Кәсіпкер тұрмысы төмен екі отбасын қамқорлығына алды
2016 ж. 26 қаңтар
2205
0
Атырау облысында шаруа қожалығы және азық-түлік дүкені бар кәсіпкер Мұрат Сарманов тұрмысы төмен екі отбасын жыл аяғына дейін нан, сүт, май және етпен тегін қамтуды ұйғарды. Ол облыс кәсіпкерлерін осындай қайырымдылық іс жасауға шақырды деп хабарлайды egemen.kz басылымы.
Қызылқоға ауданындағы шаруа қожалығында мал шаруашылығын өркендету ісін қолған Мұрат Сарманов бұл ойын Атырау қаласына қарасты Геолог кенттік округінің әкімі Нұржан Жұмахановтың халық алдындағы есеп беру жиынында мәлім етті.
Бұл жиынға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қатысқан болатын. Кенттің өзге тұрғындары жол, көше жарығы секілді көпті толғандырған мәселелерді көтерді.
Өзіне сөз кезегі тиген кәсіпкер жергілікті басшылардан тұрмысы төмен екі отбасының аты-жөнін, мекенжайын беруді сұрады. Ол екі отбасын жыл аяғына дейін бірінші кезекте тұтынатын нан, сүт, май және ет секілді азық-түлікпен қамтуға бекініп отыр.
«Интернеттен адамдардың қоқыс ақтарып жүрген фотосын көрдім. Астына «Дағдарыс басталды» деген пікір жазылыпты. Бұл фото қайда түсірілгенін білмеймін. Бірақ бұлай болмауы тиіс. Біз дәл қазіргі кезде бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз қажет. Облыс кәсіпкерлерін қайырымдылық танытуға шақырамын. Ең болмаса, биыл атсалыңыздар», – деді кәсіпкер Мұрат Сарманов.
qazaquni.kz