Мемлекеттік қызметкерлерге тойда ішімдік ішуге тыйым салынды
2016 ж. 16 қаңтар
9035
2
1 қаңтардан бастап ел мемлекеттік қызметкерлердің этика кодексі өзгерді. Енді ол Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің ар-намыс кодексі деп аталады және мемлекеттік қызметтегілер үшін қызметтік этика ережелерін белгілейді. Әсіресе, жұмысын жаңа бастап жатқан азаматтарға пайдалы болмақ екен: қызметке кірер кезде әр қызметкер қатаң тестілеуден бөлек, үш күн ішінде этика кодексімен танысып, соған қол қойып, ондағы ереже-заңдарды қызметтегі өмірі барысында қатаң ұстануы тиіс. «Открытая Азия онлайн» жаңарған құжаттың ерекшеліктерімен танысты.
Дереккөз: theopenasia.net Кодекстің жаңа редакциясы бұрынғысынан аса ерекшеленбейді. Мемлекеттік қызметкерлер бұрынғыдай сыпайы болуы, өзінің лауазымдық артықшылықтарын алға тартпайтын және жеке басына қолданбайтын адал болуы тиіс. Тұрған тұрысымен-ақ шенеунік мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға атсалысып, баршаға ортақ қабылданған іскери стильге сай өзін ресим түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болуы керек. Құжатта заң шығарушылар мемлекеттік қызметкерлердің қызметте жүрген кезде және қызметтен тыс уақытта өзін-өзі қалай ұстап, қалай жүріп-тұру керек екенінің стандарттарын нақты белгілеген. Мысалы, жұмыста шенеуніктер сыбайлас жемқорлықтың қандай болсын түрінің алдын алып, тіпті аты аталуына жол бермеуі, қоластындағыларды кемсітпей, салқынқандылық, әділдік, адалдық, тұлғаның ары мен намысына құрметпен қарау үлгісін танытуы тиіс. Мемлекеттік қызметкердің жеке өміріне де біраз шектеулер қойылды. Ендігі жерде ол қоғамдық орындарда ішімдік ішіп мас бола алмайды, ал достары мен бөгде адамдарды балағаттап жіберуден тіпті құдай сақтасын. Сәйкес тармақта солай деп жазылған да: мемлекеттік қызметкерлер қоғамда қабылданған ар-намыс нормаларын қатаң ұстануы, қоғамға жат мінез-құлық танытпауы, оның ішінде қоғамдық орындарда мас күйде адамның ар-намысы мен қоғамдық әдептілікке нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге көрінген жерде лауазымдық куәлігін алға тартуға, қоғамдағы ар-ұждан нормаларын, тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін бұзуға, өзге азаматтарды заңға қайшы, қоғамға жат әрекеттер жасауға итермелеуге тыйым салынады. Тағы бір жаңалық бар. Ар-намыс кодексімен бірге Этика жөніндегі өкілетті тұлға туралы ереже күшіне енді. Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік органдарында мұндай қызмет болмаған. Енді осындай штат бірлігі барлық ұйымдарда болады. Ол қызметті атқаратын адам ұжымда ар-намыс кодексінің қатаң сақталуын қадағалап қана қоймайды, сонымен қатар әріптестерінің құқықтарын да қорғайды. Мысалы, этика жөніндегі өкілетті тұлғаға бастығыңыздың шектен тыс қатал екенін айтып шағымдануға, жұмысқа деген қатынасыңыз қандай екенін бүкпесіз ашық айтып беруге болады. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінде арнайы брифинг өтіп, онда журналистерге күшіне енген өзгерістер туралы толық есеп берілді. Вице-министр Айгүл Шаимова мемлекеттік органдарда ауқымды сауалнама жүргізілетінін айтты. Сол сауалнаманың нәтижелері қызмет ахуалын жақсартып, барлық деңгейлердегі мемлекеттік қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыруы тиіс екен. Айта кетерлігі, этика жөніндегі өкілетті тұлға етіп кім болса сол сайланбайды. Ережеде бұл аса жауапты қызметті «ұжымда абыройы асып, құрметке ие болған адам» ғана атқара алады делінген. Авторы — Евгений Дробязко. szh.kz