға беруге мәжбүр болды. Көрдіңіз бе, қалай?!
Есімізде, сол жолы Лукашенко ерекше қуанған. Қарызды төлемей-ақ, оңай құтылдық деп ойлаған ол.
Бірақ, біраз уақыттан кейін ел тағы қарызға кірді. Лукашенко оны да қайтара алмайды. Ал Мәскеу бұрынғы әдіске салмақ.
Елдің сөзіне қарағанда, Кремль Бобруйскідегі әскери базаны жалға алмақ екен…Бұдан кейін Батыс бізден тіпті алыстайды.
Лукашенко беларусь құбыржелісін «Газпромға» сата салды. Есесіне, газ арзан болады деп ойлады. Қазіргі күні газ онсызда арзан. Ең қызығы, Мәскеу «мінез» танытып отыр. Өзінің ең жақын одақтасына «көгілдір отынды» тым құрымағанда 10 пайыз жеңілдікпен сатқысы жоқ.
Мәскеудің өзі санкциядан сансырап қалды. Билік бұдан бұрын: «Одақтасымыз Беларусь АЭС-інің құрылысын қаржыландырады» деп даурыққан-тұғын. Бұл жобаның құны 10 млрд доллар. Билік бұл ақшаны несиеге алады. Сырттан. Бірақ, оны қалай қайтармақ?
Қысқасы, жағдай ауырламаса, жеңілдемейді. «Бауырлас интеграциядан» түк шыққан жоқ. Ал Лукашенко «біз дұрыс бағыттамыз» дейді. Біздің бағытымыз бар ма өзі?
Александр Класковский, "Қала мен дала" газеті