СТРАТЕГИЯЛЫҚ НЫСАНДАРДЫ САТУДЫҢ СОҢЫ НЕГЕ АПАРЫП СОҒАДЫ?
2016 ж. 20 қаңтар
3696
11
Дүниежүзілік дағдарыс дауылын сезінбеген қазір бір де бір мемлекет жоқ. Қуат көздерінің, оның ішінде, мұнай мен металл бұйымдары бағасының күрт құлдырауы басты табыс көзі шикізатқа негізделген біздің еліміз үшін де көптеген қиындықтар әкелді. Халық тұтынатын тауарлар мен коммуналдық төлемдер өсіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен сатып алу мүмкіншілігі төмендеді. Бюджет жыртығын жамау үшін Үкімет көптеген нысандарды сатуды қолға алып, жекешелендіру шараларын іске асыруға шұғыл кірісті. Бұл науқанның нәтижесі қандай болмақ? Оны дөп басып ешкім айтып бере алмас, бірақ болжам мен долбар дегеніңіз жетерлік.
КАПИТАЛИСТІК ЖҮЙЕ ДАҒДАРЫССЫЗ БОЛМАЙДЫ
Қатыгез капиталистік жүйедегі нарық заңы өз дегенін істеп келеді. Қатыгез деп атауымыз да себепсіз емес. Бұл жүйе бірыңғай материалдық құндылықтарға негізделген. Басты мақсат – байыған үстіне байи беру. Қарапайым адам еңбегі арқылы жекелеген капиталистер есепсіз пайда көреді. Жұмысшының маңдай термен тапқан еңбегінің жүзден бір бөлігі де оған берілмейді. Бұл туралы Карл Маркс өзінің «Капитал» атты еңбегінде толық, түсінікті етіп жазған-ды. Оны бүгінгі аға ұрпақ жақсы біледі. Бұл біз өмір сүруге тура келіп отырған қоғам жайындағы коммунизм көсемінің тұжырымынан алынған қысқаша ғана анықтама. Бәлкім, біреулер бұл пікірмен келіспес. Оны дәлелдеудің де қажеті шамалы, капитализмнің дағдарыссыз болмайтынына өзіміз де көз жеткізіп отырмыз. Әлем бойынша мұнай шектен тыс өндіріліп еді, оның бағасы құлдырап кетті. Сол сияқты өзге тауарлар да осының кебін киеді. Ешқандай жоспарсыз, әркім тезірек көп пайда табамын деген ұстаным мен тауарлардың шектен тыс көп өндірілуі міндетті түрде дағдарысқа алып келеді. Бұл жүйе үстемдік етіп тұрғанда әлі де солай бола бермек. Бұл капиталистік қоғамның заңдылығы. Әрине, молынан пайдаға кенеліп отырған жекелеген адамдар мен тіпті тұтас мемлекеттер Маркстың бұл теориясын жоққа шығаруға бейім, оны ешқашан мойындамақ та емес. Өйткені олар өзіне қолайлы қолдан жасалған заңдылықтарды ғана дұрыс деп есептейді. Мақұл, бұған да келістік делік. Әлем жұртшылығы басын сұққан жүйеден біз де қашып құтыла алмаймыз, оған күштілер ешқашан мүмкіндік бермесі де белгілі. Ендігі басты мәселе дағдарыстан қалай шығу керектігінде болып отыр. Біздің билік кеш те болса өндіріске ден қойып, бұл бағытта бірқатар бағдарламалар қабылдап, кейінгі жылдар тырысып бағуда. Соңғы дағдарысқа қарсы шұғыл шараларды іске асыруды бастап та кетті. Соның бірі – бұрын мемлекет қарамағында болған ірі нысандарды жекешелендіру, яғни сату арқылы қазына қоржынын толтыруды қолға алды. ЕКІНШІ ЖАППАЙ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ Біз жекешелендіруді бірінші рет жүргізіп отырған жоқпыз. Бірінші жаппай жекешелендіру тәуелсіздік алғаннан кейін басталғанын білесіздер. Оны сәтті, көпшіліктің бәріне бірдей тиімді өтті деп ар-ұяты бар бір де бір адам айта алмасы анық. Кезінде дүркіреп тұрған алып кәсіпорындар талан-таражға түсті. Бас пайдасын ойлағандар, жергілікті билік басындағылар оны жіліктеп бөліп алды. Олай етуге жоғары жақтан жәрдем жасалып, қамқорлық көрсетілгені де құпия емес. Алсын. Бірақ, ант-су ішіп өндірісті одан әрі өркендетіп, елімізді гүлдендіреміз деген пысықайлар халықты алдап соқты. Өндірістің алып ғимараттары қазір сауда-саттық, ойын-сауық бизнес орталықтарына айналып, қолынан түк келмейтін пысықайлар әрбір шаршы метрін жалға беріп, жатып жейтін жайлы орын жасап алып, жырғап жүр. Бір ғана Алматының өзінде Мақта-мата комбинаты, Алматы жобалау-құрылыс бірлестігі сияқты ондаған ірі кәсіпорындар көзден ғайып болды. «Өндірісті өркендетуші» қазіргі иелері сол кезде берген уәделерін енді есіне де алмайды. Су тегінге келген байлықты өз мүдделеріне жаратып, әкесі мұраға қалдырғандай сезінетін болар бүгіндер. Ал, солардың ниеттері түзу болса, алып ғимараттарды жаңа заманауи құралдармен жабдықтап, өндірісті дұрыс жолға қояр еді ғой. Көптеген адамдарымыз жұмысты болып, ел экономикасын еселер еді. Жоқ, пасық ойлы пысықайлар оған өлсе де бармайды. Халқына, ұлтына жақсылық жасауға олардың сана-сезімі, біліктілігі жетіспейді. Халыққа жұмыс тауып беру, өнімді өткізу, еңбеккерлерді тұрақты жалақымен қамтамасыз ету көп күш-жігерді талап етеді. Күні-түні тынбай, шапқылап жұмыс істеу қажет. Ондай қасиеттер біздің «іскерлердің» бойына дарымаған, оның ұшығы да жоқ. Енді, міне, екінші ірі жекешелендіруді бастадық. Алғашқы сатылымдардың өзі кәсіпорындар мен кеніштер тағы да су тегінге кетіп жатқанын көрсетіп отыр. Бұл не сәйкестік пе, әлде тағы да қолдан жасалған қулық-сұмдық па? Оның үстіне бұл жолы стратегиялық маңызы зор нысандар сатылымға шығарылуда. Олардың қатарында «Қазақстан теміржолы», «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы, «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақтелеком» компаниялары, «Эйр Астана» мен «Qazaq Air» әуе компаниялары да бар. Байқап отырғандарыңыздай бұдан кейін сататын да ештеңеміз қалмағандай... САТЫЛЫМНЫҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ? Бұған да келістік делік, үкіметте отырғандардың бір білгені бар шығар. Бірақ, бір жекешелендіруден аузы оңбай күйген халықтың бұл жолғы жаппай сатуға сақтықпен, күдікпен қарауына негіз бар. Біріншіден, сатылымнан түскен тиын қай жыртығымызды жамамақ, бұл тығырықтан шығудың уақытша ғана амалы. Екіншіден, өткізіліп жатқан шарада ашықтық атымен жоқ. Кімнің нені сатып алғаны, ол өзіне қандай міндеттеме алады? Оны орындай алмаса қандай шара қолданылады? Әлде, кәсіпорынды үстіне ақша қосып басқа біреуге сатып айналымға түсіріп, өндіріс өз жайына қала ма? Сатылымнан түскен пайда қайда бағытталады?.. Сұрақ көп, бірақ оған жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Бір кездері Алматы электр жүйесін бельгиялық «Трактабель» компаниясына сатып, олар саланың салын суға кетіргені әлі де ұмытылған жоқ. Ақыры, үстіне екі есе бағасын беріп, әупірімдеп жүріп қайта сатып алуға мәжбүр болғанбыз. Тағы да сондай жағдайға тап болмаймыз ба? Ал, біздегі іскерлердің бельгиялықтардан озып тұрғанын көрген емеспіз. Ертең осы нысандарды өз байларымыздан бес есе бағасына қайта сатып алып жүрмейміз бе? Енді мұндай шараға неліктен барып отырмыз дегенге тоқталайық. Бірінші басты себеп, мұнай бағасының құлдырауынан екенін күнде айтып жүрміз. Неге біз тек қана мұнай мен өзге шикізатқа ғана қарап қалдық? Өйткені бізде өндіріс дамымай жатыр. Тіпті күнделікті халық тұтынатын тауарлардың басым бөлігін шеттен сатып аламыз. Долларға тәуелділік деген осы. Бұл жерде неге өндірісіміз дамымады деген сұрақтың туындауы да заңды. Кейбір қазақстандық экономистер мемлекеттік және ұлттық компаниялар тиімді басқарылса, бұл жекешелендіру болмас еді деген пікір білдіруде. Академик Оразалы Сәбденнің кейбір БАҚ-қа берген сұхбатына қарасақ біздегі топ-менеджемент пен орта буын мамандарының кәсіби деңгейі төмен. Белгілі экономист «олар білікті болғанда мына сияқты жаппай сатылымның қажеті болмас еді» дейді. Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетіне қарасты экономика институтының Астанадағы филиалы директоры, экономика ғылымының кандидаты, профессор Жангелді Шымшықовтың айтуынша, мемлекеттік менеджмент түпкі нәтижені арттыруға құлықсыз әрі мүдделі емес дейді. «Мемлекеттік құрылымдардың жанынан қаптап ашылған квази-мемлекеттік кәсіпорындар кәсіпкерлік пен бәсекелестікті қалыптастыруға кедергі келтіретіні соңғы кезде анықталды. Жекешелендіру процесін тоқтаусыз жүргізе беретініміздің ең басты себебі – осы» дейді Жангелді Шымшықов. Өз саласының білгірлерінің пікірімен есептеспеске болмайды. Сонда бізде нағыз мамандардың болмағаны ғой. Шетелге шығарып оқытқан оқымыстыларымыз қайда? Аса қажырлы еңбегі үшін төленген миллиондаған бонустар қайда? Егер олардың қызметінен ешқандай пайда болмаса оқытуға шығарған және негізсіз берілген бонустарды мемлекетке қайтару керек емес пе? Біз біреудің қалтасындағы ақшаны санайын деп отырған жоқпыз. Ел экономикасын көтеруге тиісті мамандарымыздың біліктілігін таныта алмағанына, үмітіміздің ақталмағанына налимыз. Мүмкіндіктеріміз бола тұра соны пайдалана алмағанымыз күйдіреді. Бәрі де сол ел қамы, халықтың жағдайына қатысты болып отыр ғой. Жалпы стратегиялық маңызы бар нысандарды мемлекет қарамағында ұстаған сенімді. Жер қазба байлықтары, су, электр қуаты, теміржол секілді салаларды тұралатсақ, ертең оны қалпына келтіру мыңдаған есе қымбатқа түседі. Бұл екі арада еліміздің дамуы көптеген жылдарға кейіндеуі әбден мүмкін. Ал, біздің мақсатымыз алда дамыған отыз елдің қатарынан көріну емес пе? Олай болса бұл шараға аса сақтықпен, ұқыптылықпен қараған жөн.Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті