«ПРАДО» МІНГЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР ДЕ ПАРА АЛАДЫ ЕКЕН...
2016 ж. 26 қаңтар
3448
10
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚҚА ҚАНДАЙ ҮЛГІ-ӨНЕГЕ КӨРСЕТІП ОТЫР?
Солтүстік Қазақстан облысында бір айда үш бірдей тәртіп сақшысы парамен ұсталды. Бұрын-соңды мұндай сұмдықты көрмеген аймақтың бас полицейі қолға түскендердің тікелей басшыларына қатаң сөгіс жариялап, кейбіреулерін қызметінен қуды.
Қылмыстық істі жабу үшін күдіктіден пара талап екендер ақша алып жатқан жерінде ұсталып, қамауға алынған. Оның екеуі тәртіп сақшыларының отбасынан шыққан. Капитан Ербол Шайыновтың әкесі, тіпті, аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы екен. Ұлына «Прадо» автокөлігін мінгізіп қойған әкесі баласының мына масқара қылығын көтере алмай ауруханадан бір-ақ шығыпты. Ал жол ережесін бұзған жүргізушіден 20 мың теңге талап еткен Есіл аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері Дархан Әбілев кепілдікпен босатылыпты. Ішкі істер басқармасы басшыларының бәрін дерлік жинап алған генерал Берік Біләлов олардың екі аяғын бір етікке тықты. Ең бастысы, тұрмыстық жағдайлары жақсы, тіпті, қымбат көлікпен жүретін полицейлердің де пара алуы генералға түсінбестік туғызып, жағасымен бірге пагонын да ұстатты. – Өткен жылдың соңында 100 миллион теңгені сыйақыға бөлдік. Басқа облыстарда ол да жоқ. Көліктерің бар, киіммен қамтылғансыңдар, не жетпейді сендерге?! – деді СҚО ІІД бастығы Берік Біләлов қарамағындыларға басқа айтар лайықты сөз таппай. Ақыры, жер шұқып отырған қарамағындылардың сөзбен сүйектерін сырқырата алмасын білген генерал үш парақор полицей үшін түрлі деңгейдегі 4 бастықты қызметінен қуып, 20-ға жуық тәртіп сақшысына қатаң сөгіс беріп тынды. Телеарналарды аралап, бүкіл елімізді дүрліктірген бұл жаңалық қатардағы қарапайым халықты да бей-жай қалдырмады. «Облыстың бас полицейі бұл салаға бірден генерал болып келе қоймаған шығар, аспаннан түскендей таңғаларлық ештеңе жоқ. Бұл жағдай барлық аймақтарда, барлық деңгейде тұрақты орын алып келеді. Олардың астына қымбат көлік емес, алтыннан жасалған тікұшақ берсең де аспандағы ұшақ атаулыны тоқтатып айыппұл төлетеді, пара талап етеді» дейді өз ойларын ашық айтқан көпшілік қауым. Көпке күл шаша алмаймыз, шынында, құқық қорғау орындарында қылмыстың кең тараған осы түрі бір күнде қалыптаса қоймағаны да рас. Бұл жүйенің жүгенсіз кеткені көптен бері жұртты алаңдатып жүр. Қолдарына сәл де болса билік тигендер білгендерін істейді. Олар алдымен халықтың қамын емес, өздерінің қалтасын ойлайды. Сондықтан шенділердің басшыларына былайғы қылмыскерлерді түзетуден бұрын, өз жұмысын алдымен қарамағындағы қызметкерлерді тәрбиелеуден бастауы керек шығар. Құқық қорғаушылардың өздері қылмыс жасап жатса, басқаларға не деуге болады?..
Тақырыпқа орай Шаруа, кәсіпкер және полицейді ғалымдар тәжірибе өткізу мақсатында адам аяғы баспаған алыс аралға апарып тастайды. Жағасын мұхит шайған аралда жабайы аңдар мен өсімдіктерден басқа ештеңе жоқ. Шаруа жер жыртып, аңдарды қолға үйретіп, кәсіпкер құрал-жабдықтар жасай бастайды. Ал түк те бітірмеген полицей ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Бұған не болды деген шаруа жануарына мініп алып, шендіні іздеуге кіріседі. Ит тұмсығы батпайтын қара орман ішінде келе жатса алдынан ала таяғын көтеріп, ысқырығы жер жарған полицей шыға келеді. – Біріншіден, сен жол жүру ережесін бұздың, екіншіден, кәсіппен заңсыз айналысып жатырсың, айыппұл төле! – дейді сақал-мұрты өсіп кеткен полицей түсін суытып.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті