ҮНЕМДЕУДІҢ ЖОЛЫ ҚЫСҚАРТУ ҒАНА ЕМЕС
2016 ж. 27 қаңтар
1990
0
Бүгінгідей қысылтаяң кезде отандық кәсіпорындардың «шықпа, жаным, шықпалап», ұстараның жүзімен жүргендей пұшайман күй кешіп отырғаны рас. Әсіресе, ірі өндіріс орындарының жағдайы қиын деуге болады. Дүниежүзілік нарықта шикізат құны құлдырап, кіріс көлемі де бірнеше есеге төмендеді. Осындай күрмеуі қиын, қайшылығы мол кезеңде көп компания шығындарын азайтып, қызметкерлерін қысқартып, барынша үнемдеуге көшуде. Тау-кен, металлургия саласының алыбы Еуразиялық Топ үшін де дағдарыс оңайға тиіп жатқан жоқ. Дегенмен, қиындыққа қарамастан, компания бірде-бір қызметкерін қысқартпайтынын мәлімдеді. Айта кетерлігі, бүгінде Еуразиялық Топта еліміз бойынша 61 мыңнан астам адам қызмет етеді. Компания әлі де бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытындағы ірі жобаларды қаржыландыруды белсенді түрде жалғастырып келеді. Сондай-ақ, өндіріс орындарындағы техниканы жаңарту, заман талабына сай жаңа технологияларды енгізіп отыру секілді игі дәстүр де үзілген емес.
Мәселен, жақында Еуразиялық Топ (ERG) құрамына кіретін «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ электрлік станциясының техникалық паркі жаңа локомотивпен толықты. Оны сатып алуға корпорация 266 млн. теңгеден астам қаржы жұмсады.
Таратып айтсақ, ТЭМ-18 ДМ маневрлік тепловозы 1973 жылдан пайдаланылатын №1535 ТЭМ-2-мен алмастырылмақ. Бұрынғы машиналармен салыстырғанда, жаңа техника машинистке арналған кең де жайлы кабинасымен, сонымен қатар, жетілген және үнемділігі жоғары 1-ПД4Д дизельмен қамтамасыз етілген. Бұл тепловоз ТЭМ-2 маневрлік тепловозының жаңартылған нұсқасы болып табылады.Сонымен қатар, локомотивте микропроцессорлық бірыңғайланған электр беруді басқару және жұмыс параметрлері мен дизельдік отын пайдалану шығындарын тіркеу жүйелері, басқару пультіне ақпаратты жіберетін және алынбалы сақтау құралына жазылатын аппараттық-бағдарламалы «БОРТ» кешені қойылған. Локомотивке қосалқы электрлік тоқтатқыш, жаңа өрт дабылы орнатылған. Жүру қауіпсіздігін сақтау үшін машинисттің жай-күйін бақылайтын телемеханикалық жүйесіне кіретін қосымша ТСКБМ-Н құрылғысы енгізілген.
Қарапайым тілмен айтқанда, өндірістің артық шығындарын азайтуға, жұмысты тиімді етуге жаңа тепловоздың үлесі зор болмақ. Демек, үнемдеудің жолы қысқарту ғана емес екен.
- Орнатылған құрылғылар жанармайдың қосымша үнемділігін қамтамасыз етеді, локомотивті жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындарын азайтады, жүру қауіпсіздігін жетілдіреді. Бұл жаңашылдықтар локомотив бригадасының жұмысын едәуір жақсартты десек болады, - дейді «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ отын-көліктік цехының басшысы Андрей Чуянов. – Тепловоз вагонаударғыштарға вагондарды жеткізу, электр станциясы аймағындағы маневрлік жүк тасымалдауда қолданылады.
Жаңа техникамен жұмыс істеуге отын-көліктік цехында 20 жылға таяу уақыт еңбек етіп жүрген Александр Милантьев алғашқы болып кірісті. Қазір ол басқа машинистер мен көмекшілеріне тепловозды басқаруды үйретуде.
– Жаңа локомотив осыған дейін жұмыс істеген ТЭМ-2-ге қарағанда едәуір ыңғайлы. Жүйесінің жұмысы дисплейден көрінеді. Электроникамен жұмыс істеуге икемдеп жүрміз. Кабинада микроклимат жүйесі, тұрмыстық тоңазытқыш, электр плитасы бар, - дейді машинист.
Айта кету керек, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ– Қазақстандағы электр энергиясын және көмірді өндіріп шығаратын ең ірі кәсіпорынның бірі. Елімізде өндірілетін электр энергиясының 17% және көмірдің 20% «ЕЭК» АҚ өндіреді.
«ЕЭК» АҚ екі құрылымдық бөлімшені біріктіреді: «Шығыс» көмір кеніші және Ақсу электр станциясы. Өндірістік қызметтің негізгі бағыттары: көмір шығару және электр энергияны өндіру. «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-дағы қызметкерлер саны 2015 жылғы 31 желтоқсанда 6 222 адамды құрады.
Қуат ӘУЕСБАЙ
qazaquni.kz