Қазіргі уақыттағы ең табысты әнші Қайрат Нұртас қанша табады? Ал бір бейнебаянын 30 мың АҚШ долларына түсіретін Серік Ибрагимов кірісінің басым бөлігін қайдан алады? Керісінше, әнші Айқын Төлепбергенов тапқан қаржысын еш айтқысы келмейді. Кімнен, нені жасырады? Бұл сұрақтардың жауабын 31 арна іздеді.
Өткен жылдың ең қалталы әншілерінің тізімін «Форбс» журналы мен «Муззон» телеарнасы бірігіп жариялады. Дегенмен, жылдың соңында болған дағдарыстың салқыны отандық жұлдыздардың табысына да әсер етпей қоймағаны анық. Кірістері бірден 50 пайызға қысқарған көрінеді.
Қайрат Нұртастың табысы
Еңбекқор әрі елдің сүйікті әншісі Қайрат Нұртас бірнеше жыл бойы ең табысты әншілердің қатарынан түспей келеді. Оның қой жылында тапқаны 2,5 млн долларды құраған. Оған дейінгі жылы да тура сондай ақша тапқан еді.
Әншіге табысының жартысы гастрольдік сапарлар мен Халық әртісі Мақпал Жүнісовамен өткізген кешінен түскен. Оған қоса киім-кешек сататын дүкені де пайда әкелген.
Салық департаменті мамандарының пікірінше, бүгінгі таңда Алматы қаласында 160-тан астам өнер иесі бар. Олардың тек 41-і салықтан жалтармайды екен. Қалталылар тізіміндегі жұлдыздардың басым бөлігі жеке кәсіпкерлікті куәландыратын құжаттары бар болып шықты.
“41 салық төлеушінің 2014 жылдағы жалпы табысы 237 млн теңгені құраған. Ал 2015 жылдың жарты жылдығында 99 млн теңгені құрады”, – дейді Алматы қаласы бойынша мемелекеттік кірістер департаментінің қызметкері Еділ Серікұлы.
Баян Есентаеваның табысы
«Кешью» мен «Лашын» тобына продюсерлік ететін Баян Есентаева қалталы өнер иелерінің екінші сатысына жайғасқан. Оның жылдық кірісі – 1 млн доллар.
Продюсер тек бір ғана «Кешью» тобынан жылына 500 мың доллар табыс табады екен. Өткен жылы телехикая түсіріп қаржысын еселеді.
Бүркіт пен Аишаның табысы
Бүркіт пен Аиша да дәл осындай қаржыны қалталарына басты. Екі бірдей бейнебаян түсіріп, «Хайат» атты топтың продюсері атанды.
Асхат Тарғыновтың табысы
Қой жылы әнші Асхат Тарғыновтың жолы болды. Бір ғана әні “Мария Магдаленасы” әншіге 960 мың долларды қалтасына басуға септігін тигізді. Әнін көбінесе телефон пайдаланушылар қолданған. Кірісінің жартысын осы қызметтен тапса, қалған бөлігін той-томалақтан түсірген.
Айқын Төлепбергеновтің табысы
Айқын Төлепбергенов көп жұмыс жасаған. Елімізде ғана емес, Қытайдың өзінде он екі концерт беріп қайтқан. Рейтинг бойынша әншінің жылдық кірісі – 600 мың АҚШ долларын құрайды.
Қалтаңызда қанша ақшаңыз бар деген сауалымыздан Айқын оңай құтылып кетті.
“Негізі мен бай адаммын. Бірақ байлық деген ақша емес. Байлық деген әке шешең қасында, бала шағаң қасында, достарың аман есен, еліміз құдай сақтасын, неше түрлі кикілжің жағдайлар болып жатыр, соның өзін де жақсы”, – дейді әнші.
Жылына қомақты қаржы тауып жүрген әнші мемлекетке тиісті салығын уақытында төлеп тұрады екен.
Әнші Айқын Төлепбергенов те ай сайын болмаса да, салық төлеп тұратынын, өзінің ИП-сы бар, содан өткен ақшадан салық төлеп тұратынын айтты.
Серік Ибрагимотің табысы
Ал сахнада небәрі үш жыл өнер көрсеткен жас әнші Серік Ибрагимов шоу-бизнестен аз ақша қаратпаған. Бір жылда 300 мың доллар.
Дегенмен, әнші бұл қаржыны жалғыз өзі таппаған. Продюсері мен көмекшісінің де еңбегі барын айтады. Ал “кірісінің басым бөлігін қайдан табады?” деген сұраққа әнші: “Қазағымызда той бітпесін, тойдан, жақсылықтан” деп жауап берді.
Мақпал Исабекова мен Әли Оқаповтың табысы
Серіктен Мақпал Исабекова мен Әли Оқапов та қалыс қалмапты. Олардың жылдық табысы 300 мың доллар. Мақпал бар табысын актерлік қызметінен тапқан.
Актриса ретінде «Қамау» фильмінде басты рөлде ойнаған әнші кейін телехикаяға түсіп, бірнеше киноларды дыбыстаған. Ал әнші Әли Оқапов алғаш рет режиссер ретінде бағын сынап көрген.