Гүлшара Әбдіхалықова студенттерге өлең оқып берді
2016 ж. 28 қаңтар
3932
0
Бердібек Сапарбаев: Әйелдер жұмысты белсенді, тиянақты істейді
Ақтөбеде мемлекет хатшысын екі күн кідірткен Бердібек Машбекұлы өңірде бірнеше шара ұйымдастырып тастады. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынған балабақшаға, Назарбаев зияткерлік мектебіне, «Менің жетістігім – Тәуелсіздіктің жетістігі»деп ұрандатқан жастармен кездесті деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Гүлшара Әбдіхалықова студенттердің арасында «Мен жастарға сенемін!» деп өлең де оқып тастады. Әкім Ақтөбенің кәсіпкер әйелдеріне ерекше ықылас танытты.
«Ақтөбе облысының ең әдемі қыздары мен келіншектері, сіздердің аттарыңыздан Гүлшара Наушақызына алғысымызды білдіремін. Ақтөбе облысына арнайы іссапармен келіп, біраз шара өткізді. Гүлшара Наушақызының тағы бір қоғамдық жұмысы бар. Ұлттық отбасы демография жастар жөніндегі комиссия төрайымы. Ол «Ақтөбенің азаматшаларымен қалай кездеспей кетемін» деп жұмыс күнінің соңы болса да сіздерге арнайы келді. Әйелдер белсенді, тиянақты істейді жұмысты. Ақтөбеде депутаттардың 23 пайызы әйелдер, жаңадан болатын сайлау кезінде де сол пайыз қалады», – деді облыс әкімі.
Кездесуде әдемі келіншектердің ұсыныстары мен тілектері тыңдалды. Әкім «Өлең айтасың ба, әңгіме айтасың ба?» деген әзілмен ақтөбелік депутат Светлана Айтбаеваны да орнынан тұрғызды.
«Өзімнің отбасыма қатысты әншейін әңгімелерді айтқым келеді. Қазір қазақы тәрбие, қазақы отбасының барлық болмысына назар аудару керек деп ойлаймын. Менің Димаштан бөлек екі балам бар. 23 жылдай ата енемін бірге тұрған, үлкен өмірлік институттан өткен келінмін. Сондықтан қазақы тәрбиенің құдіреттілігін көбірек насихаттап айтуымыз керек деп ойлаймын. Отбасыға кереғар пікір қалыптастырып жатқан жайлар бар. Жастардың арасында белең алып бара жатқан азаматтық неке деген онша қажет емес дүниелер бар. Соларды болдырмауға күш салуымыз керек», – деген ой тастады Айтбаева.
Көп балалы аналардың бірі Гүлшара Наушақызына арнап, 38 жолдық өлең жолдарын да оқып берді.
«Светлананың ұлттық дәстүр туралы айтқаны дұрыс. Ұлттық құндылықтарымызды ұмытып кететін болсақ ол бізді жақсылыққа апармайды», – деген облыс әкімі кездесу соңында әйелдерге кеңес айтып, ер мінезді азамат екенін айтып кетті.
«Кездесу жақсы өтті. Егер бір жерде қатырақ кетсем… Мен, ер адаммын, кейде мінезімді көрсетуім мүмкін», – деген әкім қаратпа сөзді де ұмытпады: «Әйелдер, екі нәрсені орындаңдар: еңбек етіңдер және бала туыңдар», – деді Сапарбаев.