Егіз балаға аяғы ауыр әйелін тастап кеткендер де бар...
2016 ж. 18 қаңтар
4339
0
Шымкентте жалғызбасты аналарға арналған «Аналар үйі» 30-дан астам қамқорсыз анаға пана болып отыр. Алғашқы орталық 2014 жылдың 1 ақпанында, екіншісі былтыр жылдың басында ашылған.
Аналардың сәбиінен бас тартуына жол бермеуді мақсат еткен орталықтағылар о баста 18-45 жасқа дейінгі келіншектерді қабылдауды мақсат еткен. Алайда жас аналардың көбеюі жоспардың өзгеруіне себеп болған. Осы ретте NUR.KZтілшісі жақынынан қолдау таппаған аналармен жақынырақ тілдесіп қайтты. «Аналар үйіндегі» ең жас ана 17-жаста, үлкені 30-да. Олар баласы бір жарым жасқа дейін орталықты мекен етеді. Мұнда тек аналар емес, тіпті оң босағада отырып, жүкті болып қалған жас қыздар да бар. Солардың бірі – Гүлшаһар. Түлкібас ауданының тұрғыны Гүлшаһар 18-жаста. 11 сыныпта оқиды. Өзі сүйген жігітімен бір жарым жылдай кездесіп жүрген. Анасы былтыр жол апатына түсіп, мүгедек болып қалған. Қарайтын ешкім болмаған соң орталыққа келуге мәжбүр болыпты. «Жыныстық қатынасқа түсуге ешкім мені күштеген жоқ. Сүйіп, кездесіп жүрген жігітім болған соң ертеңімді ойламаппын. «Үйленеміз» деп те жоспар құрып қойған тұғын. Алғашында аяғым ауыр екенін сезіп, қатты қорықтым. Содан жігітіме айттым. Ол кезде жүктілік мерзімім 2 ай болатын. Жігітім «баланы алдыртып таста» деп босануыма үзілді-кесілді қарсы болды. Кейінірек ойланған болу керек, ойын өзгертті. Әкесі Ақтауда тұрады. Соның қасында жұмыс істеймін деп кеткен. «Аламын» деп жүріп, соңында телефонын сөндіріп хабарсыз кетті», – дейді. Айтпақшы, болашақ жас ана Гүлшаһардың, анасының, тіпті бауырларының да ешбір құжаты жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын үйі өртке оранып, барлық құжат өртеніп кеткен екен. Қайта рәсімдеуге қаржы болмай, арада бірнеше жылды өткізіп алыпты. «Босанып алғанша құжатым келсе екен» деп Жаратқаннан тілеп жүр. Әйтпесе құжатсыз баладан айырылып қалу қаупі бар. 19 жастағы студент Раушан да «сүйем-күйем» деген жігітінің бос сөзіне сеніп, алданып қалған. Жігітімен 1 жыл кездесіп жүрген. Ғашықтарша қол ұстасып жүрген қызының жүкті екенін естігенде жігіт тайып тұрыпты. «Менен үлкен ағам үйленбейінше маған жол жоқ» дегенді сылтауратқан оның Раушанды жалғыз тастап кеткеніне 3 айдан асқан. Айы мен күні жетіп отырған Раушанның анасы да, әкесі де жоқ. Нағашы әжесінің қолында тәрбие алған. «Нағашы әжемнің әлеуметтік жағдайы тым төмен дей алмаймын. Бірақ, екі ағам өте қатал. Олардан асып ешқайда бара алмадым. Ол кісілер менің аяғым ауыр екенін әлі білмейді. Үйдегілер олардан жасырып, осында алып келді. Аман-есен босанып алсам, балам 1,5 жасқа келгенше осында паналай тұрамын. Кейін баламды бөбектер үйіне тіркеймін деп жоспарлап отырмын. Онда баланы 3 жасқа дейін тәрибелейді екен. Ол уақыт аралығында жұмысқа орналасып, аяғымнан тік тұрсам деймін. Тұл жетім категориясы бойынша үйге кезекке тұрғанмын. Кезегім келсе болар еді. Баламды бауырыма басып, өзім тәрбиелер едім»,- дейді алдағы жоспарымен ашық бөліскен Раушан. Орталық тұрғыны Ақшолпанның өмірі өте аянышты. 8 жыл отасқан жолдасы аяқ астынан тоқал тауып, екіншісіне кетіп қалған. «Үлкен ұлым 7-жаста. Мектепке барады. Өзімнің анам тәрбиелеп отыр. Екіншім 7 айлық. Екіншіме аяғым ауыр кезде қатты қуанып, жолдасыма айтуға асықтым. Тура сол сәтте күйеуім де «саған айтар әңгімем бар» деп өзінің басқаға кететін айтып қойып қалды. Төбемнен мұздай суды құйып жібергендей сезімде болдым. Амал жоқ, төркініме келдім. Бірақ, ағайын-туыстың әңгімесі сүйектен өтті. «Екіншісін көшеден туған», «көшеде жүріп кеткендіктен күйеуі тастап кеткен» деген әңгімелерді естігенімде қызымды құшақтадым да орталыққа келдім. Анам байқұс «ішке сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп отыр. Бірақ, шешемді туыстарыма қарабет еткім келмейді. Біреудің еденін немесе дәретханасын жуып болсын өз күнімді өзім көргім келеді. Мейлі қара нан мен қара су ішейін, балаларым қасымда болса екен», – дейді көзіне еріксіз жасын алған Ақшолпан. «Аналар үйін» мекен атқан тағы бір келіншек – Роза 26 жаста. Мақтарал ауданының келіні. Ол да күйеуімен ажырасқан. Жолдасымен үш жыл бірге тұрған оның енесі жайсыз адам болып шығыпты. «Тұрмысқа шыққан соң екі жыл бала көтере алмай жүрдім. Енем тиісіп, әбден мазақ етті. Әйтеуір жылаумен өткен күн-түндерімді ескерген болу керек, Алла бір емес, бірден егіз ұл сыйлады. Алғашында бәрі жақсы болды. Кейін енем «біздің тұқымда егіз болмаған» деп тағы тиісе бастады. Сондағы ойы баласын менен ажыраттырып алу болатын. Бар арманы – құрбысының қызына ұлын үйлендіру еді. Дегеніне жеткен шығар… Менің егізімді туған ағам асырап аламын деп қолқа салған тұғын. Бірақ, ішімнен шыққан баламды қайтіп біреуге беріп қоямын?.. Алғашында «мақұл» деп келіскеніммен, кейін ойлана келе балаларым барым екенін ұқтым. Ағамнан қашып, осы орталыққа келдім. Шүкір, балаларым өсіп келеді. 9 айдан асты. Қазір жұмыс іздеудемін. Балаларымды балабақшаға беріп, еден жусам да маңдай термен тапқан ақшаның берекесі болады ғой»,- деді маңдайы торсықтай қос ұлдың анасы. Өмірдің тауқыметін тартқан нәзік жандардың тағдыры осылай. Орталық координаторы Оксана Браткованың айтуынша, ақпараттық насихаттың тапшылығы өз баласынан бас тартқан аналар санының артуына себеп болып отыр. «Әйтпесе кім бауыр еті баласынан бас тартады дерсіз? Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасымен біріге жұмыс жасап келеміз. Ондағылар перзентханаларда баласынан бас тартқалы отырған аналар туралы ақпаратты бізге жеткізіп отырады. Біз дереу босанған анаға баласынан бас тартпау туралы кеңестерімізді айтамыз. Көбіне аналар материалдық тапшылықтың салдарынан бас тартып жатады», – дейді Оксана Браткова. Оксана ханым басқа өңірлерге қарағанда Оңтүстік Қазақстанда орталыққа қамқорлық танытып, қол ұшын беретіндер тапшы екеніне қынжылып отыр. Өкініштісі, қалтасы қалың кейбір азаматтар көмек қолын созбақ түгілі, орталық жұмысын тыңдағысы да келмейді екен. Айтпақшы, меценат Дінмұхамед Ыдырысовтың демеушілігімен жұмыс жасап жатқан «Аналар үйінің» қатары тағы да біреумен көбеймек. Әзірге орталыққа лайықты үй ізделіп жатыр. “Аналар үйі” аналарға тегін қызмет көрсетеді. Тіпті шаштараз, тігіншілік пен аспаз болуға да оқытады. Жұмыс істеймін дейтіндерге шектеу жоқ. Айта кетейік, орталықты уақытша қоныс еткен аналардың кейбірі күйеулерімен қайта қосылған. Тіпті осы жерде жатып өмірлік серігін жоғалтқандар да жоқ емес. Орталық ашылғалы бері 7 ана өз бақытын тауыпты. Айта кетейік, бүгінде еліміздегі 17 қалада 26 «Аналар үйі» бар. Онда 800-ден астам жақынынан қолдау таппаған ана тұрып жатыр. Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.Дереккөз: NUR.KZ
http://www.nur.kz/kk/1016840-oqo-da-zhukti-kezinde-zhigiti-tastap-ket.html