Дариға НАЗАРБАЕВА: «АУЫЛДАРҒА БАРЫП ЖӘРДЕМ АҚША ЖИНАЙМЫН БА, БІЛМЕЙМІН…»
2010 ж. 22 қараша
2285
0
Бейсенбі күні Алматыда Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының 50 жылдығы құрметіне орай елдегі онкологиялық ауруларға қатысты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Қазақстанның Тұңғыш президенті қорын басқаратын Дариға Назарбаева да қатысты. Ол бұл жиында 2008 жылы өзі құрған «Асар-береке» қорының жұмысымен таныстырды.
Басқосуда Дариға Назарбаева «Асар-береке» қорының онкологтармен біріге жұмыс істеп келе жатқанын айтып, қазіргі заманғы медицина қол жеткізген игіліктерді енді шалғай ауыл тұрғындары да пайдалана алатынын жеткізді. Оның айтуынша, қор осы мақсатта арнайы медициналық құрылғылармен жабдықталған арнайы көлік – жылжымалы медициналық орталық сатып алып, бір жылдың ішінде республикадағы мыңдаған елді мекенді аралап, азаматтарды диагностикадан өткізген екен.
Қор басшысы елде қалталы азаматтардың көптігін меңзеп, сөз арасында оларды да осындай орталық сатып алуға шақырды.
Тілшілерімен болған тілдесуде ол мұндай медициналық орталықтың әрбір аудан, ауылда болғанын армандайтынын да айтты. Бұл мақсатта тіпті ауылға барып концерт өткізуі мүмкін екенін де жеткізді. Дариға Назарбаева сөз арасында:
– Енді ауылдарға барып концерт берем бе, білмеймін. Сөйтіп, жәрдем ақша жинаймын ба... – деп жымиды.